Салық • 02 Қараша, 2023

Қосылған құн салығы: Мөлшерлеме траекториясын әртараптандыру керек

252 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қыркүйек айында Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығын (ҚҚС) 12 пайыздан 16 пайызға көтеру керектігін, нәтижесінде ел бюджетіне 2-2,4 трлн теңге түсетінін айтты. Бұл қаржы – Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін кепілдендірілген трансфер көлемімен бірдей.

Қосылған құн салығы: Мөлшерлеме траекториясын әртараптандыру керек

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазан айының басында Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанда қаржы жеткілікті болғанымен оны кәдеге жарату моделі күмән тудыратынын айтқан еді. Енді Үкімет қолдағы ҚҚС-ның жаңа деңгейі арқылы Ұлттық қордың қаржысын үнемдемекке бел байлап отыр.

Министр Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бірінші кезекте импорттық тауарларға қатысты ҚҚС мөлшерлемесі өседі, отандық тауар өндірушілерді ынталандыру жеңілдіктері сақталады. ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі тек 121 821 төлеушіге қатысты болмақ. Бұл – елдегі салық төлеушінің тек 5,5 пайызы ғана. Сол бес жарым пайыздық топты қандай ерекшеліктермен іріктеп алатыны әзірге белгісіз. Белгілісі – бірінші кезекте импорттық тауарлар ҚҚС мөлшерлемесі өседі. Отандық та­уар өндірушілерді ынталандыру жеңілдіктері сақталады. Бірақ жеңілдіктер қандай тетіктер арқылы және қандай пайызбен сақталатынын министрлік әзірге айтпай отыр. «Ұлттық қорға тәуел­ді­лікті қалай төмендетеміз?» деп әбден басы қатқан Үкімет ҚҚС-дағы өзгерістерге үмітпен қарайды. «Қосымша кірістер осы трансферттердің мөлшерін қысқартуға мүмкіндік береді. Тиісінше Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеді. Ал түскен қаражат әлеуметтік салаға бағытталады», дейді министр.

Министрдің айтуынша, Ресейде шығарылған тауарға 20 пайыз кө­леміндегі ҚҚС қосылады. Тауар елімізде экспортталған кезде нөлдік мөлшерлеме қолданылып, алдында 20 па­йыз көлемінде төленген ҚҚС экспорттаушыға қайтарылады. Қазақстан территориясында ондай тауар үшін 12 па­йыз көлемінде ҚҚС төленеді. Ресейде 8 пайыз көлемінде қайтарылған ҚҚС-ның қалған бөлігі тауар иесінің «қалтасында» қалып, тауарды жарнамалауға, жақсы орын алуға, демпингке жұмсалады. Яғни ҚҚС-дағы 8 пайыздық айырмашылық ресейлік өндірушілердің тауарына артықшылық беріп отыр. ҚҚС мөлшерлемесі көтерілсе, импорттық тауарларға жүктемені арттыру арқылы Қазақстан ұтады. Қазақстан бюд­жетіне 12 пайыз емес, 16 пайыз салық төлене­ді. Бұл мөлшерлеме 2025 жылдан бастап қол­данылады деп болжанып отыр.

ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыз болғанына қарамастан, біздің елдегі көлеңкелі экономика деңгейі Еуропа елдеріне, тіпті ЕАЭО-ға мүше елдермен салыстырғанда жоғары, соңғысымен салыстырғанда төмен. Бүгінде бізде ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайызды құрайды. Ал бұл көрсеткіш Ресей, Беларусь, Армениямен салыстырғанда төмен. Бұл елдерде салық мөлшерлемесі 20 пайызға тең. Өзбекстандағы ҚҚС 2023 жылғы 1 қаңтар­дан бастап 15 па­йыздан 12 пайызға дейін төмендеді. Қырғыз Республикасында да мөлшерлеме – 12 пайыз.

Сарапшылардың бір тобы біздің елге ҚҚС мөлшерлемесінің траекториясын әр­тараптандыратын кездің келгенін айтады. Соңғы уақытта салық саясаты барлық қиын­шылық­тан құтқаратын құралға айналғаны да жиі сөз болады. Бірақ нарық заңы экономикалық мәселелер жеңілдіктер мен преференциялар арқылы ғана шешілмеуі керектігін талай рет дәлелдеген. Бұл үшін барлық салада бір-біріне мультипликативті түрде әсер етіп отыратын шешімдер қажет.

Біздің елдегі бәсекелестік деңгейі Ресей­мен салыстырғанда төмен, ол елдің эконо­микасы біздің елдегі көрсеткіштен 8 есе үл­кен екенін Ұлттық экономика министрі ашып айтып отыр. Кодекстің жаңа жобасы 2024 жылдың бірінші тоқсанында Парламент талқысына ұсынылып, 2025 жылдан бастап енгізіледі деп жоспарланған.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-ның минималды шегі 20 мың АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) болып бекітілген еді. Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша, мемлекеттік бюджетке 15 377,7 млрд теңге түскен. Эконо­ми­калық зерттеулер институтының сараптамасында бұл көрсеткіштің өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 1 981,5 млрд теңгеге артық екені айтылған. Корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесінің өсуі өнімнің өзіндік құнының өсуіне әкеледі. Қолданыстағы шектеулерге байланысты әзірге ҚҚС мәселелерін шешіп, КТС және басқа салықтар мәселелерін кейінге қалдырып отыр. Қазір Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайызды құрайды. Салыстыру үшін Өзбекстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығы 12 пайызға дейін төмендеді. Ресейде ҚҚС мөлшерлемесі 20 пайыз, Польшада – 5-тен 23 пайызға дейін, (тауарлар тобына байланысты), Беларусьте – 20 пайыз. Ал Еуропа елдерінде ҚҚС мөлшерлемесі 15-23 пайыз аралығында. Бұл көрсеткіштерге қарасақ, Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі нарықтық экономика қажеттіліктерінен туындап отыр.

Сарапшылар ауылындағы пікірталастың бағыты әртүрлі. Олардың басым көпшілігі бизнеске түсетін бюджеттік жүктеменің мөл­шеріне назар аударып отыр. Ұсыныс-жоба­ның авторлары шетелдерден келетін тауарларды қымбаттатып, отандық өнімнің бағасын олардан қарағанда арзанырақ етіп, елдегі отандық өнімді тұтынушылар үшін тартымды етеміз деп үміттеніп отыр. Мұның соңы бағаның өсуіне, тұтынушылық сұраныстың төмендеуімен әсер етеді. Бұл өз кезегінде бизнестің, әсіресе ШОБ субъектілерінің іскерлік белсенділігін де бір қарып өтуі мүмкін. ШОБ өкілдері арасында «ашық жұмыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да ашық жұмыс істеуге мәжбүр болып, көлеңкеде жұмыс істегендер сол жерде қалып қойып, Мемлекет басшысының шағын бизнестің орта бизнеске айналуына қатысты тапсырмасы орындалмай қалады» деген қауіп бар. Кәсіпкерлер бұл қадамға балама ретінде тиімсіз мемлекеттік шығындарды оңтайландырып, басқа да нормативтерді қарастыруымыз керектігін айтып отыр. Көлеңкелі экономикадағы биз­нес­ті шығарып, заңдастыру жайлы жиі ай­тыл­ғанмен, нәтиже аз.

Қазақстан салық төлеушілер мен есеп­шілер қауымдастығының жетекшісі Сара Жүнісованың айтуынша, кәсіпкерлердің шығыны онсыз да жоғары. Шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі өзекті тақы­рып. ШОБ-ты қолдау түсінікті салық заңна­масы болмаса мүмкін емес. Бизнестің дамуына кедергі келтіретін көптеген мәселе қордаланған және оны жүйелі түрде шешу қажет. Алкогольдік өнімдерді сатуға лицензияны пайдаланғаны үшін алынатын алым – орта есеппен 100 АЕК. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты алым мөлшері де артып келеді. Сондай-ақ банк қызметтеріне, интернет байланысына, коммуналдық қызметтерге, инженерлік желілерді жөндеуге, жұмыс орындарын міндетті сақтандыруға, мүлік салығының мөлшеріне қатысты шығындар да жыл са­йын өсіп жатыр.

Салық ауыртпалығының артуы салық төлеуден жалтарудың өсуіне тікелей әсер ететіні осыған дейін талай рет айтылған. Салық кодексінің түсіндірмелері біршама анық емес, сондықтан салықтық қатынастарды жаңаша реттеу қажет. Бизнес өкілдері ҚҚС-ның 12 пайыздан 16 пайызға артуы сату көлемін, іскерлік белсенділікті төмендетіп, салық төлеушілердің жағдайын нашарлатады деп алаңдайды.

Қазақс­танның тікелей сату қауым­дас­ты­ғының атқарушы директоры Анастасия Калашникова атап өткендей, қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттің 27 пайызы ҚҚС түсімінен түседі. ҚҚС-ның 4 пайыздық тармаққа – 12 пайыздан 16 пайызға дейін артуы инфляцияның 3,5 пайыздық тармаққа өсуіне әкеледі. Жаңа мөлшерлеме қабылданса, ауыртпалық бизнесін енді бастап келе жатқан ШОБ өкілдеріне түсуі бек мүмкін. Коммуналдық қызметтер бағасы айтарлықтай өсіп жатыр. Бұл өндіріс шығындарына әсер етпеуі мүмкін емес, сонымен қатар ол тауар құнына қосымша 4 пайыз ҚҚС қосады. Елдегі салық саясаты, ең алдымен, анық, ашық және барабар болуы керектігін Салық кодексінде салықтан айналып өтуге мүмкіндік беретін тармақтар мен ережелер жеткілікті екенін сарапшылар да жиі айтады. Солардың ішін­дегі ең күрделісі салық органдары бар­лық салық төлемдерін «royalty», басқаша айт­қан­да, лицензиялық салымның бір түрі деп қабылдайтыны.

Сарапшы айтып өткендей, салық ауырт­па­лығын бюджетке нұқсан келтірмей оң­тай­лан­дыру үшін ойын ережесінде ашықтыққа ба­сымдық беріп, бұл тармақтарды салық төлеу­шілерге түсіндіру қажет. «ШОБ үшін бір­келкі ҚҚС болуы керек. Салық неғұрлым төмен болса, бюджетке соғұрлым көп түсім түседі. Басқаша болса, бизнес көлеңкелі жолмен болса да өзіне қолайлы ортаны іздейді», дейді сарапшы.

А.Калашникова ҚҚС тізіміндегі тауар­лар­дың 40 пайызға жуығы Қазақстанға ілеспе құжатсыз әкелінетінін атап өтті. Осыған байланысты кейбір кәсіпкерлер қазір елімізде 12 пайыздың тек 9 пайызын ғана төлейді. Ал 16 пайыздың салмағын көтерсе бизнес жабылады немесе көлеңкеге кетіп қалады. Демек, өзгерістердің салмағын көтеріп алатын 121 821 салық төлеуден өзге салымшылардың төлейтін ҚҚС мөлшері туралы, оларға көрсе­ті­летін қолдау туралы ашық айтылуға тиіс.

Сарапшы айтқан келесі мәселе тауар өндірушіні басқа да тетіктер арқылы, мәселен мемле­кет­тік қолдау арқылы қолдау керек. Біз бұған кедендік баж салығын ЕАЭО елдерімен теңес­тіріп, ішкі нарықтағы мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдыру арқылы қол жеткізе аламыз. Ресей, Беларусьте бизнесті мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Ал біздегі қолдаудың барлық түрі тек бизнестің «көшбасшы» тобына ғана арналған. Ал қалғандары солардан артылған «сарқытты» місе тұтады. Егер, жағдай өзгермесе шағын бизнесті үлкен бизнеске айналдыру арқылы ұлттық инвесторларды қалыптастыру туралы тапсырма арман болып қалады. Оның пікірінше, ЕАЭО-ға кіретін еліміз үшін тек ҚҚС емес, салықтың төмен мөлшерлемесін сақтау стратегиялық маңызды шаруа.

Бұл үшін бизнесті оңай бастауға және оны жүргізуге кететін шығындарды азайтуға жағ­дай жасау қажет.

 

АЛМАТЫ