Қоғам • 31 Қазан, 2023

Қазақстаным – қарашаңырағым!

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы Достық үйін­де Республика күніне ар­налған «Республика күні – Қазақстан тәуел­сіз­­дігінің бастауы» атты ғылыми-прак­ти­калық конференция өтті.

Қазақстаным – қарашаңырағым!

Былтырдан бастап қайта жаңғырған Республика күнінің маңызына арналған конференцияға Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, мемлекеттік органдардың, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның, қоғамдық құрылымдар мен этномә­дени бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, өз ойын ортаға салды.

Жиын басында сөз алған Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов жиналған қауымды алдағы мерекемен құттықтап, этномәдени бірлестіктердің ынтымағының маңызына тоқталды.

«Бүгінде түрлі ұлт өкілдері қазақ халқын туғанындай көреді. Олар осында өздері­нің ұлттық дәстүрін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік алды. Халықтар арасындағы бейбітшілік өте маңызды екені белгілі. Осымен екінші жыл жаңа мазмұнда тойлап жатқан Республика күнінде халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім одан сайын арта түседі. Қайта жаңғырған ұлттық мереке – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Ұлттық тіліміз, дініміз, рәміздеріміз арқылы азаттығымыз бен қазақтығымыз айқындалды. Мұның бәрі берекелі бірлік пен еңселі еңбектің арқасында десек артық айтқанымыз емес. Еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ болсын», деді басқарма басшысы.

Парламент Сенатының депутаты, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының мүшесі Алишер Сатвалдиев Қазақстанның егемендігі туралы декларацияның мән-мағынасын әрбір азамат жете түсіну керек дейді.

«Бүгінгі жиынға қатысып отырған аға-әпкелеріміз егемендіктің алғашқы жыл­дарындағы ауыртпалықты, сол заманның қиындықтарын табандылықпен еңсергенін жақсы білеміз. Егемендік туралы декларация қабылданған жылдары біз мектеп жасындағы бала болғандықтан, бұл құжаттың мән-мағынасын жете түсіне қойған жоқ едік. Есейе келе бұл күннің қаншалықты маңызды екенін, сондай қиын-қыстау заманда еліміздің Тәуелсіздігін алуға жасалған алғышарттардың бірі екенін ұғындық. Сондықтан да қазіргі таңда соңымыздан өсіп келе жатқан жас ұрпаққа осында жиындар арқылы, ғылыми-практикалық конференцияларда айтып, жастардың санасына сіңіре берген жөн. Бар-жоғы 17-баптан тұратын декларация заң тұр­ғысынан күшті құжат болмаса да, сая­си тұрғыдан Тәуелсіздікке, одан кейінгі құжат­тарға жол ашқан саяси құжат деп есеп­теймін», дейді Сенат депутаты.

Іс-шара барысында баян­дама жасаған Астана қаласы  Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов осыдан 33 жыл бұрын қабылданған декларация ел Тәуелсіздігінің негізін қалап бергенін, осы құжат арқылы еліміздің рәміздері, Қазақстанның территориясы бекітілгенін атап өтті.

«Ұзақ үзілістен кейін биыл екінші мәрте тойланып жатқан Республика күні еліміздің ұлттық мерекесіне айналып үлгерді. Егемен­дік жылдары Қазақстан қыруар табыстарға қол жеткізіп, ішкі-сыртқы сауда-саттықты бір ізге қойды. Тіпті осы құжат арқылы еліміздің Тәуелсіздігі де қабылданғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ ішкі саясатта, оның ішінде ұлыстар бірлігін сақтаудағы саясаты жақсы жүзеге асты. Осы күнге дейін Қазақстан дейтін ортақ отанымызда ұлыстар арасында аса күрделі бірде-бір кикілжің, жанжал болған емес. Осы арқылы еліміздің ішкі сая­саты дұрыс бағытта атқарылып жатқанын бағамдай беруге болады. Біздің байлығымыз да, біздің күшіміз де – бірлікте. Бірлігімізді әрқашан ардақтай білейік», дейді З.Ғайыпов.

Сондай-ақ конференция барысында тарих ғылымдарының докторы Алима Ауанасова, Астана ҚХА Ғылыми-сарап­тамалық тобының мүшесі Татьяна Брынза, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Гүлнар Қаженова Республика күніне орай баяндама жасады.