Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Төрт жігіттің тірлігі
Астанадан шығып, 180 шақырым жол жүргеннен кейін аудан орталығындағы кәсіпорынның бас кеңсесіне ат басын тіредік. Екі қабаттан тұратын ғимараттың архитектурасы қарапайым болғанымен, орналасқан орнына қарай еңселі әрі тартымды көрінді. Іші-сырты тап-таза. Жап-жаңа жиһаздары мен қызмет бөлмелері керемет бір үйлесім тапқан. Кеңсе қызметкерлері ноутбукпен және де басқа заманауи құралдармен қамтамасыз етілген. Кеңсе қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.
«AZAM» атауы кәсіпорынға қандай мақсатпен қойылғанын және оның мәні мен мазмұнын сұрап білдік. Сөйтсек, туыстық пен татулықты қатар өрген төрт бірдей ағалы-інілі бауырдың есімдерінің бас әріптерінен құралған атау екен. Таратып айтқанда, А – Аязбек, Z – Заманбек, А – Арыстанбек, М – Мұратбек.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақ қағидасын мықтап ұстанған жігіттер бір зауыттың арқасында еліміз бойынша дәнді дақылдарды кептіруші әрі тазалаушы кешенді 100 зауытты іске қосқан. Кәсіпорында 150 кісі жұмыс істейді. Айлық жалақылары 180 мыңнан бастап, кәсібіне қарай жоғарылайды. Ауыл асып алысқа бармай-ақ, табатын бұл жалақы кім-кімді де толық қанағаттандырады. Өйткені әр жұмысшы-қызметкердің әлеуметтік жағдайы ескеріліп, мұқтаждық туған кезде көрсетілетін көмек те бар.
Жалтыр стансасында орналасқан кәсіпорынның жалпы аумағы 2 гектарға жуық болса, станоктар мен құрал-жабдықтар орын тепкен, қыста толық жылытылатын жабық аңғарлар 6 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Тапсырыс көп болғандықтан зауыт құрылғалы бері қысы-жазы тынымсыз жұмыс істейді. Сұраныс артып, шамадан тыс тапсырыс түскенде екі ауысыммен жұмыс атқаратын кездері де болады. Дән кептіргіш және тазалаушы зауыттарды жасап шығару үшін темір шикізаттарын Қарағанды қаласынан алады. Ал оларды кесіп-пішіп, құрастыратын станоктары мен түрлі қажет жабдықтарын негізінен Қытай елінен жеткізеді. Ол үшін көрші елге арнайы барып, станокты, әбден тексеріп, сынақтан өткеріп барып қана таңдаулыларын алып келеді.
Кәсіпорынның жұмысымен Бақылаушы бөлімінің бастығы Арғын Садауов таныстырды. Оның айтуына қарағанда, «AZAM» компаниясы астық кептіру кешендерінің құрылысы бойынша қызметтердің толық көлемін ұсынады. Өздері құрып берген кәсіпорынның қызметіне біржылдық кепілдік береді. Осы мерзім ішінде зауытта кінәрат болса, өздері түзеп, жөндейді. Сол үшін зауыт қызметкерлері тапсырыс берушілерге өздері барып, оны құратын орынды таңдайды. Сөйтіп, ол жерге зауытты қалай құрудың жоба-жоспарын жасайды. Сонда ғана зауыт сапалы жұмыс істейді.
Кәсіпорынның технологиялық әлеуеті
«Зауыт заманауи техникалармен жабдықталған. Өндірілген өнім сертификатталған және патенттелген. Үлкен форматты лазерлік кесу станоктары жұмыс істеп тұр. Олардың кесу дәлдігі – 0,01 мм. Ұзын пластиналарды майыстырып иетін машиналар бар. Тегіс металл парақтан қажетті конфигурация профилін қалыптастыратын құрылғы мен 3D лазерлік кесу машинасы зауытқа керек кез келген кесінді мен пішінді кесіп, дайындап беруге қабілетті», деді бөлім бастығы.
Зауытты құрып беруші мамандар қандай да бір кемшілік немесе ақау бола қалса, тәуліктің кез келген уақытында жедел жетіп, тез арада кемшілікті жоюға дайын. «Қажетті мамандарымыз тәулік бойы қызмет көрсетеді:
- ақауларды жою бойынша ұтымды ұсыныстар;
- қосалқы бөлшектер мен материалдарын таңдауға көмектесу;
- кез келген ақаулықты жою;
- қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын қысқамерзімде жүргізе алады», деді Арғын Еренғайыпұлы.
Компания 2019 жылы «Үздік өнеркәсіптік кәсіпорын» аталымы бойынша «Алтын сапа» Президент сыйлығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды. Өйткені сертификатты және патентті Қазақстан мен Ресейден қатар алған еді. Кәсіпорын директоры Аязбек Мусиннің өз қолымен жасаған дәндерді нормада кептіруші технологиясы еуростандартқа толық жауап береді. Ылғалданып келген дәнді кептіру үдерісінде өнім сапасы сол күйінде дерлік сақталады. Оған қазір Батыс елдерінің өзі кепілдік беріп отыр.
«AZAM зауытының элеваторлары дәлелденген материалдар мен компоненттерден жасалған және мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келеді. Мәселен, қыста жоғары көтеруші белдіктің шығып кетуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ белдіктің түзу қозғалысын тұрақтандыру үшін біз барабан төсеніштерін қолданамыз. Белдіктің ені шелектердің өлшемдерінен 2,5-5 см үлкен және барабандардың енінен 2,5-5 см аз. Белбеу дұрыс емес болған жағдайда, шелектер қабырғалармен соқтығыспайды және қысылмайды», деді директордың орынбасары Ануарбек Томков.
Компания директоры орынбасарының айтуынша, «АZАМ» зауыты астықты жинап алғаннан кейін өңдеуге арналған жоғары сапалы жабдықты, соның ішінде көлік техникасын шығарады. Жабдықтарды кәсіби таңдау, тәжірибеге негізделген технологиялық схемаларды құру және тапсырыс беруші үшін қолданыстағы желіге тиімді қосылудың дұрыс жолын ұсынады. Сөйтіп, өндірістен іске қосу мен қызмет көрсетуге дейінгі қызметтердің толық спектрін көрсетеді.
«АZАМ» элеватор жабдығы зауыты жоғары сапалы гравитациялық-ағынды жабдық шығарады. Оны «OPTIM MUS» астық кептіру кешендерінде астық ағынының жолдарын төсеу кезінде, сондай-ақ «кілтке» тапсырылатын элеваторлар құрылысында қолданады.
Компания құрған зауыттардың қуаттылығы тәулігіне 800-1000 тонна шахталы астық кептіргіш. Олардың биіктігі – 25 м, ұзындығы – 16 м, ені – 10 м. Онда бидай, арпа, қара бидай, сұлы, жүгері, күнбағыс, соя, бұршақ, рапс, тары, қарақұмық, күріш, жасымық, зығыр, құмай, мақсары және басқа да азықтық дақылдар, сондай-ақ азық-түлікті жұмсақ және тиімді кептіруге арналған.
«Дәннен 150 мм ылғалдылықты кедергісіз алу үшін біліктердегі астық қабатының оңтайлы қалыңдығы және дән үздіксіз қозғалатын қабатта біркелкі араласады. Жұмсақ кептіру режімінің арқасында, дәннің ақуыз, көмірсу және липидті кешендеріне бағытталған жылу әсерінің жылдамдығы мен ұзақтығы көрсетілген параметрлеріне дәл сәйкес келеді. Біз оған кепілдік береміз: дәннің жоғары сапасы, өнгіштігінің жақсаруы, тұқымның тұрақты өміршеңдігі, жоғары сапалы қамырлылық, майлы дақылдардағы жоғары май мөлшері, дәннің пісіру қасиеттерінің жақсаруы. Кептіру үдерісінде біз дәрумендер мен дәннің тұтастығын сақтаймыз», деді А.Томков.
Маманның сөзінше, компоненттер мен қосалқы бөлшектерді зауыт қоймаларынан әрқашан табуға болады. «Зауытымыздың қоймаларында 3000-нан аса жинақтауыш және қосалқы бөлшектер жинақталған», деді ол.
Зауыттың техникалық жарақтандырылуы егін жинау кезеңінде астық кептіретін және тазартатын қондырғылардың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді екен.
Кешенді зауыттың жұмыс ырғағы
Кәсіпорынның озық бір үлгісі саналатын тағы бір өндіріс орнын Астраханға көрші аудан Бұландыға қарасты Журавлевка елді мекенінде орын тепкен екен. Табиғаты мен келбетіне көз тоймайтын ауылдың зауыт орналасқан бидай қырманында болдық. Онда зауытпен қатар кептірілген дән дақылдары сақталатын жабық қоймалары да бар. «Осы кезде қырманда 3 000 тоннадан аса бидай дәні бар. Жалпы, бір жылда 30-35 мың тонна түрлі дәнді дақылды жинап, кептіріп аламыз. Биыл ол меженің көкжиегі алыс болып тұр. Себебі жаз бойы аспаннан бір тамшы жауын тамбай, егістіктердің кенезесін кептіріп-ақ тастады. Сондықтан өнімділік гектарына орташа есеппен 11-12 центнерден ғана айналып жатыр. Негізі бізде гектарынан 25-30 центнерден айналғанда ғана орташа болып саналатын еді. Биыл көңілдің жабырқап тұрғаны да содан», деді қырман меңгерушісі Александр Кавбаса.
Ол кешенді кептіруші зауытты жасап, қондырып берушілерге деген ризашылығы мен жылы ықыласын жеткізді. «Кеңес одағынан қалып, кетеуі кеткен кептіруші элеваторымыз түкке алғысыз болып қалғалы қай заман. Жан қысылып жүргенде дәл қасымыздан, яғни көрші Астраханнан «АZАМ» зауыт құрастырушы компаниясының шыққаны қандай жақсы болғанын білсеңіздер. Кез келген дәнді қалаған қалпыңда кептіріп беретін бұл зауыт ТМД елдері ғана емес, Батыстағы озат елдерде де жоқ. Өйткені ол жақта барлығы дерлік шағын шаруашылықтар болғандықтан кешенді дән кептіруші зауыттары да «АZАМ»-дай үлкен емес. Сондықтан «АZАМ»-ды көрген Ресей мен Түркия, одан әрідегі Еуропа елдерінің шаруа қожалықтары бұл зауыттың технологиясы мен өнім сапасына шын тәнті», деді қырман меңгеруші.
«Биылғы егінді қабылдау барысында жалпы сақтау сыйымдылығы 303 мың тоннаны құрайтын лицензиясы бар 3 бірдей астық қабылдау кәсіпорны 100 пайыз жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылшаруашылық бөлімшелерінде сыйымдылығы 165 мың тоннаға жуық 101 астық сақтау қоймасы бар. Ауданда 18 астық кептіргіштері толыққанды жұмыс істеп тұр. Егін жинау жұмыстарында барлық астық кептіргіштер пайдаланылады. Бұл орташа тәуліктік өнімділігі 3 260 тоннаға дейін астықты кептіруді қамтамасыз етеді», деді Бұланды ауданы әкімінің көмекшісі-баспасөз хатшысы Айнұр Қалиева.
Көрші аудан әкімінің көмекшісі де биылғы ауыр жүріп жатқан күзгі жиын-терім науқанында шылқыған суға малынған дән дақылдарын кептіруде «АZАМ» зауыттары егіншілерге үлкен көмек болып жатқанын айтып, азамдықтарға деген алғысын аямады. Ал біз күн ұясына қонған тұста Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған тамаша баспасөз-турымызды тәмамдап, Астанаға бет алдық.
Жол-жөнекей еліміздің өнертапқыштары туралы ойлап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қорғап-қолдауға міндетті» деген сөзін еске алдық.
Астана – Астрахан – ЖАЛТЫР –
ЖуравлЕвка – Астана