Таным • 16 Қазан, 2023

Дастархан басындағы этикет: нені ескеру керек?

828 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дастарқан - ас-тағамға және оған қатысты әдеп нормаларын білдіретін, әрі ғұрыптық мәнге ие ұғым. Бұл ұғымның ауқымы өте кең. Мысалы, қазақта «дастарқан сыйламады, дастарқан аттады» деген сөздер бар. Бұл сөздердің түп мағынасы қандай?

Дастархан басындағы этикет: нені ескеру керек?

Дастарқан басында әр адамның жас ерекшелігіне, оның үй ішіндегі лауазымына байланысты орналасу реті болады. Ежелгі дәстүр бойынша, ең сыйлы, жасы үлкен адам киіз үйдің төрінде, яғни есіктің қарама-қарсы жоғарғы жақ бөлігінің дәл ортасына отырғызылады. Осы адамның оң жағын ала жасы мен мәртебесіне сай келесі қонақтар орналасса, сол жағында үй иесі, оның сол қол жағына үй иесінің бәйбішесі отырады. Қонақ көп болса, бәйбішенің бас жағына үй иесінің етене жақын, мәртебесі жоғары туысы отыруына рұқсат етілген. Төрден карағанда оң жақ ерлер жаны деп аталса, сол жақ әйелдер жағы, кейде қазан-аяқ жақ деп те аталады. Кіреберіс тұста (босағада) отыруына да, ас ішуге де (өлікті жөнелту, аза ғұрпында ғана болмаса) жол берілмеген (табу).

Сонымен қатар киіз үйдің дәл ортасындағы от жағылатын, яғни  шаңырақтың астындағы кішкентай кеңістік «от басы, ошақ қасы» ерекше қастерленген. Үйге кірген адам өзіне тиесілі орнына қарай өтіп орналасады. Үйден шығарда да отқа табыну салтынан туған от айналмау ырымына байланысты келген ізімен кері шығуы керек. Бұл ырым дастарқанға да қатысты. Дастарқан басында отырған кезде төрдегі үлкендер ғана малдас құрып отырып, басқалары бір тізесін астына бүге, бір тізесін алдына тік жүрелей қойып отырады. Екі аяғын да жүрелеп, жүгініп отыруға да болмайды. Біріншісі сыртта уақытша отырғанда, соңғысы намаз оқығанда отыратын отырыс түрлеріне жатады. Дастарқан жиылған соң да көптің ішінде көсіліп, аяғын созып отыруға болмайды, адамға табанын қаратып отыруға, тыйым салынған. Әйел-қыздар ерлер сияқты бір аяғын тік қоймай, екі аяғын да астына баса бір бағытқа қарай «жатқыза» бүктеп отыруы шарт.

Дастарқан басындағы ұстанымдарға келетін болсақ, дәмнен үлкен нәрсе жоқ деп санайтын дәстүрлі ортада дастарқан басына байланысты қалыптасқан қағидалармен қатар маңызды да бұлжымас ережелер мен жосын-жоралғылар мол. Олар отбасы мүшелерінің, қонақтардың дастарқан басында орналасуы, өзін ұстауы және сыйлы тағамдардың маңызы мен ретіне карай, тартылуы, бата жасау, асату, сыбаға ұсыну, қайтарылуы, ас қайыру сияқты дәстүрлі ұстанымдардан құралады.

Үлкенді сыйлау салты дастарқан басында қатаң сақталады. Үлкендер мен үй иесі астан дәм татқан соң ғана басқалары тағамға қол созады. Әйел адамдар ас-су кұюға қолғабыс жасап, төменде, қазан-аяқ жақта отырады. Өте сыйлы, мәртебелі ұлық, бекзадаларды қонақ еткен жағдайда даяшылық жасау, шәй, қымыз құю ер адамдарға жүктеледі. Сол отбасына күйеу бала болып келетін адамдар мен жасы кішілер төменгі жақта отырады.

Сонымен, дастарқан басы немесе үй ішіндегі кеністікте орналасу реті үй ішіндегілердің жас-жыныстық ерекшелігін, әлеуметтік мәртебесін білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде, дастарқан басындағы әдепті әлеуметтік қатынастарды реттеп, үйлестіретін қолданбалы үлгі деуге болады. Дастарқан басында өзін ұстаудың қалыпасқан қатаң нормалары бар. Дастархан басында, кісі көп жерде керілмейді. Дәмді, дастарқанды киелі санағандықтан, бір табақтан ас жеген адамдар жақын, жолдас-жора, яғни дәмдес болды деп есептелетіндіктен, олар кейін өзара ешқашан жамандыққа барыспайды деген сенім болған. Мұны дәстүрлі орта «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген сөз оралымымен қысқа қайырып айтқан.

Үлкен, сыйлы кісілердің қолынан дәм татқан немесе осындай кісілерді дастарқан жайып қонақ еткен қазақ дәмдес, дастарқандас болғанбыз; қолынан дәм татқанбыз; дастарқанымызға батасын берген деп мақтаныш қылады. Өйткені, қазақтың дастарқан үстінде ақсақалдардың келелі кеңесі, аталы әңгімелері айтылады, өнерпаздардың күйі ойнап, әні шырқалы, ақын-жыраулардың айтысы мен думаны болады. Бірге болған адамдар бейтаныс адамдармен танысып, дәм-тұзы жарасы, араздасып жүргендер болса, татуласып кетеді. Қазақ шақырғанда келмеген, дәм татпай кеткен адамды дастарқан сыйламады, дастарқан аттады деп сөгеді. Үлкен ас келгенде қариялардың бірі асқа бата береді. Онда негізінен дастарханға береке, басқа амандық, денге саулық тілеген ізгі ниетті тілектер айтылады. Үйлену тойында, отау көтергенде үйдің басты берекесі, мерекесі саналатын дастарқанға «Дастарқаның мол болсын, дастарқаның жиылмасын» деп бата береді.

 

(Жоғарыда жазылған мәліметтер Әділ Ахметовтың «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары кітабынан алынған)