08 Маусым, 2010

ҰЛЫ ДАЛА СИМВОЛЫ

1056 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сенбі күні Астана – Көкшетау тасжолының бойында атақты жүйрік Құлагерге арналған ескерткіштің салтанатты жағдайда ашылу рәсімі өтті. Оған Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев, жазушылар Тұрсынбек Кәкішев, Нұрғожа Ораз, Әкім Тарази және басқа да азаматтар қатысып, жұртшылықты Құлагер монументінің ашылуымен құттықтап, осы оқиғаға байланысты өз пікірлерін ортаға салды. Құлагер – Ақан серінің Са­ғынайдың асындағы аламан бәй­геде жеке-дара озып келе жатқа­нында қастандық жасалып, мерт болған атақты жүйрігі екені белгілі. Ол Ерейментаудағы Құсақ көлінің тұсында қанішер Батыраштың қолынан мерт болды. Тарихымызда бұрын-соңды болмаған бұл қанды оқиға тұлпарды бәріміз артық көретін қазақ халқының қабыр­­ғасын қайыстырып, есеңгіретіп кетті. Сондықтан Астананың ма­ңында Құлагерге ашылған мону­менттің ұлт үшін, ұрпақ үшін мәні де, маңызы да зор деуге болады. Бұл ескерткішті салудың идеясы­­ның авторы әрі негізін ұйымдас­тыру­шысы Қазақстан Респуб­ли­касына еңбек сіңірген қайраткер, атбегі, жазушы Сәдібек Түгел. Оның айтуынша, Құлагер бейнесі Бішкек қаласында профессор Ба­зарбек Садықовтың шеберхана­сын­да жа­салды. Мүсіннің авторы – Сұлтан Иляев. Белгілі мүсінші ес­керт­кішті сомдағанда қазақ хал­қы­ның тарихында ерекше орын ала­тын Ақан сері мен оның тұл­па­ры­ның трагедияға толы тағ­ды­ры­мен етене танысып, мүсінді жасап шық­қан. Сөйтіп, ескерткіш ұзын­дығы – 8 метр, биіктігі – 5 метр, салма­ғы – 5,5 тонна, жалпы биік­ті­гі – 11 метр еңселі болып жасалынды. Ал жалпы, Құлагерге арналған алғашқы белгі бұған дейін де болғанын көзі қарақты оқырман жақсы білуі тиіс. Ол Ерейментау қаласы мен Павловка елді меке­нінің нақ ортасындағы дөңеске ор­натылған еді. Сол кездегі ескерткіш 1989 жылы еліміздің абзал азамат­тарының бастамасымен, биіктігі 3 метрлік обелиск етіп орнатылған болатын. Алайда, ол 17 жыл ғана тұғырында тұрып, қазіргі заманның “батыраштарының” қолынан қаптал­ған түсті металл сыпырылып әке­тілген еді. Бұл оқиға 1996 жылдың ақпан айының 6-ында болған. Содан бері Сәдібек Түгел сияқты тұлпарды қастерлей білетін азаматтардан тыныштық кетіп, ақырында олар Құлагерге арналған жаңа монументті тұрғызуды қолға алды. Оның айтуынша, бұл іс оларға оңай болған жоқ. Дегенмен, бастапқыда қиынға түскен істе олардың жанынан жүрегі елім, жерім, туған Отаным, тарих деп соғатын, қолы ашық, атымтай жо­март нар азаматтар табылды. Осы орайда Сәкең ескерткіштің мем­лекетке салмақ түсірмей, Үкіметтен бір тиын қаржы жұмсалмай са­лынуына, оны орнатуға нақты кө­мек көрсеткен Альберт Рау, Бошай Кітапбаев, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхам­мед Көпей, атбегі азаматтар Талғат Ермегияев, Кеңес Рақышев, Төкен Егінбаев, Бауыржан Исаев, Айдын Рақымбаев, Дархан Қалетаев, Ана­төлі Құлназаров, Елсияр Қа­нағатов, Сергей Дьяченко, Қадыр­хан Ота­ров, Саят Қамзебаев, Ла­шынтай Дүй­сенов, Асқарбек Үйсінбаев, Ер­мей Нұғыманов және басқа да азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс сезімін жеткізгісі ке­летінін жасырмайды. Сонымен бір­ге алғашқы күннен бастап ескерт­кішті орнатуға моральдік қолдау көрсет­кен Жазушылар одағының мүше­лері – Тұрсынбек Кәкішев, Кә­кім­бек Салықов, Жекен Қалиев, Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Нұрғожа Ораз, Сәбит Досанов, Жан­болат Аупбаев, Ұлықбек Ес­дәулет, Қойшығара Салғара, Әнес Сараев, Дүкенбай Досжан, Серік Тұрғынбеков, Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбай, Табыл Құлияс және басқа да қаламгерлердің, Қайрат Сатыбалды бастаған Ұлттық Спорт түрлерінің қауымдастығы да азаматтық танытқанын атап өтуге болады. Қазір Құлагер идеясы бүкіл халықтық сипат алды. Бүгінде, ең бастысы, осы идеяны Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың өзі қолдап отыр. – Ескерткішті салудағы басты мақсатымыз, – дейді С.Түгел – зұлымдыққа тойтарыс беріп, ізгі­лікті баянды ету, жер бетінде әділ­дік бар екенін паш ету, ұлттық құн­дылықтарды ұлықтау, оны ел игі­лігіне жарату, қазақ жауын­герінің, азаматының сенімді серігі, досы, жеңіс жылқысы – қаза­нат­тың мықтылығын, жүйріктігін, төзім­ділігін көрсету. Бұл монумент тұңғыш автобан бойымен бауырын кеңге жазып, құйындап бара жат­қан Құлагер бейнесі, Ақан серідей халқымыздың ардақты арыста­ры­ның өмірін өксікпен өткізген ке­шегі заманды, тәуелсіздікке ие бол­ған бүгінгі өмір өзгерісін, хал­қымыздың жарқын болашағын, туған еліміз – Қазақстанның қа­рышты қадамын аңғартады. Құла­гердің еңселі ескерткіші – ұлты­мыздың болашағы, жас ұрпаққа да арналған. Тағылымы мол мону­менттің “Жастар ештемеден қалыс қалмаңдар, өмірдің бәйгесінде алда болыңдар, өміршең заманмен кө­сіле шабыңдар”, – деп тұрғандай көрінеді. Осы күні жылқы мінезді қазақ­тың кеудесі қуанышқа кернеп, жо­ғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанған, Құлагерге арналған еңселі ескерткіштің қазақтың кең жазира Сарыарқасының төсінде мәңгілік тұғырға мінген күні болашақта осы оқиғаға байланысты ипподорм салынатын жерде ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, мерекелік шаралар өткізілді. Онда Қазақ театрының әртістері қойылымдар көрсетіп, мың бұралған биші қыздар би билеп, халық әндері орындалған соң, “Құлагер” медалі ескерткіштің салынуына үлес қосқан азаматтарға табыс етіліп, “Құлыным” атты жаңа журналдың тұсауы кесілді. Дастан КЕНЖАЛИН, АСТАНА. Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.