Әлем • 01 Қазан, 2023

Пиреней түбегіндегі саяси дағдарыс

124 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Испания Парламенті үкімет басшысын тағы да анықтай алған жоқ. Депутаттар биылғы сайлауда жеңіске жеткен «Халық партиясының» өкілі Альберто Нуньеса Фейхооның кандидатурасын мақұлдамады. Енді ел монархы VI Филипп премьер-министр міндетін атқарушы Педро Санческе үкіметті жасақтауды тапсыруы мүмкін.

Пиреней түбегіндегі саяси дағдарыс

Парламент осымен екінші рет по­пулис­тік партияның басшысы А.Фейхо­оның кандидатурасын қа­был­­дамады. Бұған дейін сәрсенбі күні дауыс беру рәсімі өткен. Жаңа премьер-министрді тағайындау үшін 350 депутаттың 176-сы қолдап дауыс бе­руі қажет. Алайда оған 178 депутат қарсы шықты. Осылайша, алғашқы раундта А.Фейхоо діттеген мақсатына жете алған жоқ.

Жұма күні тағы бір мәрте сайлау өткен. Бұл жолы да парламент мүшелері пікірінен айныған жоқ. Үміткерге небәрі 172 саясаткер қолдау білдірсе, 177-сі қарсы шыққан. Қалған бір дауыс­ты каталониялық депутат қателесіп берген екен. Сондықтан бірден одан бас тартып, нәтижесінде оның пікірі есепке алынған жоқ.

А.Фейхооның премьер-министр болу өтінішін парламент түбегейлі қабылдамағаны белгілі. Сондықтан Испания королі VI Филипп енді саяси көшбасшыларды Зарсуэла сарайына шақырып, премьер-министрді тағайындау мәселесін күн тәртібіне қояды. Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі таңда басты үміткер премьер-министр міндетін атқарушы және Социалистік партияның жетекшісі Педро Санчес екені анық. Өйткені ол басты бәсекелесі асыққан кезде әліптің артын бақты. Енді іске кірісетін сәт келіп тұр.

Педро Санчес үкімет басшысы қызметіне қайта тағайындалу үшін парламентте көпшіліктің қолдауын иеленуі қажет. Демек, ол Карлес Пучдемон пар­тиясының қолдауына сүйенеді. Өздеріңізге мәлім, Каталонияның бұ­рынғы президенті К.Пучдемон 2017 жылғы егемендік алу жөніндегі референдумнен кейін қудалауға ұшыраған еді. Сарапшылардың пайымдауынша, Социалистік партияның көшбасшы П.Санчес Каталонияның 2017 жылғы тәуелсіздік жөніндегі референдумнан кейін қудалауға ұшыраған саясаткерлерге рақымшылық жасауды уәде етуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, Каталония тәуелсіздікке бірнеше рет талпыныс жасаған. Мәселен, 2014 жылы аймақта тәуелсіздік алу жөнінде халықтық референдум өтті. Онда электораттың басым бөлігі Испаниядан бөлінуге дауыс берді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» жөн көрді ме, бір жылдан кейін тағы бір мәрте референдум ұйымдастырылып, қатысушылардың көбі егемендікті жариялауға келісімін берді. Мәселе 2017 жылы ушықты. Өңірде жалпы халықтық референдум өтіп, дауыс бергендердің 90 пайызы азаттық алуды қолдады. Референдумға 5,3 млн электораттың 42,3 пайызы қатысып, 2,26 млн каталониялық тәуел­сіз­дікті жақтап шықты. Сол кездегі Каталония президенті Карлес Пучдемон елдің егемендігін жариялаған. Бірақ Испания бұл шешімге қарсы келіп, референдум ұйымдастырғандарды қудалады. Кейін референдум ұйым­дастырушылардың біразы ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартыл­ды. Енді Социалистік партия солар­ға рақымшылық жасау арқылы каталон­дардың көңілін табуға тырысады.

Дегенмен мәселе мұнымен біте қалады дегенге сену қиын. Каталониялық басқа партиялар П.Санчестің сөзіне күмәнмен қарайды. Сондықтан Социа­листік партия басшысының нақты уәде бергенін талап етіп отыр. Алда-жалда тараптар келісе алмаса, сөйтіп алдағы отырыстарда П.Санчестің кандидатурасын депутаттар көпшілік дауыспен мақұлдамаса, онда парламент таратылады. Сөйтіп, келесі сайлау 2024 жылғы 14 қаңтарда өтеді.

Биыл шілдеде Испанияда жалпы парламент сайлауы өтті. Онда халық Конгресс пен Сенат депутаттарын сай­ла­­ды. Айта кетерлігі, Пиреней тү­бегін­дегі елде Сенатқа қарағанда Конгрес­тің құзыреті кең. Олар премьер-ми­нистрді тағайындайды, Сенат мақұл­дамаған заңды көпшілік дауыспен қабылдауға құқылы. Сол себепті төменгі палатаның сайлауы әрдайым бәсекеге толы.

Бұл жолы да саяси дода тартысты болды. Күтпеген жерден Альберто Нуньеса Фейхоо бастаған «Халық пар­тиясы» жеңіске жетіп, жалпы 137 ман­дат иеленді. Испания социалист жұмысшылар партиясы 31,68 пайыз қолдау иеленіп, 121 депутатын ғана Конгреске өткізе алды.