Мәселе • 23 Қазан, 2023

«Қазсушар»: Тариф бар түйткілді шеше ме?

316 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халықаралық қаржы ұйымдары алдындағы қары­зы 100 млрд теңгеден асқан «Қазсушар» тығы­рық­тан шығып, қайта тыныс­таған­ша талай күш-қуат кететін сияқ­ты. Өйткені бұл жерде мә­селе салынған су инфра­құ­рылымын қалпына кел­тіру жобаларының өз-өзін ақтауына және қа­рыз қаражатының рет­те­ле­тін қызметтерге арнал­ған тарифтер арқылы қайта­ры­луына келіп тіреліп отыр.

«Қазсушар»: Тариф бар түйткілді шеше ме?

Бірнеше жыл бұрын «Қазсушар» РМК Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарындағы суармалы жерлердің су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру жобаларына Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) 60,9 млрд теңге және Ислам даму банкінен (ИДБ) 53,2 млрд теңге қарыз алғаны мәлім. Кейіннен мемлекеттік кәсіпорын бұл қарыздардан бас тартуға немесе олардың сомасын төмендетуге, сондай-ақ осы қаражат жіберілген нысандарға тексеру жүргізуге кірісетінін хабарлады.

Жалпы алғанда, қарыз қаражатының 40%-ы пайдаланылса, қалғаны агрега­циялық желілерді қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама жиынтығының (ЖСҚ) дұрыс алынбауына байланысты игерілмей қалған. Нақтырақ айтқанда, 2018 жылдан бері 18,9 млрд теңге өз арнасын таппай келеді. Бес жылдан бері шоттарда жинақталып жатқан қаражаттың айналымға еніп, азаятын түрі жоқ. Жоғары аудиторлық палатаның ақпаратына қарағанда, қаржы-шаруашылық қызметті тиімсіз басқару, жобалық менеджменттің қателіктері және су тұтынушыларының қолда бар қарыздары компанияның қаржылық жағдайының тұрақсыздығына алып келген. Мемлекеттік қаржы­ландыру тоқтатылған жағдайда мате­риалдық активтердің тозуы жоғары «Қазсушардың» тұрақсыз қаржылық жағдайы оған жаңа активтерді дербес сатып алуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ олар өз нысандарына жөндеу жасап, техникалық қызмет көрсете алмайды. Бұған қоса халықаралық қарыздар шеңберінде жобалардың әлсіз іске асырылуы кәсіпорынның қосымша шығындарының ұлғаюына ұрындырды.

вап

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жобалау кезінде жіберілген қате­лік­терге, сондай-ақ иррига­ция­­­лық жүйе­­­лердің сақталуы қам­та­масыз етіл­ме­уі­не байланысты Ақтөбе облысының тұрақ­ты суару­ объек­ті­л­ерін реконструкция­лау жөнін­де­гі­ аяқталған жобалары пайда­ланыл­май отыр. Сол секілді 2020 жылы Алматы облысының фермерлері ИДБ қарызы бойынша ирригациялық желі­лер­ді жөндеу жұмыстары сапасыз жүр­гізілгеніне шағымданған еді. Жылдар бойы өз шешімін таппаған бірқатар гидротехникалық нысанның қанағат­та­нарлықсыз жағдайына қара­мастан, тірек гидротехникалық нысандардың қауіп­сіз­дігі декларацияланбайды, физикалық тозуды анықтаудың шынайы әдістемесі жоқ. Салдарынан олардың нақты жағдайы бойынша талдау бұрмалануы мүмкін. Мәселен, «Қазсушар» балансында тұрған бұл құрылыстарды автоматтандыру өте төмен деңгейде қалып отыр. 5 932 су шаруашылығы нысандарының тек 118-і (2%) автоматтандырылған. Оның өзінде автоматтандыру тек 47 нысанда (40%) жұмыс істейді.

Операциялық шығындар, инвес­ти­циялық жобаларды іске асырудағы кем­ші­ліктер, сондай-ақ халықаралық банк­тер алдындағы қарыздық міндеттемелер кәсіпорынды құрдымға әкетіп бара жатқандай. Бұл жақында «Қазсушардың» алдағы бес жылға арналар арқылы су берудің жаңа тарифтерін бекіту жөніндегі өтінімінен де байқалды. Орташа алғанда, тариф екі еседен аса қымбаттауы мүмкін. Шаруа­шылық жүргізу құқығындағы мем­ле­­кеттік кәсіпорын механикалық сумен қамтамасыз етілетін ауыл шаруа­шы­лығы өндірушілері үшін суару құнын текше метріне 27,8 теңгеден 59,2 теңгеге (өсім 112%-ға дейін) ұлғайтуды ұсынды. Су өздігінен ағатын фермерлер үшін тарифті текше метрін 0,665 теңгеден 1,436 теңгеге дейін (өсім 116%) ұлғайту сұралды.

«Қазсушар» суаруға арналған агробизнес шығындары әкімдіктер арқылы бөлінетін мемлекеттік субсидиялармен ішінара өтелетінін алға тартады. Олар кейінгі жылдары тұтынылатын көлемдер мен су үнемдеу технологияларын пайдалануға байланысты бекітілген су пайдалану тарифінің 75%-ына дейін қаржыландырады. Бірақ су беру тарифінің өсуімен мемлекеттен субсидиялар көлемін де ұлғайтуға тура келетінін, ал сол субсидияның өзі салық төлеушілердің есебінен қалыптасатынын ескерген жөн. Оған қоса су шаруашылығы нысандарын реконструкциялаудың түрлі жобасы аясында оның шығыны да азаймай тұр. Қазірде су көлемінің 70%-ын ауыл шаруашылығы өндірушілері тұтынады. Былтыр арналар арқылы тұтынушыларға іс жүзінде 9,4 млрд текше метр су берілсе, шығын көлемі (негізінен шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарда) 2,15 млрд текше метрді құраған. Яғни су шаруаға толық көлемде жетпей, жарты жолда жоғалып жатыр. Егер нақты тұтынған су көлемін ғана төлейтін болса, аграршылар тарифтің көтерілуіне қарсы емес. Бірақ олар арналар мен желілерде орын алатын артық шығындар үшін төлеп жатыр. Бұл ретте фермерлер суару шығындарын субсидиялауды алып тастауды ұсынды. Оның орнына осы қызметті жеткізушіні субсидиялай отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ақылға қонымды тариф белгілеу қажет деп санайды олар.

Сонымен қатар «Қазсушардың» түсін­ді­руінше, қарыз қаражатын қайтару бойынша шығындарды тек жобалық аумақтарда есепке алған жағдайда тарифтер деңгейі болжамды түрде ондаған есеге артады және тек көрсетілген өңірлердің тұтынушыларына салмақ түседі. Сондықтан ЕҚДБ мен ИДБ қарыздарын қайтару мен олар бойын­ша сыйақылар төлеуді ескере отырып, республикалық тарифтік смета бекіту ұсынылды. Тарифтердің күрт өсуіне жол бермеу үшін қарызды өтеу бойынша жүктемені барлық өңірге бөлу, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілер үшін тарифтердің деңгейін теңес­тіру көзделіп отыр. Яғни оңтүстік аймақ­тарда толық жаңғыртылмаған су шаруашылығы инфрақұрылымы үшін қарызды басқа өңірлер де төлеуі қажет. Мәселен, оңтүстіктің салынбаған суару жүйелеріне алынған қарызды «Қазсу­шардың» негізгі кіріс көзі ‒ Қ.Сәтбаев атындағы арна төлейді. Нәтижесінде, тарифтен түскен ақша оның өзіне бұйырмайды, сәйкесінше қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге, қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қажетті қаражаттан айырылады.

Сонымен қатар Екібастұз ГРЭС еліміздің солтүстігінің басым бөлігін, соның ішінде Астана мен оларға су беретін Сәтбаев арнасын электр қуатымен қамтамасыз ететіні белгілі. Ол сондай-ақ энергия тапшы оңтүстік өңір үшін электр қуатын өндіреді. Егер электр стансалары үшін су беру құны қымбаттайтын болса, онда бұл келесі жылы ел экономикасының едәуір бөлігі үшін, оның ішінде «Қазсушардың» өз тұтынуы үшін электр энергиясына тарифтердің өсуіне әсер етеді.

Кәсіпорынның 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы гидротехникалық нысандарды қайта жаңартуды, жобалық құжаттаманы әзірлеуді, 111 млрд теңге сомасына жабдықтар мен арнайы техниканы сатып алуды көздейді. Сондай-ақ ЕҚДБ мен ИДБ-ның 69 млрд теңге көлеміндегі қарыз қаражаты пайдаланылмақ. Бұл ретте тарифтің өсуіне салынған инвес­тициялар мемлекеттік кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштерін қаншалықты жақсартатыны маңызды.

Су тапшылығы проблемасы жыл­дан-жылға күрделеніп барады. Жаһандық жылыну, трансшекаралық суларға тәуелділік, суды тиімсіз пайдалану нәтижесінде 2030 жылға қарай су тапшылығына тап болуымыз мүмкін. Әрі қарай халық пен экономиканың өсу үрдісіне сай тапшылық 12-15 млрд текше метрге дейін барады. Ал бізде жауапты су тұтыну мәдениеті жоқ. Ауыл шаруашылығындағы шығындар жекелеген аймақтарда 40 пайызға жетіп, су нысандарының нақты тозуы 60 па­йыздан асады. Сондықтан Президент халыққа Жолдауында суды үнемдеудің озық технологияларын енгізуді жылына кемінде 150 мың гектарға дейін жеделдету, 20 жаңа су қоймасын салу, кемінде 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын қайта жаңартып, кемінде 3 500 шақырым каналды жаңғырту және цифрландыру қажеттігін нығыздады. Бұл маңызды міндеттердің орындалуы су шаруашылығы жүйесін дамытумен дербес айналысатын жаңа ведомствоның, ұлттық гидрогеологиялық қызметтің біліктілігіне байланысты болмақ. Оның аясында «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларды қоса алғанда, елдің су шаруашылығын басқарудың бүкіл жүйесі түбегейлі өзгеруге тиіс.