Қазақстан электролиз зауыты 2010 жылдан бері толық жобалық қуатына көшкелі отандық кәсіпорындарды ғана емес, алыс-жақын шетелдің өндірістерін қанатты металмен үздіксіз қамтамасыз етіп тұр. Зауыттың жобалық қуаты жылына – 250 мың тонна алюминий бола тұра, биыл өндіріс орны 261 мың тонна алюминий шығаруды жоспарлап қойған. Себебі сырттан сұраныс мол. Экспортты былай қойғанда, Қазақстан бойынша бастапқы алюминийді 11 кәсіпорын тұрақты сатып алып отырған жайы бар. Соңғы 5 жылда отандық нарыққа жөнелту екі есеге өсіп, алюминийді сатудың жалпы айлық көлемі 5 мың тоннаға дейін жеткен. Негізінен бұл кәсіпорындар кәбіл-өткізгіш өнімдері мен құрылыс материалдарын (алюминий профильдері), алюминий қорытпаларын шығарады. Павлодарлық жеңіл металды металлургия өнеркәсібін дамытып отырғандар, сондай-ақ машина жасау саласындағылар да тұрақты пайдаланады. Ал жалпы алғанда керекулік бастапқы алюминийден әлем бойынша кәбіл-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялары мен құрылыс материалдары, автомобиль, түрлі құрал-жабдықтар мен аспаптар жасалып, тамақ және тұрмыстық индустриядағы өндіріс саласы үшін де өте қажет болып саналады.
Электролиз зауытынан шығарылатын А-7 және А-8 маркілі алюминий құймалары жоғары сапалы халықаралық брендке айналғанын да айтуға тиіспіз. «ҚЭЗ» АҚ бренді Лондон металдар биржасында тіркелген және REACH (алюминий индустриясы) халықаралық сертификатына ие. Жалпы, көпшілік биржалар туралы сөз қозғалғанда, онда металл сатылады деп ойлайтыны рас. Зауыт түпкілікті тұтынушылармен жұмыс істейтіндіктен, оның бағасын белгілеу құзыреті Лондон металдар биржасына және MB Rotterdam деп аталатын Еуропалық аймақтық алаңға жүктелген.
Зауыт мамандарының сөзінше, алюминий өндірісі энергияны көп қажет ететін үдеріс, бір өзі 420 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Салыстыру үшін айтып өтейік, электролиз зауытының қуат тұтынуы алюминий тотығы өндірісінен (глинозем) 5 есе жоғары. Бір тонна алюминий өндіруге 1,9 тонна глинозем, 0,54 тонна анод, 13 МВт электр энергиясы қажет екен.
«Отандық түсті металлургия саласындағы беткеұстар кәсіпорын «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында толық қуатына шығып отыр. ҚЭЗ әлемдік жетекші өндірушілердің технологияларымен жабдықталған, ал кәсіпорынның екінші кезегін іске қосу өндірістік үдерістерді кең ауқымда автоматтандыруға қол жеткізді. Мұнда алюминий өндірісінің ең озық және экологиялық таза технологиялары қолданылады. GAMI және NFC фирмаларының жоғары амперлі электролизерлері де – күрделі технологиямыздың бір бөлшегі. Сайып келгенде, барлық технологиялық тізбек ресурстарды үнемдеудің жоғары деңгейіне, өнім сапасына, экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Экологиялық қауіпсіздікке баса мән берудің нәтижесінде қалдықтарды кәдеге жаратудың тұйық циклі, газ тазартудың пайдалы әсер ету коэффициенті 99,7 пайызға жетті. Өнеркәсіп қауіпсіздігінің жоғары деңгейі – жас кәсіпорынның техникалық бірегейлігін сипаттайтын маңызды көрсеткіштер», дейді электролиз зауытының өндірісті жоспарлау жөніндегі менеджері Қайрат Дүрмағамбетов.
Бастапқы алюминий құймаларын шығаратын кәсіпорын негізі екі цехтан тұрады: электролиз және электродтарды өндіру цехы. Мамандардың тілімен түсіндірсек, металл өндіру үшін алдын ала күйдірілген анод технологиясы қолданылады. ҚЭЗ «жасыл» және күйдірілген анодтардың 136 мың тоннасын өндіріп, алюминий өндіруге қажет шикізаттың бұл түрін толық қамтып отыр. Анодтардың өзі күйдірілген мұнай қоспасынан жасалады. Күйдірілгенге дейін анодтар «жасыл» деп аталып, дайын жасыл анодты басу үшін сағатына 25 тонна өнімділігі бар Laeis фирмасының гидравликалық пресі қолданылады. Одан соң тасымалдау желісімен дайын анодтар күйдіру бөліміне түседі де, мұндағы сақиналы, ашық типтегі 50 камерада отқа әбден шынығады.
«Пештерде отын ретінде мазут қолданылады. Одан шыққан түтін сол сәтте бірден тазартылып, құрғақ газ 99,7 пайызға дейін ұсталып қалатынын айтқым келеді. Сондықтан біздің зауыттан қою түтін ешқашан шықпайтынын былайғы жұрт жақсы біледі. Күйдірілген анод блоктары сақтау қоймасынан пластиналы және роликті конвейер арқылы құю стансасына түседі де, әлгі жерден оларды анод ұстағыштар құрастыра бастайды. Сапаны бақылаудан кейін жарамды анодтар алюминийдің электролиз цехына жіберіледі. Мұндағы арнайы ыдыстардың әрқайсысында алюминий электролизі үдерісі жүреді. Ыдыстар балқытылған криолитпен толтырылып, 950 градус температурада өткізгіш орта қалыптастырады. Катодтың рөлін ыдыстың түбі, ал анодты креолитке батырылған электродтар, күйдірілген анодтар атқарады. Бір тонна алюминий өндіру үшін 1913 кило алюминий тотығы керек. Бір электролизердің өнімділігі шамамен – 2,5 тонна. Әр жарты сағат сайын ыдысқа алюминий тотығын берудің автоматты жүйесін қолдана отырып, шикізаттың жаңа бөлігі жүктеледі. Бұл жерде электр тоғының әсерінен алюминий мен оттегі арасындағы байланыс үзіледі де, алюминий ыдыстың түбіндегі тұнбаға түсіп, 10-15 см қабат түзеді. Ал оттегі анод блоктарын құрайтын көміртегімен қосылып, көмірқышқыл газын түзеді. Осы үдерістердің барлық технологиясы мен параметрлері үздіксіз мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған басқару жүйелерімен бақыланады. Кейін металл құю учаскесіне түсіп, 20 кг-лық дайын құймалар болып шығады», деп түсіндірді зауыт технологиясы туралы Қайрат Зейнолқапарұлы.
Өткен жылы «ҚЭЗ» АҚ бастапқы алюминий өндірісінен 41,6 млрд теңгеден астам табыс тапқан. Зауыт – өңірдегі ең ірі салық төлеушілердің бірі, тек былтыр қазынаға 2,4 млрд теңгеден астам қаржы құйған. Мұндағы қызметкерлердің орташа жалақысы – 443 мың теңге. Ал өндіріс орнында жалпы саны 2335 адам еңбек етеді.
Айта кету керек, еңбек ұйымының басшылығы тек өндірісті ғана емес, тиімді әлеуметтік бағдарламаларды дамытуды да қаперден шығармайды. Қызметкерлеріне жаңадан көпқабатты баспаналар тұрғызып, жас отбасыларды материалдық тұрғыдан қолдауға көңіл бөліп отыр. Жастарға кәсіптік бағдар беру ісінде де жүрісінен жаңылмай, Павлодар қаласының колледждерімен және жоғары оқу орындарымен ынтымақтаса жұмыс істей бастады. Оқу зертханалары мен техникалық әдебиеттерді қамтамасыз ету бағытында біраз шаруаның басын қайырып, бүгінде кәсіпорын үшін бейінді мамандықтардың студенттері (зауытта кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндігімен) еңбекақысы төленетін практикадан өтеді. Тек соңғы үш жылда бұл мүмкіндікті 200-ден астам студент пайдаланып үлгерген.
Экологтердің бағалауынша, павлодарлық зауыт – барлық халықаралық экологиялық талаптарға сай, индустриялық сектордағы ең жоғары технологиялық кәсіпорынның бірі. Зауытты жобалау барысында және оның құрылысында экология мәселелеріне ерекше мән берілгенінің нәтижесі бұл. Тиімді үрдіс бүгінде де жалғасын тауып жатыр. Жыл сайын табиғатты қорғау іс-шараларына, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған қомақты қаражат бөлінеді. Тек былтырдың өзінде 264,8 млн теңге жұмсалған. Зауыттағы түрлі сүзгілерді ауыстыру уақыт сайын жүргізіліп, аумақты көгалдандыру және абаттандыру жоспары өз нәтижесін беріп отыр.
ПАВЛОДАР