Қоғам • 12 Қазан, 2023

Қоныс аударушыларға оң көзқарас керек

255 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің солтүстік өңірлері үшін оңтүстіктен теріскейге жалғасқан көштің үзілмеуі аса маңызды. Кейінгі жылдар дерегінде Керекуге мыңдаған отбасы қоныс аударып, тұрақ тапты десек те кейбір азаматтар өздеріне тиесілі көмекке уақтылы қол жеткізе алмай немесе жұмысқа тұруда қиындыққа кезігіп жүргендері байқалады.

Қоныс аударушыларға оң көзқарас керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы, көші-қон бағдарламасының қағидалары мен талаптары қоныс аударып келіп жатқандардың көңілінен шығатындай-ақ. Жергілікті жұмыспен қамту органдары еңбекпен қамтып, бір жылға баспанасын жалдап беріп, тіпті ипотекаға пәтер алса, алғашқы жарнасын да төлеп, түрлі көмек қолдарын созып отыр. Алайда осы тиесілі қолдауды мерзімінде ресімдей алмай, өз ақшасына пәтер жалдап жүргендер де бар көрінеді. Оған Жамбыл облысының Қордай ауданынан жуықта көшіп келген Жәнібек Қошанәлінің жағдайы мысал бола алады. Жас отбасы биыл тамыз айында Кереку қаласына табан тірепті. Жәнібектің сөзінше, өзі заңгерлік оқуды бітірген, ал әйелінің педагогтік салада 5 жылдық еңбек өтілі бар.

– Көші-қон бағдарламасына арқа­ сүйеп, шілде айының соңында Пав­ло­дарға көшіп келдік. Тамыз айында жергілікті мансап орталығына барып, олардан қандай көмек бола­тындығы туралы сұрадым. Ең әуелі жол шығындарымыз үшін әр отбасы мүшесіне 241,5 мың теңгеден төленіп, алғашқы жылы жалдаған пәтеріміздің ақысы да мемлекет тарапынан өтеледі деді. Бұл көмектерді алу үшін ресми түрде жұмысқа тұру керек екен, бірден облыс орталығындағы жедел жәрдем стансасына көлік жүргізуші болып кірдім. Алатын жалақым – 150 мың теңге. Пәтер жалдаған едік, соған ай сайын 110 мың теңгесін төлейміз. Ал келіншегіме жұмыс табылар емес. Ол келген күннен-ақ мектептерді жағалап, өз мамандығы (бастауыш сынып мұғалімі) бойынша жұмыс іздестірді. Барған оқу ұйымдарының барлығы күзге қарай хабарласамыз деп шығарып салыпты. Оның үстіне тестілеу бағдарламасы аяқталып қалып, жұмысқа қабылдау конкурстарына іліге алмады. Сөйтіп, екеуміз небәрі 40 мың теңгеге жан бағып отырмыз. Бұл ақша күнделікті тамағымыздан артылмайды. Қалада не таныс, не туыс жоқ. Кімнен, қайдан көмек сұрарымызды білмейміз. Мемлекет тарапынан төле­нетін қаржылай қолдауларды алуға ай бұрын өтініш жазған едім. Алайда ондағыларға қанша барсам да «сіздің өтінішіңізді облыстық комиссия қараған жоқ, квота бөлінгенше шыдай тұрыңыз» деп шығарып салады. Мұнда келген соң қандай жұмыс болса да істеу керек болды. Әйтпесе далада қалып қоятындай екенбіз. Біз Қордайда тұрып жатқан уақытта Павлодар облысындағы жа­уапты қызметкерлер: «Көшіп келсеңдер бірден жатақхана береміз, жұмысқа орналастырамыз» деген. Сайып келгенде, берген уәделері орындалмады, – деді Жәнібек қынжылып.

Мақала жазылып жатқан уақытта бұл мәселемен облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Туғанбай шұғылданып, Жәнібектің жұбайына Ақсу қаласынан іс жүргізуші мамандығы бойынша жұмыс тауып беруге ықпал еткен. Отағасының өзі де сол шаһарға жұмысқа ауысып үлгеріпті. Ал тиесілі төлемдер жақын уақытта қолына тие қоятынға ұқсамайды.

Мәселенің ізімен өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюповаға хабар­ластық. Мекеме басшысы Жәнібек Бағдатқанұлының жағдайы назарымызда тұр деп сендірді. «Жәнібек Қошанәлі биылғы 21 тамыз күні Павлодар қала­сының мансап орталығына жүгініп, қоныс аудару бойынша кеңес алды. Орталық мамандары оны ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасының шарттарымен толығымен таныстырып, шаһардағы бос жұмыс орындарының тізімін ұсынған. Ал азаматтың өңірлік квотаға қосылу туралы өтініші тамыз айының 28-інде қабылданды. Бүгінде ол өңірлік комиссияның қарауында жатыр, шешім осы айдың соңына дейін қабылданады. Комиссия шешім қабылдаған соң алдағы қазан айында ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы шеңберіндегі материалдық көмектер төленеді», деп жауап берді Альмира Аманқызы.

Бұл бір ғана мысал. Бұған дейін облыстың Ақтоғай және Тереңкөл аудан­­дарында мұғалімдік қызметінен шеттетілген қандастарымыз жайында да естіп білген едік. Бұл істерге қоғам белсенділері мен халық қалаулылары араласып, мәселелер оң шешілді. Алайда «Мешкейдің аты жаман» демекші, өңірдің білім саласындағы мұндай келеңсіздіктердің жиілей түскені алаң­датады. Оңтүстіктен және сырттағы елдерден қоныс аударып келген қандас­тарымыз қашанғы қағажу көре бермек? Кейбір азаматтардың білім­сіздіктен қиындықтарға ұрынып жататынын да байқаймыз. Осындай сәтте жергілікті білім бөлімдері мен мектеп ұжымдары жабыла қолдап, кемшілігін түзетіп жіберсе кәнеки?

Өкінішке қарай, жоғарыдағыдай жайсыз оқиғалар жергілікті мемлекеттік мекемелердің жұмысына көлеңке түсіріп қана қоймай, өзге аумақтардан көшіп келуге талпынып отырғандардың меселін қайтаруға себепкер болады. Қазіргі күні еліміздің солтүстік аймақтарындағы қазақтың санын көбейту – мемлекеттің маңызды миссиясы. Бұл істе ұсақ-түйек деген болмауы керек. Биыл жыл басынан Павлодар облысына еңбек күші артық өңірлерден 1 902 адам (420 отбасы) қоныс аударып келген. Бұл отбасылардың ішінде 887 адам еңбекке қабілетті деп танылса, оның 654-і жұмысқа орналастырылыпты. Тағы 8 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысып жатыр. Жергілікті жұмыспен қамту органдары мамандарының айтуынша, солтүстік өңірлерге биыл 8 мыңдай квота бөлінсе, соның 40 пайызы Павлодар облысына тиесілі екен. Мұндай зор жүктеме әлгіндей жағымсыз жайттардың жиілеуіне себеп болуы әбден мүмкін.

 

Павлодар облысы