Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, кейінгі екі жылда жасанды жолмен 34 сәби өмірге келген. Алайда бедеулік белгісімен әлі де 1 345 отбасы есепке алынған.
«Аңсаған сәби» бағдарламасымен өмірге келген сәбидің бірі бес айдан бері ауруханада жатыр. Жақында шақалақ перинаталдық орталықтан облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Оның өмірге келген кездегі салмағы – 503 грамм, ал бойы 28 сантиметр болған. Ең жеңіл салмақтағы бұл сәби отбасының тұңғышы екен.
«Мұндай жеңіл салмақтағы сәби шала туғандар санатына алынады. Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері бес айдан бері сәбиге қарқынды ем-дом жүргізді. Осы кезге дейін оның салмағы 2 кило 500 грамға жетті. Жақында шақалақ одан әрі жүргізілетін ем-дом шараларын жалғастыру үшін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Өйткені оның өкпесі кішкентай болғандықтан, оған әлі де СРАР түтікшесіз аппаратымен оттегі беру қажет», деп хабарлады перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі.
Бұл нәрестенің ата-анасы ЭКҰ әдісіне бес рет жүгініпті. Үміт үзбеген олар биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасымен тағы да сәби сүюге бекінген.
«Отбасымыздың басты арманы – сәби сүю. Биыл жүктілік сәтті өтіп жатқан еді. Алайда денсаулығыма байланысты жүктіліктің 22-аптасында егіз сәбиді босануға тура келді. Егіздің сыңары төрт сағаттан соң шетінеді. Енді осы қызымның амандығын тілеп отырмын», дейді сәбидің анасы Анаргүл.
Өңірде туу көрсеткішінің артқаны байқалып отыр. Мәселен, былтыр Атырау облысында 11 мың 133 сәби өмірге келген. Ал биыл сегіз айда олардың саны 10 913-ке жетті.
Биыл туған балалардың дені Атырау қаласында тіркелген. Мұнайлы шаһарда 9 052 нәресте дүние есігін ашқан. Ал 1 014 сәби Жылыой ауданындағы ата-аналарын қуанышқа бөледі. Ал Құрманғазы ауданында шақалақтар қатары 324-ке көбейген. Нәрестелердің саны Мақат ауданында – 165, Индерде – 163, Қызылқоғада – 89, Махамбетте – 68, Исатай ауданында 38-ге артты.
Атырау облысы