Фото: Жаслан Жұмабеков
Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынының қорытындысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын қарады. Аталған заң жобаларында Президенттің Жолдауын және Сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру қамтылды.
Депутаттар жиында Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттар мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін, оның ішінде жалақы мен зейнетақыны индекстеу, жәрдемақыларды көбейту, медициналық көмекті қамтамасыз ету сияқты басқа да басымдықтарды орындауға ерекше назар аударғанын айтты. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары 24 трлн теңге деңгейінде деп болжанып отырғанын жеткізді. Трансферттерді есепке алмағанда кірістің көлемі 16,1 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.
«Бюджет жобасы Мемлекет басшысының Жолдауын және Сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыруды ескере отырып жасалды. Бұл жұмыс Үкіметтің ерекше бақылауында. Мәжілісмендердің тікелей араласуымен 2,4 трлн теңгеге жуық қаражат маңыздылығына қарай қайта қарастырылды. Бұл өте тыңғылықты әрі жүйелі жұмыс болды. Өңірлерді дамытуға 2024-2026 жылдарға 7 трлн теңге қарастырылғанын» айтқан вице-премьер «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға 2,4 трлн теңге бөліп, 2025 жылға дейін 655 денсаулық сақтау нысанын салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарланғанын жеткізді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 1,7 трлн теңге бағытталып, бұл ақша 369 мектептің құрылысына жұмсалмақ. Жиында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов бюджет жобасын әзірлеу барысында депутаттар мемлекеттік органдардан қосымша мәліметтер алу үшін 200-ден астам сауал жолдағанын жеткізді. Сондай-ақ заң жобаларына 300-ге жуық түзету енгізгенін, «бюджеттің шығыстарын бюджет тапшылығын ұлғайту және Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен жабу үрдісі сақталғанын» мәлім етті.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық қор қаражатын ұтымды және тиімді пайдаланудың маңызы зор екенін айтты. «Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық қордан трансферттерді қысқартуды және бюджет тапшылығы мәселесін үнемі оның қаражаты есебінен шешпеуді бірнеше рет тапсырды. Кіріс бөлігін толықтыруға арналған резерв мәселесін экономиканың барлық секторындағы тиімсіз шығындарды оңтайландыру арқылы шешу керек. Келесі жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастайды. Енді Ұлттық қордан ақша бөлу туралы кез келген ақпаратқа төлем алуға үміткер балалардың ата-аналары қатты назар аударады. Бұл өте сезімтал мәселе және оған өте мұқият қарау керек», деді Е.Қошанов. Партия Төрағасы Қарағандыдағы кеншілер қаза тапқан қайғылы оқиға өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мәселенің шаш-етектен екенін айтты. Мәжіліс спикері бюджет жобасын қарағанда азаматтар алдында айтылған уәденің орындалуы қатаң қадағаланатынын да атап өтті.
«Депутаттар заң жобасына 1,7 трлн теңгені құраған арнайы түзетулерге ұсыныстар берді. Биыл біз рекордты жаңарттық деп айта аламыз. Бюджет қаражаты Мемлекет басшысының Жолдауында, Президенттің сайлауалды бағдарламасында және партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген шараларды уақтылы және сапалы орындауға арналған. Бұл біздің Үкіметпен бірге халық алдындағы ортақ жауапкершілігіміз», деді Е.Қошанов.