Елімізде экспорттық әлеуетті дамытуға қатысты бірқатар тиімді жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, елдегі шикізаттық емес тауарлардың тауар айналымы биылғы қаңтар-шілде аралығында 46,7 млрд долларды құрапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,7%-ға жоғары, яғни 38,4 млрд долларға көп. Өткен 7 айда шикізаттық емес тауарлардың экспорты 14,2 млрд долларды құрады. Ал қызметтер экспортына тоқталсақ, ол көрсеткіш 2,1 млрд долларға жетіп, өткен жылдың осы мерзім көрсеткішінен 16,7%-ға жоғары.
Шикізаттық емес экспорттық тауарлардың топ үштігіне мыс пен мыс катодтары (олардың үлесі 12,9%), ферроқорытпалар (10,2%), уран (9,4%) кіреді. Сондай-ақ тауар себетін әртараптандырудың, экспорт географиясының кеңеюі анық байқалады. Мұнда негізгі нарықтар дәстүрлі түрде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд болып қала береді. Осы ретте, ЕО елдеріне, Қытайға, Орталық Азия елдеріне жеткізілімдердің айтарлықтай өсімі тіркелген.
«Экспорттаушыларды қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларын ұсыну бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда 100-ден аса компания халықаралық сауда іс-шараларына қатысты. Бұл 7 елдегі сауда миссиялары, Қытайдағы халықаралық көрме. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 500 млн доллардан аса сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды. Экспортты ілгерілету экожүйесін жақсарту бөлігінде белсенді заңнамалық жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді», деді вице-министр.
Мемлекет басшысы экспортты ілгерілету желісі бойынша Қазақстан халқына Жолдауында «KazakhExport» компаниясының базасында барлық қажетті құралды шоғырландыра отырып, Экспортты ілгерілетудің толыққанды институтын құруға назар аударған еді. Сауда және интеграция министрлігі экспорттық-кредиттік агенттік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңының жобасын әзірледі. Заң жобасы экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебесін құруға бағытталған. Ол сақтандыруға және қайта сақтандыруға лицензиясыз әрекет ететін ЭКА қолында шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруге мүмкіндік береді.
«Біз Ресей, Мажарстан, Канада, Аустралия және Үндістандағы экспорттық несие агенттіктерінің халықаралық тәжірибесін талдадық, бұл ЭКА экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асыратынын көрсетті. Оған қоса, ECA құру кезінде нақты функцияларды, мысалы, сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру, шартты салымдар, субсидиялау, басқа компаниялардың функцияларымен қайталанбайтын нақты функцияларды қарастыру ұсынылады», деді Қ.Төребаев.
Оның айтуына қарағанда, мұны тұтастай алғанда ел экономикасының дамуына, экспорт географиясын кеңейтуге, халықаралық ынтымақтастыққа, өнімді сату және салық төлеу есебінен республикалық бюджетті толықтыруға, ЭКА қолдаған экспорттаушылардың жаңа жұмыс орындарын құруына, т.б. елеулі үлес қосатын көрінеді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда шекара маңындағы сауданы дамытуға бағытталған трансшекаралық хаб құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Озық даму аймақтары ретінде трансшекаралық хабтар жүйесін құру арқылы шекара маңы елдерімен бірлесіп жаңа өндірістер құру өнеркәсіптік кооперация мен көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететін болады. Сондай-ақ экспорт көлемін едәуір арттыруға және отандық тауарды жеткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, шикізаттық емес экспортты ұлғайту бойынша жұмыс нәтижесінде елдің төлем балансына оң әсер етеді.
Келесі жылдан бастап барлық халықаралық іс-шараның кестесін бекітеміз, оны жариялаймыз, осы арқылы бизнес өз сапарлары мен келіссөздерін алдын ала жоспарлай алады. Осы ретте, бизнесті белсенді болуға шақырамыз. Біз нарықтарды талдау бойынша толық кеңес беруге, серіктес табуға және кездесулеріңізді ұйымдастыруға дайынбыз», деп сөзін түйіндеді Қ.Төребаев.
Журналистер тарапынан қойылған бірқатар сұраққа жауап беріп, салада туындайтын кез келген түсініспеушілік пен түйінді мәселені отандық кәсіпкерлерге тиімді жолмен шешуге болатынын айтты.