Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Дөңгелек үстелге университеттің Физика-техникалық факультетінің деканы Ерік Нұрмолдин бастаған ғалымдар мен студенттер, Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова бастаған сала өкілдері, «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин бастаған мамандар жиналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом стансасын салуға әбден қақымыз бар» деп атап өтті. Бұған дейін Мемлекет басшысы халыққа атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіру қажеттілігін тапсырған болатын.
Дөңгелек үстелге кеңесу үшін жиналған қатысушылар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі атом энергетикасының артықшылықтары АЭС салу туралы, оның қауіпсіздігі халықаралық ұйымдар тарапынан қандай талап-ережелермен қорғалатыны жайында өз ойларын ашық ортаға салды.
«Бізді қоршаған әлем тез өзгеруде, жаңа құндылықтар қалыптасуда, өмір мен адамгершілік туралы жаңа идеялар пайда болып жатыр. Бұл атом электр стансаларында электр энергиясын өндіруге де қатысты. Айтпағым, онда Қазақстанның орналасқан жері әлі белгісіз. Негізі атом энергиясын табысты өндірудің кілті – ядролық реакторды дұрыс таңдау. Олардың түрлері мен сұрыптары өте көп. Негізінен олар бір-бірінен мақсаты мен жұмыс істеу қағидаттары бойынша ерекшеленеді.
Дүниежүзіндегі реактор өндірушілер уақыт өткен сайын бұрынғыларына қарағанда қауіпсіздеу жаңа типтегі реакторлар шығарып жатыр. Америка Құрама Штаттары мен атом электр стансалары бар басқа да әлеуетті елдер ядролық реакторларды дамытуға қолдауды арттырып, қосымша қаржылық ресурстарды жариялады. Әйтсе де, реакторлардың жаңа түрлері олардың даму барысы мен келешегі де қатты ерекшеленеді. Сондықтан оларды біркелкі деп есептеуге болмайды», деді Еуразия университетінің Электр энергетикасы кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Қаныш Сабденов.
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде атом электр стансасы құрылысын жүргізу туралы тағы айтты. «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан да бізге электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет. Оның маңызын халыққа кәсіби тұрғыдан түсіндіру керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ұйымдастырылып отырған дөңгелек үстел еліміздің келешегі үшін аса қажет мәселені қоғам алдына алып шығып отыр. Ондағы сарабдал сарапшылардың салмақты ой-пікірлерін жүйелеп, алдағы уақытта жариялайтын боламыз.