«Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды.
Қазір біздің алдымызда Еуразия экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр.
Дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде біз теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек.
Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақтарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толықтай жаңартады.
Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жасалып жатқан жүйелі қадамдарға тоқталды.
«Қазақстан «ақылды» платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізуде.
Былтыр халыққа Жолдауымда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру жөнінде міндет жүктедім.
Бұл жұмысқа жүйелі сипат беру үшін биыл, яғни, 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды.
Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне баса мән береміз.
Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітілді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, деректерді заңсыз жинауға, өңдеуге, пайдалануға тыйым салынды. Мұны, шын мәнінде, өте маңызды конституциялық міндет деп санаймыз.
Институционалдық негізді нығайтып, инновацияны кешенді түрде енгізу мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесті құру да пайдалы шараның бірі болды. Аталған консультативтік орган құрамы жетекші шетелдік және отандық сарапшылардан, бизнес пен мемлекеттік мекемелердің өкілдерінен жасақталды».
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық» екенін жеткізді.
«Бұдан бөлек, біз барлық қажетті инфрақұрылымды жедел дамытуды қолға алдық.
Қазақстан өңірімізде бірінші болып, осы саладағы әлемдік көшбасшы саналатын NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосты.
«Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру басты міндет ретінде жарияланды. Бұл ауқымды жоба жаһандық капитал мен әлемдік технологиялық алпауыттар үшін тартымды ортаға айналды.
Сонымен қатар адами капиталға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Халықаралық Alem.ai орталығы жанынан Tumo және Tomorrow school жаңа буын мектептері, сондай-ақ әлемге белгілі бірқатар компанияның (Telegram, Presight) зертханалары ашылды.
Екі апта бұрын «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым.
Мақсатымыз – дербес білім беруге ден қоя отырып, педагогтердің біліктілігін арттыру, инфрақұрылым мен оқу стандарттарын дамыту.
Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық».
Сонымен қатар форумның пленарлық сессиясында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.