Фото: primeminister.kz
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов дамыған елдерде кадр даярлау жүйесіне, оның ішінде кәсіптік техникалық білім беру сапасын арттыруға басымдық берілетінін айтты. Әлемдік тәжірибе бойынша жастар қоғамға сіңіп, маман атануы үшін мемлекет қашанда қамқорлықты аямайды.
«Елімізде 9-сынып түлектеріне колледждерде тегін оқуға мүмкіндік берілген. 3 жыл ішінде кадр даярлауға тиісті мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды. Егер бұған дейін колледждерде бюджет есебінен 95 мың студент оқыса, биыл олардың саны 133 мыңға дейін ұлғайтылды. Біз мемлекеттік тапсырысты бұдан әрі де арттыра береміз», деді Үкімет басшысы.
Биылдан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға өсті. Осы бағытпен 2025 жылға дейін стипендиялар тағы 2 есеге өсіріледі. Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуді жүктеді.