Елімізде көксерке өсіру үлкен әлеуетке ие. Өйткені отандық көксерке филесі бүкіл әлемде жоғары бағаланады. Сондай-ақ қазіргі уақытта көксеркенің отырғызу материалына да үлкен сұраныс бар. Бұл ретте балық өсіру кәсіпорындарында тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысы жағдайында жасанды өсімді молайту технологиясын әзірлеу басты міндеттердің бірі.
– Елімізде алғаш рет көксеркені тұйық сумен жабдықталған қондырғыларда жасанды молайту технологиясының әзірленуі – жобаның ғылыми және практикалық маңыздылығы. Сыртқы факторларға, әртүрлі жас топтарының тіршілік әрекетінің биологиялық, физиологиялық және технологиялық ерекшеліктеріне, өсіру жағдайларына байланысты көксеркенің отырғызу материалын алу үшін оңтайлы жағдайлар айқындалды, – дейді биология ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Аңшылықтану және балық шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы Жасқайыр Қарағойшин.
Ғылыми жұмысты «Жабайы табиғат» білім беру бағдарламасы бойынша 3-курс докторанты Жақсығали Қуанышәлиев жасап шыққан. Ал жобаға чехиялық ғалым Томаш Поликар кеңесші болған. Жобаның ғылыми жетекшісі – ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент Қуаныш Сыздықов. Олар аталған жобаны 2021 жылы қолға алып, желтоқсан айында аяқтаған.
Жоба авторының айтуынша, еліміздің балық өсіру кәсіпорындары балықтарды молайту технологиясының болмауына байланысты тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысында өнімнің кейбір объектілерін пайдалану мүмкіндігіне ие емес. Бұл жобаның негізгі идеясы – балық отырғызу материалы мен көксеркенің тауарлық өнімдерін алу үшін оны көбейтудің озық әдістерін өндіріске бейімдеу.
– Жоба аясында көксеркенің аналық қоры ауланды. Уылдырық шашу алдындағы техникалық қызмет көрсету 13-15С температурада жабық су құбыры қондырғысында жасанды жағдайда жүргізілді. Уылдырық пен уылдырық сүтін алуға өндірушілерге гормоналды ынталандыру берілді. Содан кейін уылдырық пен сүт алынып, жасанды жағдайда уылдырық ұрықтандырылды әрі инкубацияланды. Жоба аясында уылдырықты инкубациялау мен желімдеудің жаңа әдістері игерілді. Дернәсілдердің уылдырықтан шығуы 98 пайызды құрады. Антропогендік әсер су объектілерінің өзгеру қарқынын күрт жеделдетті. Бұл түрлердің азаюына, олардың популяциялық құрылымын жеңілдетуге және жалпы биоәртүрлілікке әсер етті, –дейді Ж.Қуанышәлиев.
Ал жобаның ғылыми жетекшісі Қуаныш Сыздықовтың айтуынша, көксеркені жасанды көбейту технологиясының негізгі артықшылығы осы әдісті қолданған кезде барлық технологиялық үдерістер мен сыртқы факторларды толық бақылау мүмкіндігі бар екенінде, сондай-ақ көбеюдің маусымдық сипаты жойылатынында.
– Тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысындағы көбею кезінде химиялық режім, температуралық режім, жарық режімі, ауа райы жағдайлары, тоғандағы жемшөп организмдерінің дамуы секілді сыртқы факторларға қарамастан, кез келген уақытта балық отырғызу материалын алуға мүмкіндік береді. Заманауи тұйықталған сумен жабдықтау қондырғы технологиялары балық өсірудің барлық жағдайын бақылауға мүмкіндік беретіндігіне байланысты. Бұл технология балық отырғызу материалын алу тұрғысынан да, өнімді сату тұрғысынан да болашағы зор. Сондай-ақ экологиялық аспектіде технологиялық үдерісті бақылау арқылы өндірілетін өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Қ.Сыздықов.
Зерттеу тобы келесі жылы көксеркені қолдан ұрықтандыру және инкубациялау бойынша коммерцияландыру жобасын ұсынуды жоспарлап отыр.