Қоғам • 06 Қазан, 2023

Қазақ тілін білуім өмірде көп көмегін тигізді – Кирилл Пономаренко

2064 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кирилл Пономаренко қазақ тілінде еркін, жатық сөйлейді. Оған телефон соғып, жөнімізді айтқанымыз сол еді, Кирилл қазақша көсіле кетті. Шынымен ұлты орыс па еді деп ойланып қалыппыз. Болмысы да ашық-жарқын, жайдары жан екен.

Қазақ тілін білуім өмірде көп көмегін тигізді – Кирилл Пономаренко

Суреттер Кирилл Пономаренконың жеке мұрағатынан алынды

Кирилл Пономаренко Қостанай облысы Амангелді ауданының тумасы. «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 6697 әскери бөлімінде бірінші атқыштар ротасының маман бақылаушысы болып қызмет етеді. Әскери салаға келгеніне небәрі екі жыл болған. Қазақ тілін студент күнінде үйренген екен. Қазір әскерде оны әрі қарай жетілдіріп жүр.

«Мемлекеттік тілді үйрену, оны дамыту Ұлттық ұлан қатарында басты сабақтардың бірі ретінде оқытылады. Әрбір Қазақстан азаматы қазақ елінде туып, қазақ жерінде өскен соң қазақ тілін білу міндет деп білемін», дейді қатардағы жауынгер.

Орыс отбасында дүниеге келіп, мектепте орыс сыныбында білім алған ол қазақ тілін үйрену алғашында оңай болмағанын айтады. Оның тілді тезірек үйренуіне студент жолдастары көп көмектесіпті. Күнделікті ауыз-екі сөйлесу, қазақша кітаптарды көбірек оқу арқылы тілді тез үйренуге болатынын айтты.

«Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітаптарын қазақ тілінде оқып шықтым. Осы көркем шығармалардағы әрбір сөзге ерекше мән бердім. Оқып отырып өзіме бұрын беймәлім болған қазақтың шұрайлы сөздеріне қанықтым. Бұл шығармаларды оқу арқылы қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне терең бойлауға болады», деді ол.

Әркез мемлекеттік тілдің жанашыры болып жүретін ол түрлі тіл сайыстарына қатысып тұрады. Жақында ғана өткізілген «Мемлекеттік тіл менің тілім» атты өзге ұлт өкілдері арасындағы республикалық сайыста таза қазақша сөйлеп, жиналған жұртты таңғалдырғаны бар. Осы сайыста ол белгілі ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқу, өз өнерін көрсету секілді сайыс тапсырмаларынан сүрінбей өтіп, өзгелерден оқ бойы озық шықты. Сөйтіп бірінші орынды қанжығасына байлады.

А

Мемлекеттік тілде еркін сөйлеу Кирилл Пономаренкоға күнделікті өмірде көп көмегін тигізіп жүр. Тіл білу арқылы жаңа достар тауып, ортасы кеңейіпті. Біз сөз еткен жігіттің талпынысы өз тілін өгейсініп жүргендерге үлгі болар деп сенеміз.