Қоғам • 31 Қазан, 2023

Кеншілер зейнетке ерте шығуға тиіс

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде кеншілер мен металлургтердің, мұнайшылар мен уран өнеркәсібіндегі мыңдаған ауыр еңбекті кәсіп ететін жұмыс­шылардың зейнет жасын төмендету мәселесі көптен айтылып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл түйткіл жыл соңына дейін шешіліп қалатындай.

Кеншілер зейнетке ерте шығуға тиіс

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Мәселенің мәнісін сәл әрі­ден қозғасақ, «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компания­сының кеншілері зейнетақы жасын төмендету талабын 2017 жылы желтоқсанда көтерген еді. Кеншілер бірнеше талап қойып, жұмыс беруші тарап олардың бір бөлігін қана­ғат­тандырған. Алайда компания: «Зейнет жасын төмендету – мем­лекеттің құзы­рындағы мәселе» деп құтылған сол кезде. Ал бұған 2018 жылы  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «қазір бар­шаға ортақ белгіленген зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі қарас­тырылып жатқан жоқ» деп жауап бергені есімізде.

Тау-кен және металлургия өнер­кәсібі саласының жұ­мыс­­шы­лары зейнетке 63 жас­­та шығуға көптен наразы болып келеді. «АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясының жұ­мыс­­ш­ылары қауіп­ті әрі зиян­ды жағ­дайда, жоға­ры темпера­ту­ра, шаң-тозаң, газ, түр­лі қыш­қыл сілті­ден, ауыр метал­дар­дан бөлі­нетін бу, инф­ра­қы­зыл сәуле­ сияқ­ты ден­сау­лыққа зияны көп ортада жұмыс істей­тіні белгі­­лі. Мәселен, Металлург­тер кәсіп­­о­дағының дерегінше, «АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясындағы жұмысшылар­дың 50 пайызға жуығының жасы 45-тен асып кеткен. Жасы 50-ден асқан жұмысшылардың ара­сын­да жүрек-қан тамырлары мен қи­мыл-тірек жүйесі сыр беріп, он­кология дертіне шал­ды­ққандар көп көрінеді.

Бұл мәселе көтерілгелі Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зиянды еңбек жағ­­дайында жұмыс істейтіндер үшін 2014 жылдан бері жұмыс бе­ру­ші төлейтін міндетті кәсіби зей­нет­ақы жарнасы (қызметкер та­бы­сының бес пайызы мөл­шерінде) енгізілгенін айтып, нақты жауаптан жалтарып кел­гені белгілі.

Бұдан кейін пандемия басталып кетті де «байтал түгіл бас қайғының» кері келді. Сөйтіп, сәл саябырсыған бұл мәселені 2021 жылы Мәжілістің бір топ депутаты қайта көтеріп, Үкіметтен зиянды және қауіпті жағдайда жұмыс істейтін жұмысшыларды ерте зейнетке шығаруды талап етті.

Тарихқа көз салсақ, 1956 жылдың өзінде КСРО «Зейнетақымен қам­тамасыз ету туралы» заңының 9-бабында жерасты жұмысына жұмыл­ды­рылған ер адамдар 50 (20 жылдық жұмыс өтілі болса), ал әйелдер 45 жасында (15 жылдық жұмыс өтілі болса) зейнетке шығатын болған. Ал қазір  макроэкономикалық, әлеуметтік, демографиялық факторлар есепке алы­нып жасалған талдауларда жұмыс­шы­лардың ерте зейнетке шығуының рацио­налды негізі бары көрсетілсе де, бұл жайт ескерусіз қалып келді.

Былтыр сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сенаторлардың кен­шілердің зейнет жасын қысқарту туралы ұсынысына қатысты тек кен­ші­лердің зейнетақысы туралы ғана емес, жалпы еңбек жағдайлары туралы көтергенін және ол ұсыныстар Үкіметтің тиісті қаржы-экономикалық блогінде қаралып жатқанын айтқан еді. Сөйтіп, бұған қатысты арнайы жұмыс тобы құрылып, оған Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері және зиянды өндірісте істейтін жұмысшылар кірген.

«Кеншілердің өздері зейнет жасын төмендетуді ғана сұрап отыр. Басқа мәселе жоқ. Зейнет жасын төмендетуге болады. Бірақ зейнетақының көлемі қандай болады? Негізгі мәселе сол емес пе? Ертең ол адам 50 жаста шығып, зейнетақысы төмен болса, тағы мәселе туындайды. Сондықтан зейнетақының көлемін қалай арттырамыз? Оны қайсы жарнаның есебінен төлеу керек? Оны да талқылаймыз», деген болатын экс-министр брифингте айтқан сөзінде.

Биыл кеншілердің зейнетақы мәсе­лесіне қатысты 10 қазандағы Үкімет оты­рысынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Светлана Жақыпова БАҚ өкілдеріне:

– Жыл соңына дейін заң жобасын енгізуіміз керек. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өмірді сақтандыру компанияларымен бірлесіп есептеулер жүргізіп жатыр. Біз өз тарапымыздан екі талапты ай­қындадық – бұл кеншілердің 55 жастан асуы және БЖЗҚ-да 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы, – деді.

Министр бұл мәселе жыл соңына дейін шешілуге тиіс екенін айтқан болатын.

«Төлемдер үш көзден – респуб­ликалық бюджеттен, өмірді сақтан­ды­ру компаниялары мен жұмыс беруші есебінен жүргізіледі. Біз бір күнкөріс шегі көлеміндегі бюджеттік өтінімді ресімдедік. Оның үш жылға арналған қаражаты – 45 млрд теңге, яғни жылына 15 млрд теңгеден. Мұның бәрі кеншінің зейнетақы жи­нақ­тарының қорына байланысты болады. Зейнетақы жарналарын аудару 84 ай бойы жүруге тиіс. Осы тө­лемге үміткер адамдардың саны 46 мыңға жуық. Бірақ олар екі та­лапқа да сәйкес келуі керек – 55 жас және 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы», дейді С.Жақыпова.

Министрліктің берген мәлі­ме­тінше, елімізде 300 мың азамат ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейді. Кенші­лердің ерте зейнетке шығу мәселесі Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінде бір жыл­дан астам уақыт бойы талқыланып келеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл бірін­ші қыркүйекте Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев ха­лыққа Жолдауында Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау минис­трлігіне кеншілер мен ауыр еңбек жағдайында жұмыс іс­тейтін адам­дарға арнайы төлемдер мәсе­лесін пысықтауды тапсырған еді.