Фото: Ашық дереккөз
Этнограф Болат Бопайұлы: «Қыз алып қашуды қазақтың дәстүріне теліп, салты деп санап ешқандай келісімсіз адам ұрлаушылардың әрекеті ешқандай ақтауға келмейді», дейді.
«Ертеде жарлы, жалшының баласы деп бай қызын бергісі келмегенде қыз бен жігіт сөз байласып, уағдаластықпен алып қашу үрдісі болған. Жігіт алып қашады, қыз ілесіп қашады. Ғашықтық жырлардағы Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлеген, Қалқаман-Мамырдың тағдыр-талайында шарасыздық пен кезіккен кедергіден өтудің ақыры қайғымен аяқталған. Қазіргі күні ше, көшеде кетіп бара жатқан, мүлде танымайтын бейтаныс қыз баласын шырылдатып өңгеріп әкету адам ұрлау емей немене?! Қой торыған қасқырдай ізінен аңдып алып қашу заңға мүлде қайшы. Рас, кезінде ата-анасы қарсы болғандықтан, рулық қайшылықтардың кедергі келтіруінен мұңлықтар қосылудың басқа амалын таппаған соң осындай қадамға барған. Онда да қыздың ықыласымен іске асқан. Қыздың өзі жүйрік атын жарау күйіне жеткізіп, уәделі күнге дейін қашып кетудің қамын ойластырған. Жолға қажет азығын дайындап алып сүйгеніне ілескен. Қазір мүлде танып-білмейтін адамды алып қаштық деген желеумен әкеледі де, түрлі қорқыту, үркітумен психологиялық қысым жасау арқылы көндіріп жатады. Ал кейін жас жұбайлар жарасым таппай екіге айырылатын жайт да жиі ұшырасады. Көпшілігі босаға аттап қойған соң амалсыз көндігетіндіктен де «шарасыздан шалға тидім» дейді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бүгінгі күнде де ата-анасы қарсы болатын жайт та кезігеді. Басқа да тұрмыстық жағдайына байланысты сыңсу айтып ұзату тойын жасау қалтасына салмақ салатындықтан екі жастың өзара келісімімен алып қашуды да естіп біліп, көріп жүрміз. Заңмен тыйым салғанда бұған да баса мән беріп, қыздың өз ырқымен келгенін ескеру керек деп санаймын», дейді Болат Бопайұлы.