Халықтың 84 пайызында несие бар
Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгінде халықтың басым бөлігі қарызға белшесінен батқанын атап өтті. Бұл – әлеуметтік күрделі үрдіс.
«Қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. Халық несие қамытын киіп отыр десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік мәселеге айналды. Бүгінгі жиында біз осы түйткілді жан-жақты талқылаймыз. Осы мақсатта жауапты органдарды – Үкімет мүшелерін, агенттіктер мен құзырлы мекемелер басшыларын арнайы шақырдық.
Мемлекет басшысы Жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берді. Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені біз аймақтарға жиі шығамыз. Өзім де талай өңірге бардым, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр», деді Е.Қошанов.
Мәжіліс төрағасы келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар. Кейінгі бір жарым жыл ішінде бұл сан 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге.
«Яғни 1,7 миллион адам қарызын уақтылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие мәселесінің қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді. Мұндай жағдайдың себебі неде? Халықтың несиесін жаба алмауына қаржы институттарының да үлесі бар деп санаймын. Қаржы институттары тартымды жарнамаларын да кеңінен жариялайды. Бұл ретте, несие алу үдерісінің жеңілдігін ескерген жөн. Қазір 14-16 жастағы жасөспірім де онлайн несие ала алады, яғни смартфон мен интернет арқылы оңай рәсімдей салады. Бұл жаста қаржылық жауапкершілік алған дұрыс па? Кейін бұл несиелерді олардың ата-аналары мен ата-әжесі төлейді.
Адамдар ойланбастан несие ала бастады. Кейде мүлдем қажет емес заттар үшін қарызға батады. Екі немесе одан да көп несие алу әдеттегі тәжірибеге айналды. Бір адам микроқаржы ұйымдарынан жиырмаға дейін несие алған жағдайлар бар. Сосын осы қарыздан құтылмақ болғандар бұрынғысын жабу үшін жаңа несие алуға банктерге қайта-қайта жүгінуге мәжбүр. Мұндай мысалдар көп», деді Е.Қошанов.
Осы орайда, Мәжіліс төрағасы банктердің несие берешегі жабылмаған адамдарға қалай несие беретініне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ іс жүзінде халықтың көп бөлігі банк келісімшартына мұқият мән бермейді де, бірнеше еселеп төлейді. Салдарынан ажырасады, ішімдікке салынады, суицидке барып, лудоманияға салынады.
«Мемлекет бұл ретте қиын жағдайға тап болған азаматтарға барынша көмек қолын созып келеді. Президент 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз кредитін кешіру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң да өз тиімділігін көрсетті. Бірақ мәселені түбегейлі шешу үшін әлі де кешенді шаралар қажет. Бірінші, халықтың қаржылық сауатын арттырған абзал. Жасыратыны жоқ, көптеген азамат өзінің қаржылық құқығын біле бермейді. Соның салдарынан қайта-қайта қарызға ұрынып жатады. Осының алдын алу үшін «Amanat» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған еді. Бағдарлама қысқа уақыттың ішінде тиімділігін көрсетті. Президент те өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше тоқталып, жалпыхалықтық бағдарламаға айналдыру керектігін айтты.
Қазір жоба Үкімет, құзырлы органдар және жергілікті әкімдіктермен бірге бүкіл ел бойынша іске асырылып келеді. Бүгінгі таңда 52 мың адам оқытылды. Халық осы бағдарламаның қажет екенін әрі уақтылы қолға алынғанын айтып отыр. Қаржылық сауаттылық курсын мектеп пен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу қажет деп санаймын. Жастар ақшаны орнымен жұмсау, бюджетті жоспарлау, инвестиция салу сияқты базалық ұғымдарды меңгергені жөн. Осы жұмыстың барлығы бүкіл мүдделі органдармен, қаржы институттарымен және әкімдіктермен бірлесіп жалғасын табуға тиіс», деді Е.Қошанов.
Мәжіліс төрағасы түйткілдің салдарымен емес, оның себебімен күресудің маңызына тоқталды. Сондықтан несие беруге қойылатын талаптарды заңнамалық деңгейде күшейтуге шақырды. Оның пайымдауынша, қарызын өтей алмайтын азаматтарға несие беруге тыйым салу қажет.
«Онлайн несие алу ережелерін қатаңдатып, кредит берудің шарттарын қайта қарау керек. Жеке тұлғаларға берілетін несиелер бойынша шекті пайыздық мөлшерлемені төмендету маңызды. Кредиттерді коллекторлық ұйымдарға сатуға толық тыйым салуды енгізген жөн. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалуына жол бермеуге тиіспіз. Сондықтан бүгін біз халықтың қарыздық жүктемесін азайту шараларын жан-жақты талқылап, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Тағы да қайталап айтамын, бұл Президенттің тапсырмасы және оны депутаттар ерекше бақылауда ұстайды.
Халықтың шамадан тыс кредит алуы мемлекеттің әлеуметтік саясатына да салмақ түсіреді. Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймаса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай. Бұл – әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Сондықтан біз бұл мәселені мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек», деді Е.Қошанов.
«Qoldau» қиналғандарға көмек көрсетеді
Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев та несие мәселесінің күрделі екеніне назар аударды. Ол азаматтардың тұтыну несиелері бойынша қарыздық жүктемесін шектеу шаралары заңнамалық деңгейде қайта қаралатынын айтты. Сондай-ақ кепілсіз онлайн несиелеу сегментіндегі борыштық тәуекелдерді төмендету мәселелері қарастырылып жатыр. Сала басшысының айтуынша, Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп арнайы Жол картасы әзірлеген.
«Жол картасының әрбір бағыты бойынша жұмысты үйлестіру үшін әкімдіктерде жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді. Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылады. Жобалық офистердің негізгі міндеті – несие мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру. Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөледі.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталды. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленіп жатыр. Ол үшін әдістемелер мен оқу құралдары дайындалады. Нәтижесінде, осы бағыт шеңберінде 550 мың оқушы мен студентті оқыту жоспарланған», деді Е.Жамаубаев.
Қаржы министрі шамадан тыс кредит алуды төмендетуге кешенді шаралар қажет екеніне назар аударды. Әсіресе банктер мен микроқаржы ұйымдарының пруденциалдық реттеуін қайта қарау қажет.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулерді пысықтап жатыр. Атап айтқанда, түзетулер топтамасы халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендетуге және борыштық жүктеменің өсуін шектеуге; алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға; банк омбудсменінің қызметін күшейтуге бағытталған. Проблемалық несиелері бар қарыз алушылар үшін қарызды реструктуризациялауға көмек көрсетіледі.
Заңнамалық деңгейде тұтынушылық кредиттер бойынша азаматтардың борыштық жүктемесін шектеу қарастырылады. Мысалы, азаматтардың мерзімі өткен кредиттеріне сыйақы есептеуді шектеу, проблемалық берешегі бар қарыз алушыларға жаңа кредиттер беруге тыйым салу ұсынылады. Сондай-ақ кепілсіз онлайн-кредиттеу сегментінде тәуекелдерді азайту мәселелері пысықталып жатыр. Азаматтар өз мәселелерін банкроттыққа жүгінбей шеше алатындай етіп, сотқа дейінгі реттеу аясында құқықтарын қорғауды күшейту маңызды. Бұл тұрғыда банктік омбудсмен маңызды рөл атқаруға тиіс», деді Е.Жамаубаев.
Мұндай мәселені шешу тетіктерінің бірі – жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану. Министрдің сөзіне сүйенсек, соның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны – соттан тыс банкроттық рәсім.
«Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша ғана қолдануға болады. Азаматтар өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы (eGov.kz.), сондай-ақ «Е-salyq Аzamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшалары арқылы бере алады. Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл ақпараттық жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің тиісті критерийлерге сәйкестігін 24 мемлекеттік орган мен ұйымның базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болады.
Биылғы 3 наурыздан бастап 68 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 55 мыңы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеу. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгініп, 35-тен астам банкроттыққа қатысты шешім шығарылды», деді Е.Жамаубаев.
Сала басшысы осыған қарамастан жекелеген борышкерлер кейбір кедергілердің салдарынан әлі де банкроттық рәсімін қолдана алмай отырғанын жеткізді. Бұдан шығатын жол ретінде министр соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейтуді ұсынды. Азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату қажет. Төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден өтініш берушінің 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісін растауды алып тастау керек Сондай-ақ төлем қабілетін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына шектеуді жоюды ұсынды.
Алаяқтарға алданатындар көп
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 1 млн теңгеге дейінгі кепілсіз тұтынушылық несие жалпы қарыз сомасының 27 пайызын, 1-ден 3 млн теңгеге дейін – 34, 3-тен 5 млн теңгеге дейін – 19, 5 млн теңгеден жоғары несиелер бойынша 21 пайыз құрайтынын хабарлады. Сонымен қатар биыл 7 айда микроқаржы ұйымдарында тұтынушылық шағын несиелердің көлемі 11,6 пайызға артып, 725 млрд теңгеге жеткен. Тұтыну несиелерінің өсуін және қарыз сомасын шектеу үшін агенттік банктер мен микроқаржы ұйымдарының меншікті капиталына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған шараларды қабылдады. Атап айтқанда, микроқаржы ұйымы несие портфеліндегі 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттер үлесіне 20 пайыз деңгейінде ең жоғары шек енгізілді.
«Қазір агенттік 45 күндік мерзімге және 50 АЕК-ке дейінгі сомаға шағын несиенің ерекше түрін толығымен алып тастау мәселесіне бастамашы болды. Бұл ретте, онлайн-несие беретін компаниялар жұмысын жалғастыра береді, яғни барлық микрокредиттік ұйымдар үшін белгіленген бірыңғай мөлшерлеме бойынша кез келген кезеңге шағын несие бере алады.
Несиенің проблемалық портфелінде ең көп кредит беру онлайн-несие сегментінде байқалды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша микроқаржы ұйымдарының тұтыну несиесі портфеліндегі онлайн-кредиттердің үлесі 197 млрд теңгені құрады. Алайда қарыз алушылар саны 1 млн 91 мың адамға жетті. Атап айтқанда, 37 млрд теңге сомасындағы проблемалық шағын несие 297 адамға тиесілі», деді М.Әбілқасымова.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха киберқылмыстың, соның ішінде интернеттегі алаяқтықтың азаматтардың шамадан тыс кредит алуына әсері туралы айтты. Сондай-ақ биыл шілдеден бастап барлық өңірде құрылған құрамында жедел уәкілдерден, тергеушілер мен криминалистерден тұратын «CyberPol» мамандандырылған тергеу-жедел топтарының жұмысына тоқталды.
«Биыл 13 700-ден астам интернеттегі алаяқтық тіркеліп, соның салдарынан 13,5 мыңнан астам азамат зардап шекті, оның 70 пайызы – қала тұрғыны, қалған 30 пайызы – ауыл халқы. Зардап шеккендердің әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Бұл бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер, жеке кәсіпкерлер және басқалар. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын 11 млрд 355 млн теңгені құрайды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 2,5 мың түрлі интернетте алаяқтық жасаған 521 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілерге 523 миллион теңге көлемінде шығын өтелді», деді И.Лепеха.
Букмекерлердің қаржы айналымы күрт өскен
Депутат Руслан Берденов құмар ойындарға тәуелділіктің шамадан тыс кредит алудағы рөліне назар аударды. Оның айтуынша, еліміздегі 157 мың құқық бұзушылықтың 20 пайызы немесе 31 мыңы құмар ойындарының кесірінен жасалған. Мәжілісмен бұл мәселеде шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.
«Құмарлықтың соңы әр отбасына қасірет болып, арты қайғылы оқиғаларға соқтырып жатыр. Естеріңізге саламыз, 3 676 суицидтің әрбір 5-ші жағдайы құмар ойынмен байланысты. «Өлімнен қорлық жаман» дейді. Кім осы бизнестің құрбаны болғаны үшін жауапкершілік алады? Мектеп жасындағы 3,5 млн баланың 700 мыңнан астамы 1 рет болсын бәс тіккен. Бұл еліміздегі құмар ойыншы санының одан да әрі өсетінін көрсетеді.
Алаңдататыны, 2017 жылдан бастап букмекерлік бизнес айналымы 15,5 млрд теңгеден 2022 жылы 553,6 млрд теңгеге дейін 35 есе өскен. Бірақ салық төлемінің мөлшері өзгермей, сол 2017 жылғы деңгейде тұрып қалған. Жауапты министрлік құмар ойындардың онлайн жүйесін жапсақ, бюджетке түсетін салық азайып қалады деген негіздеме айтады. Ал негізгі мақсат салық болса, неге 2017 жылдан бері салық мөлшерін көтеру мәселесі айтылмаған?» деді Р.Берденов.
Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, онлайн-құмар ойындарға, букмекерлік бизнес жарнамасына толығымен тыйым салуға шақырды. Сондай-ақ осы саладағы салық мөлшерін ұлғайтудың маңызын атап өтті.
Парламенттік тыңдау кезінде «Қарызсыз қоғам» бағдарламасының қатысушысы, Түркістан облысының Түлкібас ауданының тұрғыны Мөлдір Тұрысбекова өз несие тарихымен бөлісті. Төрт баланың анасы бүгінде жаңа кесте бойынша несиесін төлеп, жаңа қарыз алмай, кірістері мен шығындарын реттеп алғанын жеткізді.
«Айлығым 131 мың теңге, ал несием 250 мың теңге. Әріптестеріме де, ауылдағы дүкенге де қарыздарым көбейіп қалған. Барлық мәселені тыңдап шыққан соң, көзімше сот орындаушыларға хабарласып, менің атымнан ол кісілерге міндеттеме әзірлеп беріп, жалақы алатын картамды бұғаттаудан босататынын айтқанда қалай қуанғанымды жеткізу мүмкін емес. Өйткені жағдайым шынында да өте қиын еді. Міне, осылай айлығыма қол жеткіздім», деді М.Тұрысбекова.
«Қарызсыз қоғам» бағдарламасының тағы бір қатысушысы, Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының тұрғыны Сағидулла Жұматаев жобаға қатысу арқылы қосымша табыс көзін реттеп, несиесін төлегенін айтты.
«Жақында ұлым Астанадан үй аламын деп, оған 3 миллион теңге жетпеді. Мен несие алып, сол 3 миллионды балама бердім. Қосымша табыс тауып, шағын шаруашылығымды қолға алғанша айына 200 мың теңге төлеу қиынға соқты. Зейнетақым несие төлеуге кететін. Осы несиеден тез құтылуға асықтым, төлегенше мазам кетті. Ай сайынғы шығындарымды санап, қысқартып, қосымша табыс көзін реттеп, осы несиемді төлеп тастадым. Бұдан былай несиеге жоламаймын деп шештім. Шағын шаруашылығымды одан әрі дамытып, тапқан табысыма ие болып, жайлы, тыныш өмір сүргенге не жетсін?» деді С.Жұматаев.
Баяндамалар аяқталған соң депутаттар сұрақтарын қойды. Парламенттік тыңдау қорытындысы бойынша барлық ұсыныс пен ескертпелер депутаттар мен жауапты мемлекеттік органдардың бақылауында болады.