Саясат • 02 Қазан, 2023

Билік пен қоғамның инклюзивті диалогі

262 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Tengrinews.kz» порталына елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар жайында сұхбат беріп, өз ойын ортаға салды.

Билік пен қоғамның инклюзивті диалогі

Мемлекеттік кеңесші бұған дейін саяси реформаларға қа­тысты әңгіме барысында ел да­муындағы «алдымен экономика, содан соң саясат» деген ұстанымына қатысты қойылған сұраққа жауап бере келе: «Саясат бірінші кезекке шықты» деп айту дұрыс емес. Мемлекет басшысы әуел бастан барлық саланы жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Әрине, ең алдымен, саясат бірден көзге көрінеді. Өйткені бір жыл ішінде референдум өтті, одан кейін Президент және Парламент сайлаулары болды. Дегенмен экономикада, әлеуметтік салада және басқа да салаларда ауқымды жұмыстар қатар атқарылып жатыр. Саяси реформаларға келсек, мұнда өте мазмұнды және жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бастапқы кезде саяси реформалардың төрт топ­та­масы аясында 20-дан аса заң қабыл­данып, демо­кратиялық үдерістің тың қарқын­мен дамуына жол ашылды. Содан кейін Президенттің наурыздағы Жолдауында саяси жаңғырудың ауқым­ды бағдарламасы ұсыныл­ды. Оның негізгі ережелері конс­титуциялық рефор­маға арқау болды» дейді.

Сондай-ақ Ерлан Қарин саясат, экономика және идеология саласындағы реформалардың қатар жүруі туралы ойын білді­ріп, «Саяси жүйені жаңғырту аяқталды ма әлде тағы да өзгеріс­тер бола ма?» деген сауалға жауап берді. «Жария етілген негіз­гі стратегиялық бастамалар табысты іске асты. Ең бас­тысы – биліктің негізгі институттары жаңғыртылды. Бірақ жекелеген бағыттар бойынша жұмыс жалғасып келеді. Реформа тек реформа жүргізу үшін ғана жасалмайды. Мақсатымыз – бұл емес. Ең алдымен, жүйенің өзі тиімді болуға тиіс. Мәселен, кейбір сарапшылар «Егер әкімдерді жаппай сайласақ, барлық мәселе бірден шешіледі», деп тым қарабайыр тұжырым жасайды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастар, әлеуметтік-мемлекеттік бағдар­ламаларды іске асыру сияқты көптеген факторды ескермейді. Түрлі тәуекелдер бар екенін де есепке алмайды. Сол үшін сайлауды біртіндеп енгізу қажет деген байлам жасалды», деді Мемлекеттік кеңесші.

Сұхбатта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасы туралы да айтылды. «Бұл тұжырымдама диалог пен келісім арқылы билік пен қо­ғам арасындағы қарым-қаты­настың жаңа үлгісін қалыптас­тырды деуге болады. Осы қағидалар Президент ұсынған реформалардың да өзегін құрады» деген Мемлекеттік кеңесші: «Президент бастапқыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі арқылы, ал қазір барлық өңір мен саланың өкілдерін қамтыған Ұлттық құрылтай арқылы жұртшылықпен диалог­ке тікелей атсалысып отыр. Бұл тұр­ғыда, Ұлттық құрылтай ерекше диалог алаңына айналды», деп ой қорытады.

Мұнан кейін Мемлекеттік кеңесші «Президент ұсынған реформалардың және жалпы мемлекеттік саясаттың бас­ты идеясы – билік пен қоғамның инклюзивті диалогі арқылы елге пайдасы тиетін тың өзгерістер жасау» дегенді айта келе, «Қазір жұрт арасында түрлі псевдоидео­логия насихатталып, қоғамға жалған мақсаттар ұсыну сияқты әрекеттердің көбейгені байқалып жүр. Түрлі авантюристер күмәнді, тіпті псевдоғылыми немесе мис­тикалық идея­лар ұсынады. Сол үшін тұтас ұйымдар, сектанттық қозғалыстар құрылып жатыр. Рухани даму идеясын жамыл­ғандар аңқау азаматтардың есебі­нен ақша та­уып жүр. Тіпті кейбіреулері мемлекеттің міндетін атқарғандай болып, өз бетінше түрлі марапат таратып келеді. Жалған атақтарды сатуға шығарып, бизнес жасап алған. Тағы бір мәселе бар. Кейбір өңірлерде даңғой бизнесмендер жекеменшіктегі аумақтарға көркемдік құндылығы жоқ ескерткіштер мен монументтер қоя бастады. Ономастика мәселесінде де түйткіл көп. Несін жасырамыз, бір кездері көшелерге, мектептерге, басқа да нысандарға біреудің туысқаны деп көпшілікке белгісіз адамдардың атын берген кездер болған. Осының бәрі халықтың ашу-ызасын тудырады. Сондықтан біз нақты ереже жасап, оның бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуіміз керек» деп қоғамдық пікірге қозғау салады.

Сондай-ақ Ерлан Қарин мемлекеттік саясаттың мақсаты – белгілі бір нәрсеге тыйым салу емес, керісінше, әлеуметтік үдерістерді ретке келтіру, қоғамның жікке бөлінуіне жол бермеу екендігіне, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Мемлекеттік кеңесші идеоло­гиялық жұмыс барысында бағдар етіп ұстанатын бірнеше бағытты атады.

«Біріншіден, басты міндет – қоғамды жұмылдыру. Бірлік, ынтымақ, келісім – қоғамның тұтастығын қамтамасыз ететін құндылықтар. Жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі мақсаты – осы. Бұл бізде ғана емес, басқа елдерде де солай. Сон­­дық­тан тұтастығымызды бұзуға, қоғам­ға іріткі салуға бағытталған әрекет­тің бәріне қатаң тосқауыл қойыла­ды. Екіншіден, біз нақты біреуге неме­се бір нәрсеге қарсы емеспіз, керісін­ше, қоғамның игілігі үшін күш жұмыл­дырамыз. Біздің алдымызда жасампаз­дыққа негізделген мақсат-міндеттер тұр. Жасампаздық дегеніміз – қолда бар игілікті еселеу, өсіп-өркендеу. Бұл – бола­шаққа бағытталған реформаның және жаңғырудың да өзегі. Сондықтан қоғам­ға ірікті салатын әрекеттерге ғана емес, тіпті агрессивті, қақтығыс тудыратын риторикаға да жол берілмейді.

Үшіншіден, жасампаздық жолымен жүру үшін қоғамның құндылықтар жүйесін қайта құру қажет. Басқа сөзбен айтқанда, егер біз табысты, дамыған ел боламыз десек, қоғамда еңбекқорлық, кәсіпқойлық, білімпаздық, тілектестік, жауапкершілік сияқты қасиеттер барынша дәріптелуі керек. Мемлекет басшысы айтқан қоғамның жаңа этикасы дәл осы құндылықтарға негізделуге тиіс» дейді сұхбатта Ерлан Қарин.

Өз ойын қорытындылаған Мемлекет­тік кеңесші қоғамда қалыптасуға тиіс жаңа құндылық­тар қағидасына да тоқ­тал­ды. «Қоғам орынсыз теріске шы­ға­ру, мәдениетсіздік, тәрбиесіздік, дау­кестік, масылдық сияқты жағымсыз әдеттерден әбден қажыды. Сондықтан мұнымен түбегейлі айналысатын кез келді. Біз жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру үшін көп жұмыс істеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Нәтиже бірден болмайтыны түсінікті, өйткені, бұл – өте ұзақ жүретін үдеріс. Бірақ бұл – аса маңызды әрі керек жұмыс. Оған дереу кірісуіміз қажет» дейді Ерлан Қарин.

 

Дайындаған –

Қалмаханбет Мұқаметқали,

«Egemen Qazaqstan»