Ұстаз • 31 Қазан, 2023

Ұлт ұстазын бойтұмар еткен

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағандыда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім ошағы бар. Мектеп ұжымы ұлт ұстазының есімін білім ошағына беру мәселесін көп жыл бұрын көтергенімен, сәті кейінде ғана түсті. Осы игілікті шараға ұстаз Сәбира Күлпейісованың қосқан үлесі зор.

Ұлт ұстазын бойтұмар еткен

Мектепте еңбек етіп келе жатқанына қырық жыл бол­ған Сәбира Ізба­сарқызы ұлт ұс­тазын бойтұмары санайды. Бала кезінен Ақаңның шы­ғармашылығына ерекше сүйіс­пеншілікпен қарай­ды. Қай­раткерлігіне, ілім мен білім жо­лын­дағы ізде­ністеріне, еңбегіне ерте кезден қаныққан мұғалім мынаны мақсат етеді: «Қазақ бала­ларына Алаш қайраткері­­нің ізгілігін ұқтыра беру ке-рек».

Сол мақсат үдесінде үл­кен еңбек жасайды. Ақаң есімін мектепке беру үшін қа­лалық, облыстық форумдар өткізуге мұрындық болады. Жылда түрлі конферен­ция өткізеді. Мұнымен қо­са оқушыларды Ақаңның шы­ғармашылығына бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстарына баулиды.

Биыл Ақаң атындағы мек­тепке – 60 жыл. Былтыр 150 жыл­дық мерейлі датасында аталған білім ордасы ұлт ұс­та­зын лайықты ұлықтады. «Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің үлкен форумы өтті. Сол форум ая­сын­да «Ахметтану» кабине­ті­нің тұсауы кесілген-тін. Ка­бинеттің жетекшісі – С.Ізба­сарқызы. Мұнда Ахмет Бай­тұр­сынұлының кітаптары мен еңбектері бар. Әр партаға ноутбук қойылған. Сондай-ақ кабинетте көрсетілген QR код арқылы А.Байтұрсынұлының еңбектерімен таныса алады. Бұған қоса ататек шежі­ресі жазылған стенд ілі­ніпті. Бұл оқушылардың ізде­нісімен әзірленген. Мектеп мұғалімдері «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты қойылым да қой­ған болатын. Соның сце­на­рийін де Сәбира ұстаз жаз­ған.

– Мектебімізде 2014 жылдан бері «Ахметтану» курсы өткізіледі. Ұлы ұстаздың сан қырлы шығармаларын жетік білу үшін «Ахметтану» курсының арнайы бағдар­ламасы жасалған болатын. Міне, кабинет ашылғалы бері курсымызды осында өткіземіз. Қазіргі күні пед­а­гогикалық бағытын зерттедік. Енді экономикалық жағынан зерттеуді бастап жатырмыз. Бұл жөнінде де қайраткер тұлғаның еңбектері көп. Бұл кабинет – өскелең ұрпақты зерттеушілік, шығармашылық қабілетін дамытып, қала­мының ұшталуына сеп болсын деген ниетпен ашылды. Әр оқушының бойында Ахмет ғибраты болуы керек, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Ізбасарқызы.

Ол Ақтоғай ауданы Қы­зыларай ауылындағы мектепті тәмамдап, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық инс­титутқа оқуға түседі. Мұхтар Мағауин, Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Серік Әбілқаев, Фатима Мұсабекова секілді үлкен ғалымдардан дәріс алады. Мәртебелі мұға­лімнің өзі «әдебиетке, ғы­лымға сол кісілердің тағы­лымы жол ашты. Менің өмі­рім­дегі ең үлкен жетістігім де – осы», дейді.

Екінші курс оқып жүр­ген­де Ғабиден Мұстафин шы­ғар­м­аларына ғылыми зерттеу жүр­гізіп, сыйлыққа ақын Қа­­дыр Мырза Әлінің шағын кі­табын алыпты. Ескірген кітапты қолына ұстап, сонау институт қабырғасындағы студенттік шағын сағына еске алады.

Алғаш еңбек жолын Ақ­тоғайдың Ақши ауылын­дағы мектептен бастайды. «Ауыл мектебі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ауыл бала­ла­рына сегіз жыл білім беріп, қалаға қоныс аудардық. Бұған дейін Нығмет Нұр­ма­қов, Әлихан Бөкейхан атын­­дағы мектептерде де са­бақ бер­дім. Қалаға келіп те ұстаздық тәжірибемізді әрі қарай жетілдірдік. Ең үлкен жетіс­тігім – шәкірттерім. Белгілі қа­ламгер Төлен Тілеубай бас­та­ған бір­неше журналистке са­бақ бер­дім. Жылда бірнеше оқу­шым жоғары оқу орнына грантқа түседі», дейді ол.

Мәртебелі мұғалім 1997 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, жақында ғана Мемлекет басшысының қолынан «Қа­зақ­станның еңбек сіңірген Құрметті ұстазы» атағын ал­ды. Көп жылғы еңбегі еленген С.Ізбасарқызының ізгілікті ізі осындай.

 

Қарағанды облысы