Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жасөспірім қылмыскерлер
2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Мемлекет басшысы: «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын» деген болатын. Ал өткен жылы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп тұрғанын айта келе: «Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге әкеліп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел» деп атап өтті.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті ведомствоаралық үйлестіру және алдын алу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Елена Ваганованың айтуынша, қазіргі күні бұл саладағы ең өткір тұрған мәселе – есірткіні таратуға кәмелетке толмағандардың көптеп араласа бастауы. «Жылдан-жылға есірткі таратқаны үшін ұсталып жатқан балалардың қатары артып келеді. Осы жылдың өзінде елімізде 18 жасқа дейінгі 31 бала ұсталды», дейді ол.
Айта кетсек, 2020 жылы елімізде жасөспірімдер жасаған 15 есірткі қылмысы (оның 5-і өткізу) тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 26 фактіге дейін көбейген. 2022 жылы 25 қылмыс орын алған. «Биыл ұсталған кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж оқушылары, сондай-ақ мектеп оқушылары да бар. Бұның барлығы бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылмаса да, құқық бұзушылардың көбею үрдісі мәселенің күрделі екенін аңғартады», дейді тәртіп сақшысы.
Синтетикалық есірткі сергелдеңі
Елена Ваганованың айтуынша, кейінгі жылдары синтетикалық есірткінің көптеген түрінің пайда болуы жағдайды тым ушықтырып жіберген. Бұрын нашақорлар тұтынатын шөп түріндегі есірткі заттарын өсіру мен дайындау көп уақытты және күтімді қажет етсе, «синтетика» өте арзан жолмен әрі жылдам жасалуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ оны дайындауға арналған компоненттерді заңды түрде сатып алу мүмкіндіктерінің болуы синтетикалық есірткілердің тіпті жасөспірімдер үшін де қолжетімділігін арттырған.
Мамандар ресми статистика бойынша елімізде есірткі тұтынушылар саны жылдан-жылға азайып келе жатқанына қарамастан, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары керісінше көбейгенін айтып дабыл қағып отыр. Синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар, әсіресе жастар арасында көп қолданылады. Біріншіден, ол заттарды алу үшін арнайы «нүктелерге» барып жүрмей, интернет арқылы қол жеткізу мүмкіндігі, екіншіден, бірден «баурап» алатын қасиеті өзіне тәуелді жастардың тым көбеюіне әкеп соқтырып жатыр. Мәселен, өткен жылы тіпті танымал «Mad Men» тобы жігіттерінің синтетикалық есірткі жасап сатқаны үшін ұсталып, сотталуы бұл пәлекеттің бет алысы қандай қорқынышты екенін аңғартса керек.
«Жасырып кетуші» баланы қалай білеміз?
Полиция полковнигі Елена Ваганованың айтуынша, кейінгі жылдары есірткі бизнесіне байланысты «жасырып кетуші» деген жаңа «қызмет» түрі пайда болды. Бұл қызметті көбіне-көп жасөспірімдер атқарады. Ол қандай жұмыс? Интернеттегі сауда нүктелері арқылы тұтынушы есірткі сатып алғаннан кейін оны «жасырып кетушілер» адам көзі түсе бермейтін бір орынға жасырады да, мекенжайды және сол орынның фотосуретін тапсырыс қабылдаушыға жібереді. Ол өз кезегінде тұтынушыға береді. Осылайша, сатушы мен тұтынушы арасында тікелей қарым-қатынассыз-ақ сауда-саттық байланысы жүреді.
– Баланың «жасырып кетуші» болып жұмыс істей бастағанын, ең алдымен, ата-анасы байқап аңғаруы керек. Оның бірнеше белгісі болуы мүмкін. Мәселен, балада артық ақшаның пайда болуы. Сондай-ақ оның мектепке уақытынан ертерек кетуі және сабақтан кейін кеш қайтуы. «Жасырып кетушінің» телефонын қарау керек. Онда қаланың түрлі орнының суреттері көп болса, бұл да оның есірткі тасымалдаушысы екенінің белгісі, – дейді тәртіп сақшысы.
Мамандар «жасырып кетуші» болып істейтін бала ерте ме, кеш пе бір күні өзі де нашақорға айналады деген пікірде. Өйткені тапсырыс берушілер алдымен оған қызметі үшін ақша төлесе, кейін еңбегін есірткі дозасымен төлей бастайды. «Осыны сатып, өзің ақшаға айналдырасың. Қаншаға сатам десең, өзің білесің» дейді. Яғни жасөспірім осы сәттен бастап тек «жасырып кетуші» ғана емес, таратушыға да айналады. Ал қолына есірткі заты түскен соң жасөспірім оның дәмін көруі әбден мүмкін. Синтетикалық есірткі шөп түріндегі есірткіге қарағанда адамды тез баурайтынын ескерсек, бір рет болсын оның дәмін татқан адам сол сәттен-ақ тәуелділікке шалдығуы ғажап емес.
Жасөспірімдер «жасырып кетуші» болуға неліктен асық? Әрине, ең бірінші себеп – оның ақшасы. Полиция полковнигі Елена Ваганованың айтуынша, оларға аптасына осы қызметі үшін 250-300 мың теңгеге дейін төленеді екен. Әлбетте бала түгілі, үлкен адамдар үшін де қомақты табыс. Сондықтан ақшаға құныққан жасөспірімдер «құрыққа» жылдам түседі.
Қандай жаза қарастырылған?
Полиция полковнигі Елена Ваганова ел тұрғындарының көбі есірткіні тарату қылмысының жауапкершілігі өте ауыр екенін біле бермейтінін айтады. Бұл – ауырлығы жағынан мемлекетке қарсы опасыздық жасаудан кейін тұрған қылмыс. Өйткені есірткі қылмысы үшін адам өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға тартылуы мүмкін. Есірткі тарату – адам өлтіруден де ауыр қылмыс.
– Біз көптеген мекемеде, соның ішінде оқу орындарында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған кездесулер мен дәрістер өткіземіз. Сонда бұл қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін екенін еске салғанда, көп адам мұны алғаш естігендерін айтып, таңданып жатады. Ал жасөспірімдер есірткі жасырып кетуді кейде тіпті қылмыс деп те санамайды, – дейді тәртіп сақшысы.
Елімізде есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, ал есірткі сатқаны үшін 14 жастан басталады. Яғни кәмелет жасқа толмаған 14-15-тегі жасөспірімдер де жаза арқалап, 10-15 жыл өмірін темір тордың арғы жағында өткізуі мүмкін. Қылмыстық кодекстің 297 және 299-1 баптарында оларға қандай жаза тағайындалатыны туралы егжей-тегжей жазылған.
– Есірткіге қарсы күрес – ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі. Жылына біздің қызметкерлер 10 мыңдай алдын алу іс-шараларын өткізеді. Оның ішінде оқу орындарында дәріс оқу, ата-аналармен кездесу, т.б. бар. Біз жастарға есірткіні жасырып кету, тарату, есірткі сайттарын жүргізу, көшеге есірткі жарнамаларын жапсыру немесе граффити салу секілді құқық бұзушылықтардың жауапкершілігін түсіндіреміз. Дегенмен тек ішкі істер органдары қызметкерлерінің іс-әрекетімен ғана бұл кеселді тоқтату мүмкін емес. Оған қоғам түгел атсалысуы керек, – дейді Ішкі істер министрлігінің өкілі.