Министр Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары бойынша кешенді әрі жан-жақты жұмыс жүргізілетінін және халықтың өмір сүру орташа ұзақтығы 74,4 жасқа дейін өсуіне оң әсер тигізіп жатқанын жеткізді. Алайда А.Ғиният біраз түйткілдің барын да жасырмады. Әсіресе қазір елімізде 4 мыңға жуық дәрігер тапшы екен.
«Дәрігерлер, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2023 жылы республикалық бюджет есебінен шамамен 6 мың білім беру гранты бөлінді. Биыл медициналық жоғары оқу орындарынан шамамен 7 мың дәрігер бітірді. Өңірлердің ақпараты бойынша 3 мыңнан аса денсаулық сақтау маманы жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте 601 маманға үстемеақы бөлінді, тұрғын үймен 384 адам қамтамасыз етілген, өзге де қолдау шаралары 74 маманға көрсетілген», деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, биыл үздіксіз интеграцияланған медициналық білім берудің жаңа моделі енгізілген.
«Көпбейінді мамандардың қажеттілігін жабу үшін медициналық мамандықтар бойынша сертификаттау курстарының тізімі кеңейтілді. Алыс және жақын шетел медициналық жоғары орындарының түлектері осы жылдан бастап елімізде денсаулық сақтау саласында маманды сертификаттау рәсіміне қол жеткізе алады. Сондай-ақ тиісті заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Бұл шаралар пациенттердің құқығын қорғауды, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге, дәрігер мамандығына құрмет пен мәртебені көтеруге, сондай-ақ жас буынды денсаулық сақтау саласына тартуға арналған», деді А.Ғиният.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері елімізде дәріханалар антибиотиктерді дәрігердің нұсқаулығынсыз сататын жағдайлар кездесетінін айтып, министрлік тарапынан антибиотиктерді бақылауға алуға, дәріхана иелеріне қандай шара қолдануға болатынын сұрады. Бұл ретте А.Ғиният елімізде препараттарды рецептісіз сататын дәріханалар көп екенін растады. Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері дәріханаларда препараттарды рецептісіз сатқан кәсіп иелеріне 6 млн 300 мың теңге айыппұл салынған.
«Рецептісіз сатқан дәрілер бойынша келіп түскен шағымдар бар. Тиісті комитет тексеріп, ол дәріханаларға заң аясында айыппұл салынды. Егер қайтадан заң бұзушылық анықталатын болса, біздің лицензияны қайтарып алуға құқығымыз бар. Сондықтан бұлардың барлығы жеке кәсіпкер болғандықтан, оларға мараторий жарияланған еді. Сол себепті біздің мемлекеттік органдар ол жерге кіре алмағандықтан біз тек халықтан түскен шағым бойыша жұмыс істейміз. Комитетке дер кезінде түскен шағым болса, дәріханалардың барлығы тексеріліп, әкімшілік жазаға тартылады», деді министр.
Бұған қатысты нақты саны мен айыппұл көлемі туралы ақпаратты Фармацевтикалық медициналық комитетінің өкілі Ләззат Қашқынбаева толықтырып өтті.
«Қазіргі 9 айдың ішінде 65 әкімшілік шара қолданылып отыр. Бұл – дәрілік заттарды рецептісіз сатқандар. Оларға айыппұл салынды. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасады. Өйткені азаматтардың шағымы бойынша және кәсіпкерлік кодекс бойынша біз тексеруді ұйымдастыра аламыз. Әзірге биыл лицензиясын қайтарып алу жағдайы болмады. Тек лицензияны екі айға дейін тоқтату дерегі болды, бірақ лицензиясын тартып алу жағдайына дейін жетпеді», деді Л.Қашқынбаева.
Оның айтуынша, қазір елімізде 7 400-ге жуық дәрілік препарат қоры бар. Оның 1 738-і рецептісіз сатылған.
Сөз соңында министр елімізге коронавирустың жаңа штамы келгенінен де құлағдар етті.
«Соңғы зерттеу деректері бойынша елімізге «Эрис» деп аталатын «Омикрон» штамы келді. Қазір барлық ел мен аймақта «Омикронның» жаңа штамдары тіркеліп жатыр. Сыртқы ортада коронавирус айналымы кезінде мутациялар пайда болады, ай сайын ДДҰ әлемде көптеген түрлі штамды тіркейді. Штамм қандай болса да, клиникалық көрініс біртіндеп өзгереді, ауру кезеңі қысқарады, орташа немесе жеңілге ауысады. Қазір тек 35 адам стационарлық емдеуде жатыр. Бұл – қосымша аурулары бар қарт адамдар», деді министр.