Алғаш болып бұл туралы Threads қолданушылары жаза бастады. Кей адамдардың айтуынша, олар бірнеше мыңнан аса оқырманын жоғалтқан. Ең қызығы – бұл статистикада көрінбейді, тек парақшаны жаңартқан кезде аудитория саны азайып кетеді.
Көпшілік мұны Instagram-ның боттар мен жалған аккаунттарды жаппай өшіруімен байланыстыруда. Пайдаланушылардың пікірінше, мұндай «өлі» аккаунттар статистиканы бұзып, қаралым мен белсенділікке кері әсер етеді. Сондықтан кейбіреулер бұл тазартуды пайдалы өзгеріс деп қабылдаған.

Meta компаниясы бұл жағдайға ресми түсініктеме бермегенімен, шетелдік БАҚ мұндай өзгеріске 2026 жылы енгізілген жаңа жасанды интеллект жүйелерінің қатысы болуы мүмкін екенін жазды. Аталған технология күмәнді профильдерді, жалған белсенділікті, алаяқтық схемаларды және атақты адамдардың атын жамылған аккаунттарды анықтауға көмектеседі.

Компания мәліметінше, 2025 жылдың өзінде Facebook пен Instagram-нан 159 миллионнан астам күмәнді аккаунт өшірілген. Олардың көбі қолданушылар шағымданбай тұрып-ақ бұғатталған.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында, «жар іздеймін», «күйеу іздеймін», «байыпты қарым-қатынас іздеп жүрмін» деген танысуға шақыратын жазбалар жиілеп кеткендіктен полиция желідегі таныстықтан сақ болуға шақырған еді.