Аралбекке Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінің директорлық креслосы да ұсынылған. Ол мұны да құп көрмей, шалғайдағы ауыл мектебіне бет бұрған. 2022 жылдың 18 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Құлынжон ауылындағы мектепке директор болып барған. Осылайша, оның ауыл мектебіндегі ерекше эксперименті басталды.
Елімізде 7500-ден астам мемлекеттік мектеп бар болса, соның 70 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Аралбек Берікұлы пандемияға дейін еліміздегі әйгілі олимпиаданың ұйымдастырушысы болыпты. Бұл олимпиада ауылдың балаларына арналған. Олимпиада қорытындысын шығару үшін жауапты ұйымдастырушылардың барлығы жұмыстарды қолмен тексерген. 13 мың оқушының 63 пайызы «нөл» деген ұпай алыпты. Ауыл мектептерінің қаншалықты артта қалып қойғаны осыдан-ақ аңғарылған. Ал Аралбек секілді білікті мамандардың ауылға баруы екіталай.
«19 жасымнан бері мұғалімдік қызметті атқарып келемін. 2015 жылы ауыл мектептерінің жағдайымен таныса бастадым. Шыны керек, ішім ашыды. Сосын командаммен тегін бейнесабақ жазуды бастадық. Қолымыздан басқа не келеді? Тым болмаса солай көмектесейік деп ойладық. Статистика бойынша ауыл мектебі қала мектебінен 1,5 жылға артта қалып қойған. Ал жеке өз статистикам бойынша кемі 5 жыл артта дер едім. Неге десеңіз, 9-сыныптың оқушыларына сұрақ қойған кезде көбейту кестесін, бөлшектер деген тақырыптарды білмеді. Математика ғана емес, басқа пәндерден де солай. Ең қорқыныштысы, бұл алшақтық уақыт өткен сайын ұлғая береді. Себебі қалада жыл сайын түрлі орталық ашылып, жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатыр. Мұғалімдерге де кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік бар. Ал ауылға ешкім бармайды. Бұл – өте өзекті мәселе. Бұған үлкен реформа қажет», дейді Аралбек.
Кейіпкеріміз білім саласына қатысты ой-пікірін жиі айтқанымен, оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Мысалы, білім сапасын жақсартып, оқушыларды жетілдіре түсу үшін ауыл балалары оқитын пәндер санын екі есе азайту туралы ұсыныс тастаған. Бірақ жүйедегі ережелерге сәйкес бұл ұсыныс қолдау таппаған. Өйткені Аралбек жұмыс істейтін білім ордасы – жекеменшік емес, мемлекеттік мектеп. Дегенмен оның қолдан келгенше эксперимент жүргізіп жатқан жайы бар. Ауылдағы өзін-өзі дамыту мекені жалғыз мектеп екенін ескерсек, Аралбек білім ордасында академиялық қана емес, мәдени, физиологиялық, шығармашылық жағынан да дамуға мүмкіндіктер жасалуы керек деп санайды. Мәселен, шығыстағы осы бір ерекше мектепте әр күн сайын сабақ басталмас бұрын 15 минуттық «Таңғы шеңбер» деген үрдіс жүреді. Ол жерде оқушылар мұғаліммен бірге күйзелісті сейілтуге арналған ойындар ойнап, жаттығулар орындайды. Шеңберге тұрып, көкейлерінде жүрген ойларын айтады. Мектептегі көз қуантар істер мұнымен бітпейді. Білім ордасында оқушыларға күніне екі мезгіл 20 минуттан тек кітап оқуға уақыт арналған. Ал мұғалімдер күніне 4 мезгіл 20 минуттан кітап оқуы керек. Түстен кейін аптасына 3 мәрте міндетті қосымша сабақтар өткізіледі. Бұған аптасына 2 рет өткізілетін қосымша үйірмелерді қосыңыз. Балалар таңғы сағат 07:45-тен бастап 17:00-ге дейін мектепте болады. Үлгергендерінше үй жұмыстарын да осында орындайды. Таңғы ас пен түскі ас қарастырылған.
«Педагог мәртебесінде мынандай бір тармақ бар. Мұғалім мектепке сабақ басталғанға 20 минут қалғанда келсе, сабақ бітісімен кетсе болады. Мысалы, бір мұғалімнің бүгін үш сабағы бар делік. Бір сабағы 10.00-де басталса, ол 9.45-те келеді. Үш сабағы аяқталғаннан кейін, 12.30-да ол кісі мектепте болмайды. Ауыл аумағында бұл мүлдем дұрыс емес жүйе. Өйткені ауылдың мұғалімі мектепте жетілмесе, басқа жерде өзінің білімін шыңдай алмайды. Мен осымен күресу үстіндемін. Біздің мектептің жүйесінде мұғалімдер таңертең 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін мектепте қалуы керек. Сабақтан бос уақытта кітап оқып, курс қарауы шарт. Біз соған жағдай жасайық. Мұғалім өзін күнделікті жетілдіріп отыруы керек. Білімін жетілдіруді қойған мұғалімді оқушылары да түсінбейді», дейді кейіпкеріміз.
Аралбек Берікұлы мектепте оқушыларға мүлдем дауыс көтеруге болмайды деген түсінік енгізген. Балаға дауыс көтеру физикалық тұрғыда кері әсер етеді. Машықтары жетілмеген, өзінің ойын бөлісе алмайтын, қоғамға сіңісе алмайтын балалар осыдан шығады. Бұл мәселені ескерген Аралбек мектеп жүйесіне кішігірім өзгерістер енгізген. Өрге жетелейтін өзгеріс жемісін де бере бастапты. Балалар басында өз ойын айтуға, диалогке түсуге қиналса, қазір біршама ашылған.
«Біздегі білім жүйесінде оқушыға басымдық берілмеген. Оқушы ең соңғы орында тұр. Бірінші орын саяси мәселелер мен жалақыға берілген. Сол себепті логикалық тұрғыдан дұрыс дүниелерді ұсынып жатсаңыз, есепке алынбайды. Мысалы, Сингапурдан келген ғалымдармен сөйлескен кезде олар бағаланатын 7 пән ғана барын айтты. Американың профессорларымен сөйлесіп едік, оларда бағаланатын 8 пән бар екен. Бізде 14-тен асады. Сөйте тұра біз олардан білім бойынша озық тұрған жоқпыз. Ал артық пәндерді алып тастайық десек, сол пәннің еліміздегі 20-30 мың маманы аттандап алға шығады. «Жұмыссыз қалдық» деп шу көтереді. Экономикалық, саяси жағдайларды ескеріп, ортақ бір шешім қабылдауға болады. Егер оқушыны бірінші орынға қойсақ, онда көптеген мектепті жауып, біріктіріп, біршама пәнді алып тастайтын едік», дейді ол.
Мектептің жаны – мұғалім. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ. Аралбекпен тілдесіп отырып, мұғалім мамандығының маңызы тым тереңде жатқанын түсінесің. Осы тұста педагогикадан мәуелі мұра қалдырып кеткен Мағжан Жұмабай: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі», дейді. «Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады». Рас.