Саясат • 03 Қазан, 2023

Газға бөлінген қаржы желге ұшпаса игі

246 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында да, басқа жиындарда да елді мекендерді газбен қамтамасыз етудің маңызын әрдайым айтып келеді. Алайда Президент тапсырма бергеніне қарамастан, бұл бағыттағы жұмыста кемшілік жетерлік.

Газға бөлінген қаржы желге ұшпаса игі

«Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурс­тық базасын кеңейту – Үкі­меттің және ұлт­тық газ компания­сының басты мін­деті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құ­ры­лысын тез­дету және қолданыстағы зауыт­тар­дың қуатын барынша пайдалану қажет. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қара­шығанақ сияқты мұнай-газ алпауыт­тары газды қолжетімді бағамен ұсы­нуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды», деді Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында.

Әлбетте, халықтың көгілдір отынға қол жеткізуі бірқатар мәселені оңтайлы шешетіні анық. Біріншіден, бұл – халықтың жайлы өмір сүруіне қажетті негізгі игіліктің бірі. Сондықтан тұрғын­дардың әл-ауқатын жақсартуға зор үлес қосатыны айтпаса да түсінікті.

Екіншіден, газдандыру экологиялық тұрғыда да пайдалы. Өйткені көгілдір отын ауаға аз мөлшерде парникті газ бөледі. «Париж келісіміне» сәй­кес Қазақстан 2030 жылға қарай көмір­қышқыл газдары шығарылымын азайту­ға міндеттеме алғанын ескерсек, елді мекендерді көгілдір отынмен қам­тамасыз етудің өзектілігі арта түседі.

Таяуда Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Қадырбек газ­дандыруға қатысты түйткілдерді көтер­ген болатын. Премьер-министрге жол­даған сауалында Түркістан облысын­да көгіл­дір отынмен қамтудың кемші­лік­терін атап көрсетті.

«Түркістан облысының халық саны жыл сайын қарқынды түрде өсіп келеді. Тиісінше, халықтың өмір сүруіне қажет­ті инфрақұрылым нысандарына деген қажеттілік артып отыр. Осыған орай облыста шеші­мін табуды қажет ететін бірқатар мәсе­ле бар. Соның бірі – елді мекендерді табиғи газбен қамтама­сыз ету. Облыс халқы табиғи газды отан­дық «Бей­неу – Бозой – Шымкент» ма­гистралды газ құбырынан тұты­нады», деді М.Қадырбек.

Сенатор келтірген деректерге сүйенсек, облыстың 2022 жылғы табиғи газ тұтыну мөлшері 716,5 млн текше метрді құраған. Аймақтағы 833 елді мекен­нің 465-і немесе 55,9 пайызы таби­ғи газбен қамтамасыз етілген. 2023 жылы тағы 57 елді мекенге таби­ғи газ тар­тып, қамту деңгейін 62,6 па­йызға жеткізу көзделген.

«Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында облыста арнайы Жол картасы әзірленіп, 2025 жылы қосымша 202 елді мекенге газ құбырын тартып, қамту деңгейін 86,9 пайызға жет­кізу жоспарланған. Жоспарға сәйкес жо­балау-сметалық құжаттамалары әзір­леніп, 2024 жыл­ға республикалық бюд­жет­тен қар­жы­лан­дыру үшін жаңа 69 ны­санның құ­ры­лы­сына 18,1 млрд теңгеге бюд­жеттік өті­нім ұсынылған болатын.

Аталған 69 жаңа нысанның ішінде бірінші кезекте 18 нысанға (жеткізуші газ құбырына және қосылуға дайын елді мекендердің ішкі жүйелері) 8,0 млрд теңге қаржы қарастыру қажет. Себебі алдыңғы жылдары бюджет есебінен 18 нысанға қатысты елді мекендердің ішкі газ жүйелерінің құры­лысы аяқталды. Алайда Энер­гетика министрлігі тарапынан газ ресурстарының шектеулілігін ескере отырып, жаңа жобаларды іске асыру газ тасымалдау жүйесінің бір­тұ­тас­тығының бұзылуына әкелуі мүм­кін деген себеппен 2024 жылға тек қана өтпелі 6 нысанның құрылысына 3,1 млрд теңге мақұлдап отыр», деді М.Қадырбек.

Депутаттың айтуынша, республи­калық бюджеттен 2022 жылы 23,9 млрд теңге, 2023 жылы 8,9 млрд теңге қарастырылған көрінеді. Осы орайда сенатор елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жобаларын қар­жы­ландыру мәселесі бойынша түбегейлі шешім шығаруды сұрап отыр. Әйтпесе, бюджет қаражаты есебінен салынған газ нысандары қараусыз қалуы, тозуы және де талан-таражға түсіп, газ құ­рыл­­ғылары мен желілерінің жарамсыз жағдайға жеткізілуі әбден мүмкін.

«Бұл өз кезегінде нысандарды қайта қалпына келтіру бойынша бюджет есебінен қосымша шығындар бөлу­ге, сондай-ақ уақытында бөлін­ген бюд­­жет қаражатының тиімсіз игері­луі­­не, халықты газбен қамтамасыз ету жоспарының кейінге шегерілуіне әкеліп соғады», дейді М.Қадырбек.