Табиғат • 13 Қазан, 2023

Орман – ел дәулеті, жер сәулеті

317 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазан айының үшінші жексенбісінде елімізде Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Орман – біздің баға жетпес байлығымыз, халқымыздың ен дәулеті.

Орман – ел дәулеті, жер сәулеті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ғылыми зерттеу жұмыстары­ның нәтижелері өсімдіктер дүниесі­нің адамзат баласы үшін қаншалықты қажет екендігін нақты дәлелдейді. Жер де, жануарлар да жасыл желексіз өмір сүре алмайды. Нәсілтектік (гено­фонд) қорымыздың дұрыс қалыпта­сып, сақталуы да осы табиғат байлығының жай-күйіне тікелей байланысты. Оның ішінде орман-тоғай алқаптарының ел мен жер үшін маңызы зор. Өлкенің өкпе­сіндей жасыл флора ауамызды шаң-тозаң, көміртегінен тазартып, жаз айларындағы аптапта ыстық­ты төмендетеді, аңызақ желдің жыл­дамдығын баяулатады, күн радиация­сын азайтып, су қорларын буланудан сақтайды.

1 гектар жердегі жасыл желектер сағатына екі адамның өкпесі бөліп шығаратын 8 литр көмір қышқылын бойына сіңіріп, ауаны 30 адамның өмір сүруіне қажетті оттегімен байытады. Ағаш жапырақтарының әрбір шаршы метр аумағы жаз айларында 1,5-3,0 килограмм шаң-тозаңды тұтып қалады.

ва

Орман ағаштарының емдік қасиеті де аса зор. 1928 жылы профессор Г.П.Токин өсімдіктердің фитонцидтер деп аталатын, қоршаған ортаға зиянды ауру қоздырғыш бактерияларды өлтіретін хош иісті заттарды бөліп шығаратынын дәлелдеп берген еді. Самырсынның кішкентай ғана бір бұтағы маңындағы микробтарды 10 есе азайтса, туя ағашы айналасындағы ауадағы микробтардың үлес салмағын 67 пайызға дейін төмендете алады екен. Емен жапырағы, терек діңі, алма ағашының бүрлері небір ауруларға ем.

Сонымен қатар егістіктегі орман ал­қабы ауыл шаруашылығы дақыл­дары­нан мол өнім алуға жағдай жасай­ды. Ауа райы құбылыстарының жайсыз­дығын бәсеңдетіп, ылғалды арттырады. Топырақты жел, су эрозиясына ұшыраудан сақтайды. Орман ағаштары топырақтың суырылып ұшуына, су тасқынына тосқауыл болады, мал жайылымдарын шұрайландырып, шабындықты жақсарта түседі. Орман қысқы боран мен суықта малға ықтасын болса, жазда ыстықтың әсерін бәсеңдетіп, сая болады. Дала құстары, аңдары, басқа да алуан­ түрлі жануар көбейіп, өсуіне ыңғайлы ағашты жерді паналап, мекендейді.

Жасыл желек қалалы жерлердегі көп­қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін де аса қажет. Сап түзеген түрлі ағаш қатары өндірісті қалалар мен елді мекендердің сәулетін арттырады, сәнін келтіреді, адамға мол рухани ләззат береді. Жазда күн ысыған кезде адам көп шоғырланатын орындарда ауа жетпей қалады. Ал аулаларда, үйдің айналасында тал-терек қаулап өсіп, жайқалып тұрса, жанға – дауа, жерге – сая. Адам орта есеппен күніне 2-3 кг тағам, 4-5 литр су тұтынады. Бір тәулікте 20 кг оттегімен тыныстайды. Демек, оттегісіз бір сәт те өмір сүре алмайды.

«Орман – жердің өкпесі», «Орман – ел дәулеті, жер сәулеті». «Жасыл желек – жер көркі». Адамзат ес жиып, етек жапқан ерте дәуірде жер бетін тұтас орман көмкеріп, 8 млрд гектардан аса жасыл желек жайқалып тұрған деседі. Статистика оның 3 млрд гектардан астамы отқа оранғанын алға тартады. Жалпы, орман өрті – әлемнің барлық жерінде жыл сайын орын алып жататын қалыпты құ­былыс. Оған мысалды алысқа бармай-ақ өз елімізден де көптеп келтіруге болады. Биыл маусым басында орын алған Абай облысындағы орман өрті кезінде табиғатқа, қоршаған ортаға, ел экономикасына келтірілген залал, шы­ғын өз алдына, адам өліміне жол берілді.

Ағаш – ежелден құнды құрылыс материалы, отын көзі. Әлемде жыл са­йын халық шаруашылығы қажеттілігі үшін 30 млн гектарға жуық ағаш оталады. Кездейсоқ өрттен күлге айналып жатқан өсімдіктер қаншама?

Еліміз жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынды иеленеді. Ал дүние жүзінде 38 миллион шаршы шақырым орман болса, соның бар-жоғы 0,3 пайызы ғана біздің еншімізде көрінеді. Демек, бұл – қазақ байтағының бар-жоғы 4,3 пайызы орман деген сөз. Сондықтан да ел картасында көк жасыл бояудан гөрі сары, сұрғылт түс басым. Мәселен, көрші Ресей жерінің – 46 пайызы, Украинаның – 18 пайызы, Беларусьтің – 34 пайызы, Грузияның – 34 пайызы, Молдованың – 13 пайызы, Түркияның – 25,9 пайызы, Әзербайжанның – 11, Арменияның 15 пайызы орманды алқаптарға жатады. Әлемдегі ағаш атаулының жартысынан көбі негізінен төрт мемлекеттің жерінде өсіп-өнеді екен. Атап айтсақ, жер-жаһан орманының 22 пайызы – Ресейге, 16 па­йызы – Бразилияға, 7 пайызы – Канадаға, 6 пайызы – АҚШ-қа тиесілі.

Тағы бір айта кетер жайт, жоғарыда келтірілген 4,3 пайыз орманды жеріміз­дің 48 пайызы сексеуіл өскен алқаптар. Ел көлеміндегі 130-ға тарта орман ша­руашылығының көпшілігі ғасырлар тоғысындағы алмағайып кезеңде шаруаларын шайқалтып алды. Енді-енді еңсе тіктеп келе жатыр. Біздегі орман деп жүрген алқаптардың он пайызы, 1 мил­лион гектары – кезінде қолдан отыр­ғы­зылған ағаштар. Алтайдағы самырсындарды ескермесек, сыңсыған тропика, эвкалипт тоғайлар дегендер атымен жоқ. Барымыз – аралас ормандар. Бұдан шығатын қорытынды – орман-тоғайларды көбейтеміз десек, қолдан ағаш отырғызу ісін күн тәртібінен түсірмеу керек.

Ғасыр басында осы мәселеге мемле­кеттік маңыз беріліп, Астана қаласы маңында 35 мың гектардан аса алқапқа ағаш тұқымдары отырғызылғаны белгілі. Жасыл желек белдеуі жыл сайын жаңа көшеттермен толығып, қанатын кеңге жайып келеді. «Қалауын тапса, қар жанады» деген, қарағай, қайың, көкте­рек, қандыағаш, шегіршіндердің Арқаға бейімделген сорттары да терең тамыр тартып, тез бойлап барады. Бүгінде Астана орманы алыстан көркем көз тартады. Жасыл жолақ ішінде құстардың, жан-жануарлардың түр-түрі де көптеп пайда бола бастады.

«Істің басы – ниет». Ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болатынына осы елорда айналасындағы жасыл белдеу – айқын айғақ. Кезінде осы бағдарлы бас­тамаға ерекше ықылас танытқан ақын, қазақ поэзиясының классигі Есенғали Раушанов орман-тоғайдың, түрлі ағаш тұқымын егу, өсірудің еліміз үшін қан­шалықты мән-маңызы бар екені жө­нінде кеңінен қозғап, тереңнен тол­ғап, та­нымдық-тағылымдық мақала жаз­ған еді («Астана орманы». // «Егемен Қазақстан», 7 қыркүйек 2007 ж.) Сол материалда орман-тоғайлардың әлемдік тағдыр-тарихына қатысты көптеген қызғылықты дерек келтіріледі.

Кезінде орыс патшасы І Петр «Ресей орман алқабына айналсын» деген өкім шығарып, ағашты рұқсатсыз кескендер­ге ауыр жаза қолданатын болып­ты. Жәңгір хан 1841 жылы өз ордасының маңын көгалдандырып қана қоймай, Бөкей хандығында орман шаруашы­лы­ғы училищесін ашқан. Оқу орны 1917 жылға дейін жұмыс істеп тұрыпты. Батыс Қазақстандағы Бөкей Ордасы ауданына қарасты 82 мың гектар жерді алып жатқан сол қарағайлы орман бүгінде Қазақстандағы ең байырғы орман шаруашылығының бірі. «Жақсы­дан бақ қалады» деген осы. Жәңгірден үлгі алған Бөкейдің есті-басты азамат­тары арасынан да орман отырғызу ісін жал­ғастырушылар шығыпты. Жәң­гір­дің балдызы, атақты этнограф ғалым Мұхаммед Салық Бабажанов, Ғұбай­дул­ла Бөкейхановтардың да өз бағы бол­ған. Бұған Алаш көсемі Әлихан Бөкей­ханның Санкт-Петербургтегі Орман ша­руашылығы институтының экономика факультетін оқып бітіргенін қосыңыз.

Өз бағы дегеннен шығады, кезінде Есенғали Раушановтың өзі де, ешқандай ың-шыңсыз, дабыра-дақпыртсыз Маң­ғыстау облысының Бейнеу ауданында түрлі ағаш егілген орман өсіруді қолға алған екен. Ақынның өз сөзімен айтқанда: «Қарға миын қайнатар шілің­гір шілдесі қырына алса қырық күн емес, алпыс күнге созылар күңсіген ала таға­нақ шөл. Суының тұздылығы сонша, у тати­тын Ащыағардан басқа өзені жоқ, шыңы­рау­дан басқа су көзі тағы жоқ осы аймақта жайқалып өсіп тұрған бақ бар дегенге ешкім де нанбауы мүмкін». Бірақ нан-нанбаңыз, бүгінде сол «Есенғали орманы» уақыт өткен сайын түрленіп, саялы баққа айналып барады. Кешегі балаң шыбықтан бой көтерген қайың, қара­ғай, теректер жарысып өсіп келеді. Тіпті қылқан жапырақты ағаштар да Бейнеуді жерсіне бастапты.

Осы орайда мынадай ой келеді: еліміз­дің зиялы қауым өкілдері, қолы ұзын кәсіп иелері жер-жерлерде «өз ормандарын» неге салмасқа? Сондай-ақ «Астана орманы» сияқты, әрбір облыстың, әр қаланың өз орманын неге қалыптастырмасқа?! Тағы да Есенғали ақынға жүгінелік: «Ішер ас, киер киім, істер іс өзекті мәселеге айнал­ған мына заманда айдалаға ағаш отырғызу, әлдекімдер айтып жүргендей астамшылық не мақтангөйлік емес, елдің ертеңін ойлағандық» болады.

Елімізде 2005 жылы қабылданып, жүзеге аса бастаған «Жасыл ел» бағдар­ламасы бар. Кешенді бағдарлама аясында арнаулы еңбек жасақтары құрылып, тәжірибе кеңінен жайылып, жақсы нәтиже берді. Жасақшылар күні бүгінге дейін қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза болуына өз септігін тигізіп келеді.

Жыл сайын «Тұрақты даму» Жер қоры ұйымының бастамасымен «Бүкіл­халықтық ағаш отырғызу күні» атты экологиялық акция өткізіледі. Акцияның мақсаты – ормандарды қалпына келтіру, көбейту және сақтау, қалалық аймақтарды абаттандыру, қоғамды орман байлығына баулау.

Көпшілік өңірлердің табиғаты қатал, қытымыр. Еккен ағаш, өсімдіктердің өсіп-өніп кетуі көп қиындық туғызады, бі­раз тер төгуді қажет етеді. Осы ыңғай­дағы маңызды бір мәселе – соншама еңбектің нәтижесінде дүниеге келген жасыл желекті көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Орыстың ойсаң жазушысы М.Пришвин «Табиғатты қорғау Отанды қорғаумен бірдей іс» деген. Ағаш тұқымдары биыл ексең, келесі жылы жайқалып шыға келетіндей, өсімтал емес. Мәселен, шырша бір жылда 4 сантиметр ғана өседі екен. Он жылда 40 сантиметр!.. Демек, орман ал­қаптарының қалыптасуына сандаған жылдар қажет. Көктемде көк шыбықты шаншумен шаруаны біттіге санамай, оған тұрақты күтім жасалуы керек. Әрбір тал есепке алынуы керек. Экологтер мен мамандар көшеттерді күзде отырғызу­дың артықшылығы көп екенін айтады. Көктемде егілгендерге қарағанда оның көпшілігі көктеп, өсіп кетеді екен. Бұл мәмілеге де мән берген жөн.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын», дейді дана халқымыз. Мұның астарында терең мағына жатыр. Бұл маңызды ша­ра баршамыз үшін, ең әуелі Жер-Ана­мызды сауықтыру үшін аса қажет. Те­гінде, түбінде тал-терек егу, ауыл, аудан, қалаларымызды көркейту, жасыл желек­ке бөлеу жалпыхалықтық сипат алуға тиіс.