Экономика • 24 Қазан, 2023

Контейнерлік тасымал табысты ма?

242 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада «Көлік және логистика нарығы» атты V халықаралық конференция аясында «Озық технологиялар және контейнерлік тасымалдау трендтері» тақырыбында сессия өтті. Оған отандық және бірқатар елдің мамандары мен ғалымдары, сондай-ақ салаға қатысты сала басшылары қатысты.

Контейнерлік тасымал табысты ма?

Жезқазған контейнерлік терминал құруға тиімді жер

Сессияда «Орталық Азиядағы көлік және логистика бойынша серіктестік» қауымдастығы ЗТБ президенті Берік Бөлекбаев, Қа­зақ­стандағы контейнерлік тасымалдау нарығын дамытудың жаңа векторының біріне Жезқаз­ған­да контей­нер­лік терминал құ­ру мәселесін қойды. Сөйтіп, оған негіз болатын алғышарттар тура­лы ойымен бөлісті.

Қазір әлем бойынша, соның ішінде Азия елдерінде жүк ағыны ұлғайып жатқан кез. Соның бірі контейнерлік тасымалдауға ерек­ше көңіл бөлініп отыр. Бұл – бүгінгі күннің тренді. Ал Қазақ­стан басты бағдар, ТХКБ-ға қатыса отырып, бұл тасымалдың жаңа түрінен қалыс қалмайтыны анық.

«Елдегі транзиттік бағдардың әлеуе­­тін арттыру туралы сөз қоз­ға­ған­да, инфра­құрылымды дамыту, оның қата­рын­да контей­нер­лік терминал құру ісіне айрықша назар аударғанымыз жөн. Ірі контейнерлер жағдайы түсінікті, олар Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент қалаларында орналасқан және тұрақты жұмыс істеп тұр.

Десек те, қазір тенденция, гео­сая­сат өзгеріп жатқан кез. Бағ­дар­лар мен жүк ағыны да өзгеруде және олар­дың қарқыны да жылдам. Баршаға аян, Жетісу, Абай, Ұлы­тау облыстары жа­ңа­­дан ашылды. Сол кейін ашыл­ған облыстың орталығы – Жез­қазған қаласы. Осы Жез­қазған қаласы Қарағанды облы­сына қа­расты болған кезде, назардан тыс қалып, дамуы кен­желеді. Енді ол облыстың ор­та­лығы болғандықтан, қалайда дамудың даңғыл жолына түсері анық. Оның үстіне мұнда 9 ірі кә­сіпорын ашылады. Сондай-ақ Жез­қазғанның үстінен негізгі бағдарлар – Солтүстік – Оңтүстік, Батыс – Шығыс, сондай-ақ ТХКБ өтеді.

Мұнымен айтпағымыз, Жез­қаз­­ған­ның географиялық орналасуы ішкі және транзиттік бағ­дарларға қолайлы. Соған қа­ра­мастан Жезқазғанда кон­тей­нер­лік терминал жоқ. Алайда сол жерде жұмыс істеп жатқан тау-кен кәсіпорындары терминал салуға және оның құрылысына инвестиция салуға мүдделі. Осы жоба тура­лы Атамекенмен, облыс әкімшілігімен және өңірлік көлік, бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Аталған қалада контейнерлік терминал салудың тағы бір тиімді тұсы – келешекте Қарағанды мен Жезқазған арасында төрт жо­лақты автожол, сондай-ақ Жез­қаз­ған мен Қызылорда қалалары арасында да автокөлік жолын салу жобасы жүзеге аспақшы. Жез­қазған – Сексеуіл теміржол же­лісі бойында да 17 станса жұ­мыс істейді. Әуежай да алыс емес. Ең бастысы, қалада 9 ірі өн­­ді­рістік кәсіпорынның ашылатыны транзиттік бағдарды айт­па­ғанда, ішкі жүк ағынының ұл­ғаюы­на жол ашады. Сондықтан бұл қалада контейнерлік терми­нал құруды контейнерлік тасымалдауды дамытудың бір бағыты ретінде қарастырған абзал», деді ЗТБ президенті.

 

Контейнерлік тасымалдағы  кедергілер

Осы тақырыпты екінші қыры­нан қарастырған отандық вагон (контейнерлер) оператор­лары мен тасымалдаушылар қа­­уым­дастығының бас директоры Салтанат Адамбаева, ел территориясы арқылы өтетін транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемінің жылдан-жылға өсіп келе жатқанына тоқталып, елімізде контейнерлік тасымал­ды дамытуға кедер­гі болып отыр­ған негізгі факторларға назар аудартты. Соның бірі ин­фра­құ­ры­лымдық шектеулерге қа­тыс­ты болды.

«Қазақстанда жүк жөнелту­шілер экс­­портқа бағыт­тал­ған жүктерін жаппай контейнерлерге тией алмайды. Өйт­кені оған инфрақұрылымдық шектеу­лер бар. Яғни контей­нер­лік алаң, арнайы кран, тағысын тағы құрылғылар қажет. Жалпы, еліміздің импорт, экспорт, рес­пуб­ликалық бағыттағы темір­жол желісі вагондарды тасымал­дау­ға арнал­ған», деді ол.

Сондай-ақ тасымалдау үде­рі­сі­нің барлық қатысу­шы­сының теміржол көлігі қызметтеріне тең дәрежеде қол­же­тімсіз екенін, оған қоса контейнерлік тасымалдауды қамтамасыз етуге фи­тин­гілік платформалардың да жетіс­­пей­тінін айтты. Сөйтіп, транзиттік бағыт­та жүк тиел­­­­ген контейнерлерді тасымалдау ба­ры­сында тариф саясатының тұрақ­сыздығын және бос кон­тей­нер­лерді меншік иесі еліне уақтылы қайтару қам­та­масыз етіл­мей отырғанын еске салды.

Пікір алмасу барысында қаты­су­­шы­лар контейнерлеуді тез арада дамыту қажетін бірауыздан қолдады. Бұл  Қазақстанға тран­зит­тік және экспорттық та­сы­мал­дау көлемін 4,1 млн ЖФЭ-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Себе­бі біздің елдің жүк тасымалдау кө­лемін ұлғайтуға әлеуеті жетеді.

Мұндағы ұтымдысы – елі­міз­дің теңіз тасымалымен са­лыс­тыр­ған­да тасымал­дау уа­қы­тын қыс­қартуға мүм­кіндік бере­тін қо­лай­лы географиялық орналасуы. Сондықтан рес­публикалық Кон­тей­нер­лендіру бағ­дарламасын дайын­дау ке­зінде мүмкіндігіне қарай на­­рық сыйым­дылығын, даму сце­нарийлерін, ҚТЖ мен мем­ле­кеттің рөлін анықтау өте ма­ңызды болмақ.

Негізі Қазақстан Орталық Азия мен Каспий аймағындағы то­лыққанды кө­лік хабына айналуды мақсат тұтты. Осыған бай­ланысты саланы дамыту, тран­­­зиттік ағындарды тарту ба­ғы­тында ауқымды жұмыстар атқа­рылып жатыр. Қазір бір­қа­тар стратегиялық маңызды инфра­құ­ры­­лымдық жоба жүзеге асы­рылып, әкім­шілік кедергілерді азайту және икем­ді тариф саясатын іске қосу шаралары қолға алынған. Инфра­құрылымды жаң­ғыр­туға ерекше көңіл бөлініп, тран­зиттік жүктердің жыл­дам­ды­­ғын арттыру шаралары басты назарда тұр.