Саясат • 03 Қазан, 2023

Қазақстан – Германия: Байланыс жүйелі дамиды

272 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары барысында бірқатар маңызды келі­сім жасалды. Президент сон­дай-ақ Орталық Азия мем­ле­кеттері басшыларының Гер­мания Президентімен кездесуіне қатыс­ты. Осы орайда сапар қо­ры­тындысы бойынша сарапшы­лардың пікірін тыңдап көрген едік.

Қазақстан – Германия: Байланыс жүйелі дамиды

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев­тың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақ­стан мен Германия сауда-эконо­микалық, инвестициялық, логистикалық, «жасыл энергетика» мен өзге де салалардағы ынтымақтастықты арттыруды қарқынды жалғастырып келеді. Бұл – еліміз үшін өте жақсы үрдіс.

«Қазақстанда Германия капиталының қатысуымен мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Германияның Орта Азиямен сауда-саттығының 83 па­йызы Қазақстан үлесінде. Кейінгі 15 жылда Германия Қазақстан экономикасына 4,9 млрд еуро инвестиция салған. Оның 90 пайызы шикізаттық емес секторға тие­сілі. Президент әлемдегі қалыптасқан күр­делі геосаяси жағдайға тоқтала келе ақыл­ға қонымды, ұтымды және дана дип­ло­матия дәуірі келе жатқандығын, БҰҰ қа­ғи­даттарын мүлтіксіз ұстану­дың ма­ңыз­дылығын тағы да атап өтті. Геосаясатта барлық тарап үшін қолайлы, бейбіт келіссөздердің негіздерін табу мақсатында өзара айыптау­ларды тоқ­тату және іскерлік келіссөздер жүргізу­дің маңызына назар аударды», дейді Б.Серікбаев.

Саясаттанушының пайымдауынша, келешекте Еуропалық одақтың жетекші елдерінің бірі Германиямен экономикалық, дипломатиялық байланыс одан әрмен қарқынды дами береді. «Бұл – еліміздің прагматикалық, көп­­жақты, ғылыми негізделген, эф­фек­тивті әрі сауатты жүргізіп келе жат­қан дип­ломатиялық сыртқы сая­сатының жемісі», дейді Б.Серікбаев.

Стратегиялық зерттеулер институты Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бекжан Садықов та бұл пікірді қуаттайды. Оның айтуынша, Германиямен қарым-қатынасты дамыту – маңызды стратегиялық басымдықтың бірі.

«Мемлекет басшысы Германияға ресми сапары кезінде осы елдің бас­шылығымен және іскер топ өкіл­­дерімен кездесіп, келіссөздер жүр­­гізді. Жиын барысында екі­жақ­ты қарым-қаты­нас­тағы ауқым­ды мә­селелер қамтылды. Энер­гети­ка және көлік логистикасы сала­сын­дағы ынтымақтастық мәсе­ле­лері келіс­сөздердің өзегіне айнал­ды. Германия – Еуропалық одақ эко­номи­касының жетекші локомо­тиві саналады. Аталған елмен қа­рым-қатынасты дамыту – еліміз­дің еуропалық бағыттағы сырт­қы сая­саты­ның негізгі басым­дық­тары­ның бірі.

Германия «Достық» мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан «қара алтын» импорттайды. Бұл неміс мұнай өңдеу зауыт­тарының жұмысына қажет шикі­­затпен қамтамасыз етеді. Қазақ мұ­найы, бір жағынан, Герма­нияның энер­гетикалық жүйесін құтқармаса да, екін­ші жағынан, «қара алтын» импортын әр­та­раптандыруды қамтамасыз етуде шешу­ші рөл атқарады», дейді Б.Садықов.

Жалпы, Қазақстан жыл басынан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асқан. Қазақстан Германия тарапының өтініші бо­йынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге дайын. Б.Сы­дықовтың сөзіне сүйенсек, мұн­дай мәлімдеме Қазақстан мен Гер­мания арасынадғы ұзақмерзімді серік­тес­тікке сүйенген ұтымды және прагма­тикалық стратегиясына сәйкес келеді.

«Тараптар сауда жолдарын әр­тарап­тандыру мүмкіндіктерін тал­қылады. «Орта дәліздің» маңызы Еуропа мен Азия арасындағы тө­мен көміртекті ынтымақтастықты дамы­­туд­ың қазіргі үрдістері аясында артып келеді. Қазақ­станның Еуро­па­лық одаққа жасыл сутегінің негіз­гі жет­кізушілерінің бірі және негіз­гі еу­ра­зиялық транзиттік хаб болу мүм­кіндігі мол. Сутегі энергетикасы саласының даму динамикасын және Еуропадағы желілік көлік инфрақұрылымының трансформация­сын ескере отырып, «Орта дәліз» бас­ты инвестициялық жобаларды жүзе­ге асыруға болатын «жасыл» бағыт­­қа айналу мүмкіндігіне ие. Осы­­ған орай бизнес-қоғамдастық өкіл­­дерімен кездесулер барысында сау­да-экономикалық саладағы көп­қыр­лы ынтымақтастықтың жаңа көк­жиек­терін аша алатын көлік-логистика саласындағы Қазақстан – Гер­мания ынтымақтастығының мүмкін­діктері талқыланды», дейді Б.Садықов.

Германияға сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемле­кеттері басшыларының Германия Пре­зидентімен кездесуіне қатысқаны бел­гілі. Кездесу барысында климаттың өз­­­геруіне және су тапшылығы пробле­масына баса мән берілді. Жиынға қа­ты­сушылар мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуал­дың өзгеруіне байланысты мәселелерді талқылады.

Б.Садықовтың айтуынша, «Орта­лық Азия – Германия» сам­митінде сауда-экономикалық ынты­мақ­тас­тық пен көпжақты деңгейдегі көлік логис­ти­касының талқылануы да маңыз­ға ие. Аталған формат «Орта­лық Азия – Еуропалық одақ» диалогіне практи­калық және мазмұнды серпін беруге мүмкіндік береді.

«Қазақстан көпвекторлы сырт­қы сая­сатын ұстанатынына назар аударған жөн. «Орталық Азия – Гер­мания» фор­маты мұны көрсетудің тағы бір мүмкін­дігі екенін атап өткен абзал. Саммит жетекші елдермен бірге өткі­зіліп жатқан «Орталық Азия+» бастамасын толықтырады. Қ.Тоқаев кездесуге қаты­сушылардың назарын аймақтың Еура­зиядағы «стратегиялық орталық» ретін­де әрекет ететініне аударды. Бұл өңір­аралық ынтымақтастықтың көк­жие­гін кеңейтеді. Сонымен қатар өңірдегі сауда-экономикалық байланыс­тарды дамыту мүмкіндіктерін де атап өткен жөн.

Мемлекет басшысының Герма­нияға сапары кезінде тағы бір ма­ңызды мәселе – қазіргі геосаяси жағдай туралы пікір алмасты. Кез­десулер барысында Президент халық­аралық қатынастар жүйе­сіндегі өзекті мәселелерде ұтым­ды­лық пен дипломатиялық ұқыптылық қажет екеніне тоқталды. Бұл ретте еліміз барлық мүдделі елмен кедергісіз сауданы жақтайды, сонымен бірге санк­ция­лық режімді ұстанады. Ай­тыл­ған мәлім­демелерді ескерсек, Қ.Тоқаев Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясаттың беріктігі мен тұрақтылығын ұстанатынын, БҰҰ Жарғысын сақтау идеясына шынайы берілгенін тағы бір мәрте дәлелдеді», дейді Б.Садықов.

Сыртқы істер министрлігі жанын­дағы Сыртқы саяси талдаулар инс­титуты Талдау және болжам­дау тобының басшысы Әмір Башбаев Қазақ­станның сая­си маңызы артқа­нына назар аударады. Оның айтуын­ша, Президент сапары еліміздің қазіргі халықаралық жағдайдың турбуленттік кезінде Германия үшін тек қана экономика саласында да, саясатта да өзекті серіктестікке айналып отыр.

«Бұның дәлелі ретінде Берлинде өткен «Орталық Азия – Германия» форматындағы кездесуге келген Орталық Азия елдері басшыларының ішінде тек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғана осы елге ресми сапар жасау мәртебесіне ие болғанын айта кеткен абзал. ФРГ президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Астанаға мау­сым айында келгенін ескерсек, неміс тарапының Қазақстан Республикасы басшысының сапарын ұйымдастыруы, оның барысында 3 ай бұрын қол жет­кізген келісімдердің орындалуын тал­қылауы және жаңа уағдаластықтарға қол жеткізуі біздің елдің Германия үшін ала­тын орнын көрсетеді. Ал оның астарын­да екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру көзделіп отырғаны белгілі.

Германия біздің елді аймақтағы экономикасы дамыған, көшбасшы мемлекет ретінде қарастырады. 2022 жылы ГФР мен Орталық Азия елдерінің сауда айналымы 11 млрд доллар құраса, соның 80 пайыз­дан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Сондықтан сапар барысында негізінен экономика саласындағы ынтымақтастыққа көп көңіл бөлінгені – заңды құбылыс. Неміс тарапының, яғни Германияның белгілі «HMS Bergbau AG» компаниясы жер бетінде сирек кездесетін металдар қатарына жататын литийді Қазақстанда өндіру және қайта өңдеу үшін зауыт салуға 500 млн доллар инвестиция бөлетіні – сапар барысында қол жеткізген жетістік», дейді Әмір Башбаев.

Сарапшының айтуынша, екі­жақты сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты арттыруға «жасыл» энер­гетика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, мұнай мен газ сала­ларындағы бірлесіп атқаруға негіз­делген шаралар септігін тигізеді. Бұл тұрғыда «Svevind Energy» неміс-швед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру жобасының маңызын атап өтті.

«Қазақстан мұнайды Ресей аума­ғы­мен өтетін КТК және «Достық» мұнай құбырлары арқылы осы шикізатқа зәру болып отырған Гер­манияға тұрғылықты түрде тасы­малдауға және оның көлемін өсіруге дайын екенін білдірді. Мұнай тасымалдауды қарқындату үшін Каспий теңізі арқылы өтетін «Орталық дәліз­дің» маңыздылығы артып келе­ді. Сон­дықтан Ақтау және Құрық порт­­тарының инфрақұрылымын жақсарту – неміс тарапы үшін инвестиция құятын жақсы жобалар.

Қазақстанның Германияға экспортты жалпы сомасы 850 миллион доллар құрайтын 100 шикізат емес тауар түріне ұлғайтуға дайындығын ескерсек, «Орталық дәліздің» жүк тасы­мал­даудағы мүмкіндіктерін дамы­ту Қазақстан – Германия арасын­дағы сауда-экономикалық қаты­настарды қар­қындатады. Сонымен қатар сапар барысында виза беру мәселелерін жеңілдету талқыланды. Қазақстан азаматтарына Германия мемлекетіне бару үшін виза рәсімдеу тәртібін жеңілдету екі ел арасындағы іскер қауым мүшелерінің қарым-қатынасының дамуына және жалпы ынтымақтастықты нығайтуға жақсы әсер етеді», дейді Ә.Башбаев.