Мәселе • 31 Қазан, 2023

Итбалық тағы қырылып жатыр

310 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Каспийде ғана кездесетін, бүгінде жойылып бара жатқан жануарлардың санатындағы итбалықтардың тағы да қырылып жатқаны туралы дерек тіркелді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 25 итбалық пен 33 бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері табылған.

Итбалық тағы қырылып жатыр

Гистологиялық зерттеумен айналысатын институттың ғылыми қызметкері Жазира Сыдықованың айтуынша, жағдайды бағалау және сынама алу үшін шұғыл экспедиция жіберілген. Ғалымдар барғанға дейін 51 өлексе Баутино ауылы маңындағы полигонға жеткізілген. Оқиға орнына барған инс­титут қызметкерлері зерттеу үшін бекірелер мен итбалықтардан сынама алған. Бұған қоса Қаражамбас ауданында (Бозащы түбегі) Маңғыстау облысы бойынша балық шаруашылығы инспекциясы тағы 48 итбалық өлексесін тауып алған.

«Екі жердегі итбалықтардың өлексе­лері қатты ыдырау сатысында болды. Өлек­селерден көгерген немесе ме­ханикалық зақымданған іздер табылған жоқ. Жаппай қырылудың себебі әлі анықталмай отыр», дейді Ж.Сыдықова.

Жергілікті жердің мәліметінше, сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан жануар түрлерінің қырылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұған қатысты Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев өлген балықтардың саны тағы да артқанын айтып, олардың қырылу себептері туралы қосымша ақпарат беруге уәде берген еді.

Осы орайда құзырлы органға хабарласып сұрау салған едік. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің мә­ліметінше, сынама қорытындысы әлі дайын емес.

«Табылған теңіз жануарларының өлекселері әртүрлі дәрежеде ыдыраған, бұл олардың өлімі әр уақытта болғанын көрсетеді. Қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, осы факт туралы жұмыс тобының барлық мү­шесі – жергілікті атқарушы орган­дар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, Қазақстандық қол­данбалы экология агенттігі, Микро­биология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветери­нариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғатты қорғау прокуратурасы хабардар болды. Итбалық табылған жердегі жұмыс тобын Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инс­пекциясы басшысының орынбасары басқарады. Қазір жұмыс тобының қалған мүшелері су, ауа, топырақтан және өлі балықтардың бойынан сынамалар алуға барады», деп жауап берді Балық шаруашылығы комитетінің мамандары.

Мұндай жағдай қанша рет тіркелгені туралы әзірге нақты дерек жоқ. Бірақ биыл 28 маусымда Ақтау қаласынан 40 шақырым жерден, Каспий теңізінің жағасында екі итбалықтың өлексесі жатқаны туралы ақпарат тарады. Оны демалуға барған туристер байқаған. Бейнематериалдағы итбалықтың терісі сыпырылғаны көрініс берген еді. Алайда 29 маусым күні таңертең жергілікті балық инспекциясы басқармасы, экология департаменті, ветеринарлық қызмет болжамды орынға барғанымен, ол жерден итбалық өлекселерін таппағанын мәлімдеді. Сөйтіп ол жағдайдың да анық-қанығы айтылмай, жабулы қазан жабулы күйі қалды.

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, қазір Қазақстанның қол­дан­балы экология агенттігінің қыз­меткерлері Ресейдің ғалымдарымен бір­лесіп 2023 жылдың қыс мезгілінде балықтардың шоғырлануы кезеңінде жүргізген санау қорытындысы бойынша итбалықтардың жалпы саны 259 872 екенін анықтаған. Ал Каспий теңізінің елімізге қарасты секторында 240 168 итбалық қалған. Бірнеше жыл бұрын 300 мыңдай итбалық бары айтылған. Көрсеткіштерге қарап тұрсақ, саны жыл сайын сиреп бара жатқанын байқаймыз.

Елімізде эндемик жануардың бірі Каспий итбалығына қатысты 2020 жылы 13 қарашада Үкімет қаулысымен Қызыл кітапқа енгізілген. Дегенмен оны аулауға 2006 жылы тыйым салынғанымен, оларды заңсыз аулап жүрген адамдардың видеосы әлеуметтік желіде көрініс бергені бар. Осыған орай, тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араша түсіп, бақылауды күшейтуге пәрмен берген еді.

Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында қазір бірқатар іс-шара қолға алынды. Мемлекет басшысының «Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында табиғи резерват құру» тапсырмасын орындау шеңберінде резерват құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасы әзірленді. Жа­ра­тылыстану-ғылыми және техни­калық-эко­номикалық негіздеме бойынша 2024 жыл­дың шілдесіне дейін Каспий те­ңі­зінің акваториясында мемлекеттік табиғи ре­зерват құру жоспарланып отыр.

Кейінгі кездері Каспий теңізінде итбалықтар жиі қырылады. Қызыл кі­тапқа енген сирек кездесетін жануардың қырылу себептеріне қатысты құзырлы орын­дар әлі күнге тұшымды жауап бере алмай отыр.