Тағзым • 02 Қазан, 2023

«Жігіттің сұлтаны еді Әбдіғапар»

330 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арқалық қаласының жанындағы Жаңақала ауылы енді ресми түрде 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі Әбдіғапар Жанбосынұлының есімімен аталады. Осыған орай тұғырлы тұлғаның есімін ұлықтаған мәдени іс-шара өтті.

«Жігіттің сұлтаны еді Әбдіғапар»

Торғайлық ақын, дін қайраткері Файзолла Сатыбалдыұлы «Әбдіғапар хан» поэмасында:

«Бұл заман байқасаңыз жұмбақ сапар,

Айламен жақсыларды болды матар...

Ел ұстап, тұлпар мініп, ту көтерген,

Есімнен шықпай қойды Әбдіғапар.

 

Патшаға екі ғасыр болдық отар,

(Дәміміз осы болды әлі татар).

Хан болған 13 болыс, үш Торғайға,

Жігіттің сұлтаны еді Әбдіғапар», – деп жазған еді.

1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің алдында алты болыс арғын, алты болыс қыпшақ, бір болыс найманның игі жақсылары жиналып, көтерілісшілердің билігін сайлайды. Сонда жиналған қауым Әбдіғапарды – хан, Амангелдіні бас сардар етіп бекітеді. Бұған екі айтулы ердің ел алдындағы беделі, ақыл-парасаты, қайсарлығы, табандылығы себеп болса керек. Өйткені сондай қиын-қыстау кезеңде ел кімнің соңынан еруді анық білді.

Текті тұлғаны көзі көрген қария­лардың естеліктерінде оның ақылы кемел, парасатты, сабырлы адам болғанын айтады. Бұл қасиет оған тегінен дарыса керек. Бабасы – Тілеулі Әбдірахманұлы – Аңырақай, Қалмаққырған және Қара­құм­да 1710-1729 жылдары болған жоңғар соғысында қыпшақ қосынын басқарған батыр болса, арғы атасы Нияз би – Абылай ханның беделді кеңесшілерінің бірі. Нияз би елорда іргесіндегі Тайтөбеде жерленген. Ал әкесі Жанбосын біраз жыл болыс болып, ел басқарған. Анасы Алуа – ұлт ұстазы Ахметтің әкесі Байтұрсынның ағасы Ақтастың қызы. Әбдіғапардың өзі де ел басқару ісіне жас күнінен араласады. Ауылынан мектеп ашып, суармалы егіншілікпен айналысқан. Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған. Алайда кеңестік кезеңде Әбдіғапардың есімі мүлде айтылмады. Ұрпақтары да біраз қуғын-сүргін көрді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оның аты қайта жаңғырып, ол туралы жазылған шығармалар, естеліктер мерзімді баспасөзде жарық көре бастады. Бірақ асыл тұлғаны дәріптеу әлі де кемшін секілді.

Әбдіғапар ауылында өткен маз­мұн­ды­ іс-шара осы олқылықтың орнын тол­­тыр­ғандай деуге болады. Мазмұнды іс-шара аясында ауылға кіреберіс жолға Әбді­ғапар атамыздың есімі жазылған белгі қойылып, балаларға арналған фут­­­бол алаңы ашылды. Бұған тектінің ұр­па­­ғы Марат Мырзағалиұлы демеушілік көр­сет­ті.

 Көрнекі етіп жасалған белгінің ашы­­луын­да Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов шалғай жатқан елдің еңсесін бір көтеріп тастаған іске бастамашы болған азаматқа ризашылығын білдірді. Одан кейін сөз алған Марат Мырзағалиұлы атасы туралы тағылымды естелік айтып, алдағы уақытта да осы ауылдың жағдайын жақсартуға көмек­те­сетінін жеткізді. Осыдан екі-үш жыл бұрын аталған елді мекенге Әбдіғапар есімін беру туралы алғашқылардың бірі болып мәселе көтерген өлкетанушы, оюшы Шөптібай Байділдин Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі көсемінің әлі күнге дейін есімі ескерусіз қалып келе жатқанын қынжыла айтты.

«Қазақта «киелі жер иесіз қалмас» деген тәмсіл бар. Осы сөздің шындығына бүгін тағы көзіміз жетіп отыр. 1916 жылы 13 болыс елдің жақсы-жайсаңы Әбдіғапарды ақ киізге салып, ел басшысы етіп көтерді. Бірақ ол «қарадан шыққан хан» болудан бас тартып, өзін «әмір» деп атауды ұйғарды. Алайда осы тұғырлы тұлғаның ел алдындағы ерлігі, еңбегі еленбей келеді. Бүгінге дейін Әбдіғапарға не ауылдың, не мектептің аты берілмеп еді. Осы мәселені көтеріп, газетке жаздым. Әйтеуір, соның бірі оң шешіліп, жүзеге асып отырғанына қуанып тұрмын», деді Шөптібай ағамыз.

Іс-шара соңында Әбдіғапар ата­мыз­дың рухына дұға бағышталып, ас берілді.