Нысана көздейтіндерге қамқорлық керек
Бұл күні алтынның ауылы қай жерде екенін түсінген журналистердің басым бөлігі «Fuyang Yinhu» спорт орталығына жиналды. Аталған жерде әлем чемпионы Зухра Ирназарова, оның командаластары, аралас жұпта әлем біріншілігі мен Әлем кубогінде жүлде алып жүрген Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай сынға түсті.
Алдымен тапаншамен 10 метрге жылжымалы нысананы көздеуде Зухра Ирназарова қарсыластарының мықтылығына қарамастан, жарысты өте сенімді бастады. Нәтижесінде, солтүстіккореялық қос спортшыдан оқ бойы озып, Азия ойындарының екінші алтынын Қазақстан қоржынына салды. Ал бұл жарыста бақ сынаған отандастарымыз Фатима Ирназарова 6-орынды иеленсе, Александра Сәдуақасова 7-орынға жайғасты.
Дәл осы жылжымалы нысана көздеуден топтық жарыста әпкелі-сіңлілі Зухра мен Фатима Ирназаровалар және Александра Сәдуақасова бастаған Қазақстан қыздар құрамасы күміс жүлдені еншіледі (Зухра Ирназаровамен болған сұхбатымызды келесі нөмірде жариялаймыз. – Автор).
Сонымен қатар бейсенбі күні стенд атуда (Skid-міх) Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай Қазақстан қоржынына үшінші алтын медаль қосты. Аталған бәсекеде алғашында 8 құрама бақ сынады. Онда жерлестеріміз бірінші орынмен іріктеуден сүрінбей өтті. Екінші кезеңде 6 құрама финалдық жолдаманы сарапқа салды. Бұл сында отандастарымыз екінші орынға тұрақтап, алтын медаль алу мүмкіндігіне ие болды. Ал шешуші кезеңде Кувейт мергендерімен өзара жеңімпазды анықтауға кірісті. Екі құрамаға да алтын ауадай қажет еді. Себебі кувейттіктердің қоржынында бұған дейін 1 алтын, 1 қола медаль болса, ал бізде 2 алтын, 3 күміс және 13 қола бар-тұғын. Намысқа тырысқан жерлестеріміз бас-аяғы жарты сағаттың ішінде қарсыластарынан 5 ұпайға асып, Азиаданың чемпионы атанды.
Осы жеңістен кейін арнайы сұхбат берген Әсем Орынбай бұл жеңісті кешеден бері уайымдап жүрген ата-анасына арнайтынын жеткізді.
«Біздің командамыз әлемде мықты саналады. Себебі осыған дейін әлем кубогі кезеңдерінде топ жарып, әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алғанбыз. Эдуард екеуміз бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Алматы облысында бірге жаттығамыз. Финал оңай болған жоқ. Кувейттік қарсыластарымыз өте мықты, Олимпиада жүлдегерлері», деді Әсем.
Сондай-ақ спортшы Ханчжоудағы ауа райының ату барысына қалай әсер еткеніне тоқталды.
«Бүгінгідей самал жел атуға еш әсерін тигізбейді. Қатты жел тұрып, жаңбыр жауса, қиналатынымыз анық. Мұндағы ыстық әрі ылғалды климат маған кәдімгідей әсер етті. Қатты терледім. Десе де, бәрі сәтті аяқталды. Қарсыластарымыз екінші айналымда қатені көп жіберді. Содан-ақ алтын жүлде қол созым жерде екенін түсіндім», дейді ол.
Шыны керек, 1900 жылы пайда болған стенд ату Қазақстанда кенже дамығанын аңғару қиын емес. Қазақтар әдетте баласын футбол, күрес, бокс секілді спорт түрлеріне беріп жатады. Ол да жөн. Алайда нысана көздеу спортында бір емес, бірнеше медаль жеңіп алу мүмкіндігі бар. Осы Азия ойындарында 20 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатыр. Бұл дегеніңіз – жеңіл атлетикадан кейінгі ең көп медаль үлестіретін спорт түрі. Оның үстіне, мұнда жасқа қарамайды. Бұдан бұрын жазғанымыздай, Ольга Панарина 53 жасында Азия ойындарының чемпионы атанып отыр. Күміс жүлдегер атанған кувейттік спортшының жасы 60-та. Сондықтан да осы спорт түрін Қазақстандағы әр қалада дамыту керек деген ой келді. Әйтпесе, құрамада Әсем Орынбайдан басқа бірде-бір қазақ спортшысы жоқ.
Алтын – арман, қола – қолда
Бұл күні ойындарда алтыннан үміткер спортшылар тек қола медальмен ғана шектелді. Қола жүлдені жеңіп алғандардың қатарында семсерлесуге қатысқан отандық спортшылар да бар.
Бұл спорт түрінен ерлер командасы жартылай финалда Азия чемпиондары Оңтүстік Корея құрамасына есе жіберді. Кездесу 41:45 есебімен аяқталды. Семсерлесуден ел намысын Мұхамедәли Рахманали, Саттархан Назарбай, Артем Саркисян мен Жанат Нәбиев қорғады. Іріктеу кезеңінде отандық спортшылар Непал құрамасы (45:15) мен Кувейт командасын (45:43) жеңген еді.
Жағажай волейболынан ел намысын қорғаған спортшылар Сергей Богату мен Дмитрий Яколев Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды. Аралас жұптық сайыста спортшыларымыз ирандық қарсыластарын жеңді. Кездесу 2:0 есебімен аяқталды.
Алтыннан басты үміткерлердің бірі – таэквондошыларымыз осы күні қола медальды қанағат тұтты. Ерлер арасында 80 кг-дан жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Смайыл Дүйсебай алғашқы кездесуінде Бутан елінің спортшысынан басым түссе, ширек финалда пәкістандық спортшыны жеңді – 2:0 (6:5, 9:3). Ал жартылай финалда оңтүстіккореялық Жаохианг Сонгке 0:2 есебімен жол берді.
67 кг салмақта Дениз Жансель Азия ойындарында екі жекпе-жек өткізіп, қола жүлдегер атанды. Алдымен ол ливандық таэквондошыны 2:0 (6:3, 7:0) есебімен ұтса, жартылай финалда оңтүстіккореялық спортшыға шамасы жетпеді – 1:2.
«Жоспарым орындалды дей алмаймын. Бабымда болдым, алтын аламын деп келіп едім. Енді амал жоқ, Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алуымыз керек. Соған жұмыс істейміз», деді Дениз.
Еске сала кетейік, Жансель Дениз 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған.
Бұған дейін спорттық гимнастикадан әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы болған Нариман Құрбанов Ханчжоуда небәрі үшінші орын иеленді. Ат үстіндегі жаттығулар финалында қазақстандық 15,100 ұпай ғана жинай алды. Алтын медальды қытайлық Тайпейден келген Ли Чи Кай (15,500) алса, екінші орынды жапониялық Риота Цумура (15,166) иемденді.
Әділбек Мусин жүзуден екінші медалін жеңіп алды. Азия ойындарында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзген жерлесіміз Оңтүстік Корея мен Сингапур спортшыларынан қалып қойды. Бұған дейін ол осы әдіспен 100 метрге жүзуде үздік үштікке енген болатын.
Сәкен & Хасанбай – 1:2
Кешегі кеште боксшылар үшін өте ауыр күн болды десек, қате айтпаған болар едік.
Әйелдер арасында 60 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Римма Волосенко алғашқы жекпе-жекте тайпейлік қарсыласы Ву Шигуйға есе жіберді. Тартысты өткен кездесуде төреші біздің боксшыға екі, қарсыласқа бір ескерту жасады. Сол ескертудің салдарынан жерлесіміз төрешілердің басым дауысымен қарсыласына жол берді.
Кешкі бағдарламада Азия ойындарында көпшілік күткен Сәкен Бибосынов пен өзбекстандық Хасанбай Дусматов жекпе-жегі өтті.
Ә дегеннен-ақ боксшылар бір-бірін аңдысып жатпады. Бірнеше сериялық соққы жасалды. Құлады, шалынды, сүрінді. Барлығы болды. Бірақ, біздің ойымызша, бірінші раундта өзбек боксшысына нокдаун ашылу керек еді, оған төреші көз жұма қарады. Сондай-ақ бірінші раунд аяқталғанда, барлық төреші бірауыздан өзбек боксшысына жеңісті бергенде, біз ғана емес, қасымызда отырған өзге елдің журналистері де таңданысын жасыра алмады.
Екінші, үшінші раундта екі боксшы да соққы алмасып жатты. Ойымызша, Сәкен жеңілмеді. Бірақ төрешілердің ойы басқа болды. Бұған дейін екі боксшы бір-бірімен кездескен еді. Жалпы есеп әзірге 2:1, өзбек боксшысының пайдасында.
«Өкінішке қарай, екінші кездесуімде жеңіліп қалдым. Азия ойындарында алтын алып, мақсатыма жетсем деп едім. Қателік өзімнен болды. Негізі, жақсы жұдырықтасып едім. Бірақ бірінші раундта төрешілердің барлығы қарсыласқа ұпай бергенін көрген соң, тактиканы дұрыс орындай алмадым. Жоспардың бәрі өзгеріп кетті. Енді жарыс жолында қалған боксшылардың бәріне сәттілік тілеймін. Әнұранымызды ойнатып, байрағымызды көтеріп, лицензияны көбірек алсын», деді С.Бибосынов.
71 кг салмақта сенсация орын ала жаздады. Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов өте қиын кездесуде жергілікті қытайлық спортшыны ұтты. Осы орайда боксшының жеке бапкері Ермек Ертаев кездесуді қорытындылап, мән-жайды түсіндіріп берді.
«Жекпе-жек өте ауыр өтті. Төреші екі-үш рет нокдаун болатын сәтті есепке салмады. Бұл енді – Азия ойындары. Оңай болмайды. Екінші раундты қарсыласқа 3:2 есебімен берді. Асланбек өзін қолға алып, жеңісті жұлып алды. Асланбектің бұл қарсыласын білмейміз. Ол әлем чемпионатына да, басқа жарыстарға да қатыспаған. Азия ойындарында алғаш рет көріп отырмыз. Ендігі қарсылас – өзбек боксшысы. 67 кг-да әлем чемпионы атанып, 71 кг-ға ауысқан. Барлығын шаршы алаң көрсетеді», деді Асланбектің бапкері Ермек Ертаев.
Сонымен, спортшыларымыз жарыстың бесінші күнінде тоғыз медаль еншілеп, бейресми командалық есепте құрамамызды үздік ондыққа жақындатты. Бүгін жарыс жолына алтын алады-ау деген спортшыларымыз шығады.