Футбол • 18 Қазан, 2023

Екі аттасақ – Еуро

188 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел спортшыларынан ең көп сыналғаны да, жанкүйерлер тарапынан ең көп мінелгені де футболшылар еді. Өзге спорт түріндегі саңлақтар сын сағаттарда сүрінсе де, дәл футболшылар сияқты «таяқтың» астына қалмаған. Футболшылар дегенде көрермендердің арқасы қозып, орайы келсе, сын садағының астына алудан аянып қалмайтын. Бәлкім, өзіміз қазақ болып тусақ та, футболшыларымыздың бразилиялықтар сияқты доп тепкенін қалап тұрғандықтан сөйткен шығармыз. Әйтеуір сондай өтпелі кезеңдерді, қиын сәттерді артқа тастап, бәріне шыдас берген аяқдопшыларымыз бүгінде ел жанкүйерлерінің сүйіктісіне, сүйкімді футболшыларына айналып отыр.

Екі аттасақ – Еуро

Қазақ футболының тарихына көз жүгіртсеңіз, жерлестеріміздің бұған де­йін ешқашан Еуропа біріншілігіне дәл мұн­шалықты жақын болмағанын, бұған дейінгі бірде-бір іріктеу сайыстарында ұпай санын 10-нан әріге асыра алмағанын, осы күнге дейінгі іріктеу ойындарында Суоми елінің сайыпқырандарымен жасыл алаңда сан мәрте жолықса да, ешқашан жеңе алмай келе жатқаны сияқты өкінішті жайттарға қанық боласыз. Енді бұл – тарих. Кешегі күннен бастап қазақ футболында тарихтың жаңа парағы ашылды. Финляндияға сапар шеккен футболшыларымыз тамаша камбэк жасап, футбол жанкүйерлерін бір серпілтіп тастады. Осы бір ғажап жеңістен кейін Берлинге барар жолда небәрі екі-ақ қадам қалды. Сондай-ақ тарихта бірінші рет ұпай саны 15-тен асып, турнир кестесінде көшбасшылармен иық тірестіріп келеді. Ең бастысы, қазақ футболшыларына алын­байтын қамал, жеңілмейтін құра­ма бол­ған Финляндия ақыры тізе бүкті. Және фин­дерді жай ғана жеңіп қоймай, өз ала­ңында, керек десеңіз сан мыңдаған жан­күйерінің көз алдында жер қаратып жеңдік.

ва

Осы матчтан бірер күн бұрынғы Да­ния­мен өткен ойында жерлестеріміз жеңіл­се де жігерлі ойынымен жанкүйер­лерді ұятқа қалдырған жоқ. Алаң қожа­йындары қанша жерден азулы болса да, біздің жігіттер дат футболшыларына қасқайып қарсы тұра алды. Алаңның әрбір шебінде олардан бір мысқал да кем ойнаған жоқ. Осы кездесуді теледидар арқылы тамашалаған еліміздегі футбол жанкүйерлері де, аяқдоп мамандары да Финляндиямен нағыз тартысты ойын болатынын іштей сезіп, сол ойында бір ғажайыптың боларына сенім білдірген-ді.

Ал Хельсинкидегі матч Қазақстан үшін де, Финляндия үшін де тағдыршешті маңызды ойынның бірі еді. Өйткені жеңіске жеткені Еуроға шығу мүмкіндігін сақтап қалса, жеңілгеніне Еуроға шығу арманын тағы да төрт жылға кейінге шегере тұруына тура келеді. Бірақ Қазақстан құрамасы жеңіліп қалса да пәлендей ештеңе жоғалта қоймас еді, өйткені біздің Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы да Берлинге баратын мүмкіндігіміз сақталып тұр. Финдерде мұндай мүмкіндік жоқ.

Сол себепті де алаң қожайында­ры бірінші таймда не бел, не белбеу ке­теді деген оймен алғашқы минуттан алға қарай тұра ұмтылды. Мақсаты тезі­рек гол соғып, әрі қарай ойынды өз ба­қы­­лау­ларында ұстау болатын. Әйт­кен­мен біздің қорғанысқа жауапты жігіт­тері­міз аса сауатты өнер көрсетіп, қақ­па­мызға гол соғуға еш мүмкіндік берген жоқ. Шабуылдан түк шығара алмаған алаң қожайындары гол соғудың сырын стандартты жағдайдан іздей бас­тады. Алдымен олар үш минутта үш мәрте бұрыштама добын теуіп көріп еді, онысынан да нәтиже шығара алма­ды. Кейіннен 27-минутта Александр Ма­рочкин айып алаңына жақын маңайда қарсыластың ­ойыншысын ереже бұзу арқылы тоқтатты. Сөйтіп, финдер тағы бір стандартты жағдайға ие болды. Шама­мен 20-25 метр жерден Роберт Тэйлордың қақпаға қарай тепкен жойқын соққысын әуелде Игорь Шацкий қайтарғандай болып еді, бірақ Шацкийдің қолына тиіп өткен доп бәрібір қақпа торынан табылды – 1:0. Осы голдан кейін финляндиялық­тар қорғанысқа көбірек көңіл бөле бастады.

Матчты толық тамашалаған жан­кү­йерлер сөзімізді қуаттайтын шығар, ойын­ның екінші бөлігі бізге Қазақстан мен Дания арасындағы бірінші ойынды еске түсірді. Сол кездесудегідей бұл матчта да ойын тағдырын бір пенальти түбегейлі өзгертіп жіберді. Және бұл 11 метрлік айбын добын тағы да Бақ­тияр Зайнутдинов сәтті орындады. Даниямен болған ойында да Бақтияр гол соққаннан кейін Тағыберген мен Айымбетов мергендік танытса, бұл жолы бар жүкті Зайнутдинов өз мойнына алып, Финляндия қақпасына бір емес, екі гол соқты. Екі голдың арасы – бар болғаны 13-ақ минут.

Осылайша, Қазақстан құрамасы­ның футболшылары Суоми елінде өткен ­ойында тарихи жеңіске қол жеткізіп, тағы бір тарихи сәтті жаңартуға маңыз­ды қадам жасады. Енді біздің жігіт­тер өз алаңымызда Сан-Мариномен (17 қа­раша), сырт алаңдағы Словения (21 қа­раша) құрамасымен өтетін екі ойында да жеңіске жетсе, ел футболшылары Бер­лин­дегі ала доп аламанында алғаш рет доп тебеді.

PS: Осы ойында екі мәрте дәлдік танытып, мергендігімен көзге түскен Бақтияр Зайнутдинов өзінің ұлттық құрама жейдесіндегі 14-голын соғып, сұрмергендер көшінде жеке-дара көш бастады. Бұған дейінгі үздік көрсеткіш еліміздің даңқты футболшысы, қазіргі таңда ұлттық құрама бас бапкері­нің көмекшісі болып жүрген Руслан Балтиевке тиесілі еді. Ол өз мансабында 13 мәрте дараланған. Сондай-ақ кешегі матчтан кейін ұлттық құрама ойыншыларының барлық турнирде соққан гол саны 251-ге жетті.