Үкімет • 19 Қазан, 2023

Есепсіз несие алатындар азаяды

159 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Салық кодексіне енгізілетін түзетулер бірінші оқылымда қабылданды. Сондай-ақ Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдерге қатысты заң жобасына Сенат енгізген түзетулерге келісімін берді.

Есепсіз несие алатындар азаяды

Салық кодексіне өзгерістер енгізуге бағытталған заң жобасы жөнінде Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Такиев баяндама жасады. Құжат аясында халықтың шамадан тыс несие алуын азайту көзделіп отыр. Осыған байланыс­ты бірқатар салықтық жеңілдік қарастырылған.

«Заң жобаларының негізгі нор­малары Мемлекет басшысы­ның кейбір тапсырмаларын және Конституциялық сот­тың шешімдерін жүзеге асыру­ды заңнамалық тұрғыда қамта­масыз етуге бағытталған. Бірін­ші­ден, бүгін де бәрімізді тол­ғандырып жүрген өзекті мәсе­лелердің бірі халықтың шамадан тыс несие алуын азайту мақ­сатында жеке тұлғалардың берешегі микроқаржылық ұйым­дармен, коллекторлық агент­тік­термен кешірілген кезде қалып­тасатын кірістерді салық салудан босату көзделген.

Сонымен қатар жеке тұлға­лардың проблемалық микро­кредиттері есептен шыға­рылуына байланысты микроқаржы ұйым­дарының кірістерін салық салудан уақытша, яғни үш жылға босату қарастырылған. Екіншіден, негізгі заң жобасы аясында балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босату ұсынылады», деді М.Такиев.

Депутаттың айтуынша, елі­міз­дің азаматтары мен заңды тұл­ға­лары сотқа жүгінгенде ай­қын­­далған мемлекеттік бажды тө­леу­ге мүмкіндігі болмаған жағ­дай­да, конституциялық құқығын толық пайдалануын қамтамасыз ету үшін, осы төлемді кейінге қал­дыру тетіктері көзделген.

«Төртіншіден, екінші дең­гейдегі банктердің Ұлттық Банк ноталары бойынша са­лық салынатын кірісін азайту­ға мүмкіндік беретін құқығын алып тастау жос­парланды. Мұндай қадам оларды бос қаражаттары есебінен экономиканың нақты секторын, соның ішінде бизнесті кредиттеуге бағыттайды деген сенім­мен жасалып отыр. Бесіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатысушыларына салық­­тық жеңілдіктер берудің са­ра­­ланған тәсілін енгізу ұсынылады.

Одан бөлек, Евразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде алкоголь және темекі өнімдеріне акциздердің ставкаларын кезең-кезеңімен арттыру жұмысы аясында сыра қайнату өнімдеріне акциздер ставкаларын литріне 79 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар негізгі заң жобасы аясында салықтық әкімшілендіруге қатысты қолданыстағы Салық кодексінің кейбір нормалары нақтыланды. Оның ішінде жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін жалпыға бірдей дек­ларациялау науқанының алғаш­қы екі кезеңінің өту нәтижелерін ескере отырып, алдағы деклара­ция­лау үрдісіне біраз жеңіл­дік­тер енгізетін нормалар қарас­тырылған», деді М.Такиев.

Сонымен қатар жеке тұлға­лардың проблемалық микро­кредиттері есептен шығарылуына байланысты микроқаржы ұйым­дарының кірістерін салықтан уақытша (үш жылға) және балаларға Ұлттық қор табысынан аударылатын нысаналы жи­нақтарды салықтан босату қарас­тырылды. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда оны бір жылға дейін кейінге қалдыра алады. Ол үшін төлеуге мүмкіндігі болмау себептерін көрсете отырып сотқа талап арыз жазуы қажет. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың (АЭА) қатысушылары мен басқарушы компанияларына олардың жобаларының құнына қарай салық жеңілдіктерін беру­дің сараланған тәсілі енгізіледі.

Жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы арасын­дағы Астанада (Қазақстан Респуб­ликасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшін­ші сессиясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.

«Қаралып отырған заң жобасы Қазақстанда алғаш рет денсаулық сақтау саласындағы жоғары деңгейдегі саяси және дипломатиялық іс-шараны өт­кізуге мүмкіндік береді. Еуропа өңірінің 53 елі қатысатын ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік комитеті жылына бір рет өткізіледі, онда денсаулық сақтау жүйесін дамы­тудың жаһандық мәселелері тал­қы­ланады, денсаулық сақтау жүйе­сін дамыту жөніндегі өңір­лік жоспарлар, қарарлар, шешім­дер қабылданады.

Сонымен қатар таяу күндері ДДҰ-мен бірлесіп, ДДҰ бас директоры Т.Гебрейесустың қаты­суымен МСАК бойынша Алматы декларациясының 45 жылдығы мен Астана деклара­циясының 5 жылдығына арнал­ған МСАК бойынша Жаһандық конференция өтеді. Астана осы күндері жаһандық денсаулық сақтау орталығына айналады», деді А.Ғиният.

Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, аталған іс-шараларға 81 елден 650 делегат, Премьер-министрдің орынбасары – Денсаулық сақтау министрі (Мальта), 18 Денсаулық сақтау министрі, 6 Денсаулық сақтау вице-министрі қатысады.

«ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясының шеңберінде денсаулық сақтау­дың бірнеше жоспары қарала­ды және ұсынылады. Олар мы­наны қамтиды: 2023-2028 жыл­дарға арналған денсаулық сақ­тау қызметкерлеріне қатыс­ты іс-қимылдың негіздемелік бағдар­ламасы; 2023-2030 жылдарға ар­налған микробқа қарсы пре­параттарға көнбеушілікпен күрес жөніндегі жол картасы; 2023-2030 жылдарға арналған босқындар мен мигранттардың денсаулығын сақтау жөніндегі іс-қимыл жоспары.

Сонымен қатар сессия барысында делегаттарға ДДҰ Еуро­палық өңірлік бюросының 2022-2023 жылдарға арналған қызметі туралы есеп, өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар туралы жаңартылған ақпарат, сон­дай-ақ «Кезек күт­тір­мейтін меди­циналық көмек бригадасы» бас­тамасын нығай­ту жөніндегі өңір­лік іс-қи­мыл жоспары ұсы­нылады. Бұл тақырыптар қазіргі таңда әлем тап болған жаһандық дағдарыстарды ескере отырып шығарылды. Нәтижелері бойын­ша Еуропалық ДДҰ-ның бар­лық елдерінің орындауы үшін міндетті болатын қарар қабыл­данады», деді А.Ғиният.

Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары Сенаттың Ұлттық қордан балаларға төленетін төлем­дер туралы заңға енгізген түзе­тулерімен келісті. Балаларға Ұлт­тық қордан қаражат бөлу, оларды төлеу және пайдалану мәселелері бойынша түзетулерге депутаттар бастамашылық жасады.

Заң Мемлекет басшысының 2024 жылдың 1 қаңтарынан «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу туралы тапсырмасы негізінде әзірленген. Оның аясында Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балаларды мерзімінен бұрын алу құқығынсыз 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына ұстау ұсынылып отыр.

Бұған дейін хабарлағаны­мыздай, 20 қыркүйекте Мәжіліс бұл заңды Сенаттың қарауына жолдаған еді. Жоғарғы палата құжатты 13 қазанда кері қайтар­ды. Қаржы және бюджет коми­теті Сенат енгізген түзетулерді қарап, олар редакциялық, нақ­ты­­лаушы және құқықтық сипатта болғандықтан заңның тұжы­рымдамалық ережелерін өзгерт­пейтінін атап өтті.

Сондай-ақ Мәжіліс комитет­тері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша түзетулер мен бірқатар халықаралық рати­фи­кациялық құжат бар. Атап айт­қанда, Қазақстан мен Қыр­ғызстан арасындағы авиация­лық іздестіру-құтқару сала­сын­дағы ынтымақтастық ту­ра­лы келісім, Қазақстан мен Қыр­ғызстан арасындағы «Ақ-Тілек» және «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданын­дағы индустриялық сауда-логисти­калық кешен құру және оның қызметін реттеу туралы келісім, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызмет көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттама жұмысқа алынды.

Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына өз сауалдарын жолдады. Жанарбек Әшімжан V Дүниежүзілік көшпелілер ойынын Қазақстанда өткізу ту­ралы Премьер-министр Әли­хан Смайыловқа сұрақ қой­ды. Депутаттың айтуынша, Дүние­жүзілік көшпелілер ойынының Қазақстанда өтуіне Мемлекет басшысының саяси беделі мен ерік-жігері тікелей көпір болды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өтетін ауқымды іс-шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Және «V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ұлттық спорт іс-шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерілетуге жағдай жасалуы қажет», деп айрықша атап өтті.

Содан бері бір жыл уақыт өтті. Бұл айтулы аламан мемлекет басшысының тікелей назарында. Алайда дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді. Мәлімет бойынша, Үкіметтік деңгейде комис­сия құрылған. Басты сайыс­тар өтетін нысан ретінде Аста­на қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» ипподромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген. Бірақ инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына 8 млрд теңге қарастырылған», деді Ж.Әшімжан.

Депутат спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, келесі жылы өтетін іргелі жиынға қазірден дайындық жасау керек еді. Алайда ешқандай қозғалыс байқалмайды.

Данияр Қасқарауов та Үкімет басшысына жолдаған сауалында спорт мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, соңғы Азиада ойындарының қорытындысы көңіл көншітпейтінін атап өтті.

«Азиада ойындарындағы еліміздің көрсеткіші көңілімізге қаяу түсірді. Бұл жерде спортшы­ларды даттаудың қажеті жоқ. Барын салған спортшы ұл-қыз­дарымызға тек алғыс айтамыз. Дегенмен XIX Азия ойындарында 10 алтын медаль жеңіп алған ел құрамасының бұл көрсеткіші спорт жанкүйерлерінің көңілінен шықпады. Төрт жылда бір рет келетін Азия халықтарының әлемдік додасы біз үшін сәтсіз аяқталды», деді Д.Қасқарауов.

Осы орайда, депутат кейінгі жылдары спорт министрлігін мүлдем спортқа қатысы жоқ кәсіби спортты тек теледидардан көретін лауазымды шенділер басқарып келгенін жеткізді.

«Спорт ұйымдары, министр­лік, Ұлттық олимпиада және федерациялар арасында байланыс жоқ. Бізде бітпейтін легионерлердің жыры. Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір өз спортшыларымыз жетерлік. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашу керек. Ауылдарда кәсіби спортты жоқ деуге болады. Таланттар жетеді. Бірақ инфрақұрылым жоқ. Себебі жағдай жасалмаған. Ашығын айтқанда, мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат орынсыз жұмсалып жатыр», деді Д.Қасқарауов.