Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстан мен Германия сауда-экономикалық, инвестициялық, логистикалық, «жасыл энергетика» мен өзге де салалардағы ынтымақтастықты арттыруды қарқынды жалғастырып келеді. Бұл – еліміз үшін өте жақсы үрдіс.
«Қазақстанда Германия капиталының қатысуымен мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Германияның Орта Азиямен сауда-саттығының 83 пайызы Қазақстан үлесінде. Кейінгі 15 жылда Германия Қазақстан экономикасына 4,9 млрд еуро инвестиция салған. Оның 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі. Президент әлемдегі қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайға тоқтала келе ақылға қонымды, ұтымды және дана дипломатия дәуірі келе жатқандығын, БҰҰ қағидаттарын мүлтіксіз ұстанудың маңыздылығын тағы да атап өтті. Геосаясатта барлық тарап үшін қолайлы, бейбіт келіссөздердің негіздерін табу мақсатында өзара айыптауларды тоқтату және іскерлік келіссөздер жүргізудің маңызына назар аударды», дейді Б.Серікбаев.
Саясаттанушының пайымдауынша, келешекте Еуропалық одақтың жетекші елдерінің бірі Германиямен экономикалық, дипломатиялық байланыс одан әрмен қарқынды дами береді. «Бұл – еліміздің прагматикалық, көпжақты, ғылыми негізделген, эффективті әрі сауатты жүргізіп келе жатқан дипломатиялық сыртқы саясатының жемісі», дейді Б.Серікбаев.
Стратегиялық зерттеулер институты Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бекжан Садықов та бұл пікірді қуаттайды. Оның айтуынша, Германиямен қарым-қатынасты дамыту – маңызды стратегиялық басымдықтың бірі.
«Мемлекет басшысы Германияға ресми сапары кезінде осы елдің басшылығымен және іскер топ өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Жиын барысында екіжақты қарым-қатынастағы ауқымды мәселелер қамтылды. Энергетика және көлік логистикасы саласындағы ынтымақтастық мәселелері келіссөздердің өзегіне айналды. Германия – Еуропалық одақ экономикасының жетекші локомотиві саналады. Аталған елмен қарым-қатынасты дамыту – еліміздің еуропалық бағыттағы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі.
Германия «Достық» мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан «қара алтын» импорттайды. Бұл неміс мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына қажет шикізатпен қамтамасыз етеді. Қазақ мұнайы, бір жағынан, Германияның энергетикалық жүйесін құтқармаса да, екінші жағынан, «қара алтын» импортын әртараптандыруды қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады», дейді Б.Садықов.
Жалпы, Қазақстан жыл басынан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асқан. Қазақстан Германия тарапының өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге дайын. Б.Сыдықовтың сөзіне сүйенсек, мұндай мәлімдеме Қазақстан мен Германия арасынадғы ұзақмерзімді серіктестікке сүйенген ұтымды және прагматикалық стратегиясына сәйкес келеді.
«Тараптар сауда жолдарын әртараптандыру мүмкіндіктерін талқылады. «Орта дәліздің» маңызы Еуропа мен Азия арасындағы төмен көміртекті ынтымақтастықты дамытудың қазіргі үрдістері аясында артып келеді. Қазақстанның Еуропалық одаққа жасыл сутегінің негізгі жеткізушілерінің бірі және негізгі еуразиялық транзиттік хаб болу мүмкіндігі мол. Сутегі энергетикасы саласының даму динамикасын және Еуропадағы желілік көлік инфрақұрылымының трансформациясын ескере отырып, «Орта дәліз» басты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға болатын «жасыл» бағытқа айналу мүмкіндігіне ие. Осыған орай бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесулер барысында сауда-экономикалық саладағы көпқырлы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін аша алатын көлік-логистика саласындағы Қазақстан – Германия ынтымақтастығының мүмкіндіктері талқыланды», дейді Б.Садықов.
Германияға сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Президентімен кездесуіне қатысқаны белгілі. Кездесу барысында климаттың өзгеруіне және су тапшылығы проблемасына баса мән берілді. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты мәселелерді талқылады.
Б.Садықовтың айтуынша, «Орталық Азия – Германия» саммитінде сауда-экономикалық ынтымақтастық пен көпжақты деңгейдегі көлік логистикасының талқылануы да маңызға ие. Аталған формат «Орталық Азия – Еуропалық одақ» диалогіне практикалық және мазмұнды серпін беруге мүмкіндік береді.
«Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатын ұстанатынына назар аударған жөн. «Орталық Азия – Германия» форматы мұны көрсетудің тағы бір мүмкіндігі екенін атап өткен абзал. Саммит жетекші елдермен бірге өткізіліп жатқан «Орталық Азия+» бастамасын толықтырады. Қ.Тоқаев кездесуге қатысушылардың назарын аймақтың Еуразиядағы «стратегиялық орталық» ретінде әрекет ететініне аударды. Бұл өңіраралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеді. Сонымен қатар өңірдегі сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін де атап өткен жөн.
Мемлекет басшысының Германияға сапары кезінде тағы бір маңызды мәселе – қазіргі геосаяси жағдай туралы пікір алмасты. Кездесулер барысында Президент халықаралық қатынастар жүйесіндегі өзекті мәселелерде ұтымдылық пен дипломатиялық ұқыптылық қажет екеніне тоқталды. Бұл ретте еліміз барлық мүдделі елмен кедергісіз сауданы жақтайды, сонымен бірге санкциялық режімді ұстанады. Айтылған мәлімдемелерді ескерсек, Қ.Тоқаев Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясаттың беріктігі мен тұрақтылығын ұстанатынын, БҰҰ Жарғысын сақтау идеясына шынайы берілгенін тағы бір мәрте дәлелдеді», дейді Б.Садықов.
Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси талдаулар институты Талдау және болжамдау тобының басшысы Әмір Башбаев Қазақстанның саяси маңызы артқанына назар аударады. Оның айтуынша, Президент сапары еліміздің қазіргі халықаралық жағдайдың турбуленттік кезінде Германия үшін тек қана экономика саласында да, саясатта да өзекті серіктестікке айналып отыр.
«Бұның дәлелі ретінде Берлинде өткен «Орталық Азия – Германия» форматындағы кездесуге келген Орталық Азия елдері басшыларының ішінде тек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғана осы елге ресми сапар жасау мәртебесіне ие болғанын айта кеткен абзал. ФРГ президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Астанаға маусым айында келгенін ескерсек, неміс тарапының Қазақстан Республикасы басшысының сапарын ұйымдастыруы, оның барысында 3 ай бұрын қол жеткізген келісімдердің орындалуын талқылауы және жаңа уағдаластықтарға қол жеткізуі біздің елдің Германия үшін алатын орнын көрсетеді. Ал оның астарында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру көзделіп отырғаны белгілі.
Германия біздің елді аймақтағы экономикасы дамыған, көшбасшы мемлекет ретінде қарастырады. 2022 жылы ГФР мен Орталық Азия елдерінің сауда айналымы 11 млрд доллар құраса, соның 80 пайыздан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Сондықтан сапар барысында негізінен экономика саласындағы ынтымақтастыққа көп көңіл бөлінгені – заңды құбылыс. Неміс тарапының, яғни Германияның белгілі «HMS Bergbau AG» компаниясы жер бетінде сирек кездесетін металдар қатарына жататын литийді Қазақстанда өндіру және қайта өңдеу үшін зауыт салуға 500 млн доллар инвестиция бөлетіні – сапар барысында қол жеткізген жетістік», дейді Әмір Башбаев.
Сарапшының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға «жасыл» энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, мұнай мен газ салаларындағы бірлесіп атқаруға негізделген шаралар септігін тигізеді. Бұл тұрғыда «Svevind Energy» неміс-швед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру жобасының маңызын атап өтті.
«Қазақстан мұнайды Ресей аумағымен өтетін КТК және «Достық» мұнай құбырлары арқылы осы шикізатқа зәру болып отырған Германияға тұрғылықты түрде тасымалдауға және оның көлемін өсіруге дайын екенін білдірді. Мұнай тасымалдауды қарқындату үшін Каспий теңізі арқылы өтетін «Орталық дәліздің» маңыздылығы артып келеді. Сондықтан Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жақсарту – неміс тарапы үшін инвестиция құятын жақсы жобалар.
Қазақстанның Германияға экспортты жалпы сомасы 850 миллион доллар құрайтын 100 шикізат емес тауар түріне ұлғайтуға дайындығын ескерсек, «Орталық дәліздің» жүк тасымалдаудағы мүмкіндіктерін дамыту Қазақстан – Германия арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды қарқындатады. Сонымен қатар сапар барысында виза беру мәселелерін жеңілдету талқыланды. Қазақстан азаматтарына Германия мемлекетіне бару үшін виза рәсімдеу тәртібін жеңілдету екі ел арасындағы іскер қауым мүшелерінің қарым-қатынасының дамуына және жалпы ынтымақтастықты нығайтуға жақсы әсер етеді», дейді Ә.Башбаев.