Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Келесі кезектегі жоспар – салық заңнамасын қайта қарау мен жетілдіру. Қаржы жүйесіндегі кемшіліктер бюджет тапшылығының факторларымен, елдің кірістері мен шығыстары арасындағы сәйкессіздікпен сипатталатынын, жиынтығы белгілі бір тәуекелдерді тудыратынын сарапшылардың бәрі айтады. Бюджет тапшылығын сыртқы қарыз арқылы жабу үшін тым ақылды болудың қажеті жоқ. Шығыс бөлігіндегі тапшылық өткен жылмен салыстырғанда екі есеге дейін өсті.
Отандық қаржыгер Мұрат Темірхановтың айтуынша, мұнайға тәуелді, экономикасы әртараптандырылмаған елдердің макроэкономикалық саясатында контрциклдік фискалдық ережелер үлкен рөл атқарады. Жаңа кодексте осы мәселеге ерекше назар аударылады, әлемдік озық тәжірибелер қолданыла бастайды деген үміт ақталған жоқ. Мемлекет басшысы Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер аса маңызды инфрақұрылымды дамытуға және республикалық маңызы бар жобаларға ғана бөлінетінін айтты. Бюджеттік жүйенің халықаралық бухгалтерлік есеп пен есеп беру стандарттарына толығымен ауысуы өте маңызды. Бұл тәсіл бюджеттік жоспарлар мен олардың орындалуы туралы есептердің ашықтығын, пайдалылығын және сенімділігін арттырып, бюджеттік тәртіпті сақтаудың орнына тұжырымдамалар, бухгалтерлік есеп және есептілік бойынша нормативтік құжаттарды түзетуге болатын «шығармашылық» тәсілдерден бас тартады.
Пандемиялық дағдарыс кезінде Ұлттық қорға бірнеше рет жүгінгенімізді әлі ұмытқан жоқпыз. 2008 жылы алғаш рет Ұлттық қор қаражаты «қауіпсіздік жастығы» ретінде пайдаланылды, республикалық бюджеттің шығыстары сол кезде 2,7 трлн теңгені, Ұлттық қордың трансферттері 1,06 трлн теңгені құрады. 2008 жылдан бері республикалық бюджет шығыстары 5,5 есеге өсіп, 2021 жылы 14,9 трлн теңгені, Ұлттық қордан аударылған трансферттер 4,5 трлн теңгені құрады. Яғни соңғы он шақты жылда бюджет шығыстарының өсімі өсті, контрциклдік бюджеттік ереже жұмыс істемеді.
Қазақстандағы бюджеттің шығыны табысқа сәйкес келмейтіні осыған дейін талай рет айтылған. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдері сәйкессіздіктердің неліктен пайда болғанын сараптап жатыр.
ДБ-ның аға экономисі Самсу Рахарджа ел бюджеті мұнай бағасының ауытқуына, жеткізу тізбегінің үзілуіне және азық-түлік бағасының өсуіне байланысты сырты құбылуды бастан кешіріп жатқанын айтады. Соңғы 20 жылда Қазақстандағы шикізаттық емес сектордан түсетін түсімдер өзгеріссіз қалып отыр. Басқаша айтқанда, бұл бағытта табыстар түсімі баяу, алға жылжу аз.
Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстанның табысы бұрынғы деңгейде қалды. Шығынның өсуіне банктерді және квазимемлекеттік сектор компанияларының шығындарын жабуға қыруар қаржы жұмсалғаны да себеп болып отыр. Сарапшылар соңғысының, ЕДБ мен квазисектордағы қаржы институттарын тым өбектеп кеткеніміз нәтиже бермегенін, мұны түсінікті тілмен айтқанда тісі шыққан балаға тамақты шайнап бергенмен бірдей болғанын айтады.
Ұлттық экономика министрлігі бұл фактіні мойындап отыр.
Бүгінде бюджеттің қомақты үлесін – ІЖӨ-нің 2 пайызын құрайтын осы саладағы шығыстарға мониторинг жүргізу тетігі қарастырылып жатыр екен. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, біздің міндетіміз – квазимемлекеттік сектор компанияларының дивидендтер төлейтін және есеп беретіндей тиімділігін арттыру. Бұл міндетті орындау үшін оларды жекеменшікке көшіру керек. Бүкіл квазимемлекеттік сектордың жиынтық бюджетін және қаражаттың жұмсалуының ашықтығын қарап жатырмыз. Бюджетті қорғау кезінде шенеуніктер сияқты квазимемлекеттік сектор өкілдері де есеп береді», деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Бюджет қаржысының бақылауда болу керек деген мәселе 30 жылдан бері айтылып келе жатыр. Бюджет дегенде сарапшылар бірінші кезекте Ұлттық қор мен бюджет арасындағы байланысқа назар аударады. Сарапшылардың айтуынша, Ұлттық қордан кез келген уақытта ақша шешіп алу тетігін шектеп тастамайынша, бұл жағдай жалғаса береді. Одан бөлек Ұлттық қордың құрылымындағы өзгерістер ондағы жұмыс үдерісінің барынша ашық болуын міндеттеп отыр. Бюджет қаржысына деген сұраныс мүмкіндігімізден екі есе асып түсіпті. Егер бюджет 22 триллион теңгеге есептелсе, онда шығыс өтінімі 50 триллионнан асып кетеді. Тек соңғы жылдары бизнесті қолдауға арналған бағдарламаларға деген сұраныс 50 пайызға өскенін Ұлттық экономика министрі де ашық айтып отыр.
Жағдайды өзгерту үшін Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанға мемлекеттік кірістердің неғұрлым прогрессивті саясатын қарастыруды ұсынады. Бірақ олар оны біртіндеп енгізуді ұсынып отыр.
Дүниежүзілік банк өкілі экономист Самсу Рахджаның айтуынша, салық жеңілдіктерін азайту, әртүрлі салық режімдерін оңтайландыру арқылы фискалдық саясатты кедейлерге қолдау көрсететін прогрессивті табыс салығы схемасын біртіндеп енгізуді көздейді.
2017 жылы тапшылықтың өсуіне банк жүйесінің проблемаларына қаражат бөлу әсер етті, 2020 жылы пандемиядан туындаған өткір экономикалық дағдарысқа реакция ретінде шығыстар өсті. Содан бері жағдай біршама жақсарды, бірақ бюджет тапшылығы мәселесі әлі түбегейлі шешілген жоқ. Мысалы, 2007 жылғы дағдарыс пен экспансиялы фискалдық саясаттың басталуына дейін мемлекеттік бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 1 пайызынан аспады және көбінесе профицитті де қамтыды. Алайда экономиканы «қолмен басқару» деп аталатын негізсіз басымдыққа айналды, ол бюджет шығыстарының өнімсіз ұлғаюын алдын ала анықтады және тұрақты тапшылыққа әкелді.
Сарапшы айтып өткендей, бюджеттің жекелеген шығыстарын ұлғайту жөніндегі кез келген жаңа саяси бастамалар Ұлттық қордың ақшасы немесе мемлекеттік қарыздың өсуі (бюджеттік ережелерді бұза отырып) есебінен емес, бюджет шығыстарының басқа баптарын қысқарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Мұндай талаптардың барлығы жаңа Бюджет кодексінде нақты көрсетілуге тиіс. Мысалы, 2019-2022 жылдары кірістердегі нақты деректердің жоспардан ауытқуы 29 пайызға, шығыстар бойынша – 20 пайызға, шикізаттық емес сектордан түскен кіріс бойынша тапшылық 56 пайызға жетті. Жоғары инфляция мен мұнай секторынан түсетін құбылмалы кіріс әсер етті. Сонымен бірге, экономикалық саясаттағы проблемаларды – Есеп комитеті мен Мемлекет басшысының сынына қарамастан жүзеге асырылып жатқан көптеген мемлекеттік бағдарламаларға қаражатты жұмсаудың төмен тиімділігін аттап өтуге болмайды. Сонымен қатар бюджеттік ереже ұзақ кешігуден кейін әзірленді, бірақ әзірге ол тек қағаз жүзінде қалды. Оның айтуынша, әлі де болса өздерін таныта алмаған кәсіпорындарды ынталандыру басым. Бұл олардың нарықтық экономикаға бейімделуін қиындатады, басқаша айтқанда масылдық көзқарасын тереңдетіп жібереді. «ШОБ-ты қолдауға бағытталған даму бағдарламаларын қайта қарау қажет. Бюджет қаржысы жұмысын жүргізіп отырған кәсіпорындарға бағытталған кезде ғана бизнес дамиды, экономика дамиды», дейді сарапшы.
АЛМАТЫ