Технология • 05 Қараша, 2023

«IT-Aiel»-дің алғашқы түлектері

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Astana Hub» технопаркі Президент жанындағы Әйелдер істері және от­басылық-демографиялық саясат жөнін­дегі ұлттық комиссиямен, сондай-ақ «EPAM» және «Techno Woman» компанияларымен бірлесіп «IT-Aiel» оқу бағдарламасын табысты жүзеге асырып жатқаны мәлім. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің 17 өңірінен 2 мыңнан астам жұмыссыз әйелді ақпараттық технология мамандықтарына оқыту. Бұл олардың алғашқы жобаларын жасауға мүмкіндік берді. Оқу бітірген 50 әйелге сертификат табысталды.

«IT-Aiel»-дің алғашқы түлектері

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин түрлі сала мамандарын ақпараттық технологиялар саласындағы ма­мандықтарды игеруге тарту маңызды екенін тілге тиек етті. «Біздің әлеуетіміз орасан зор екенін көріп отырмыз. Әртүрлі саланың азаматтары ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарды өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған кезде әлеуетіміз толық ашылады. «IT-Aiel» қатысушылары алғашқы қадам жасады. Сіздерден үлгі алып, ертең он мыңдаған отандасымыз IT саласына бет бұрары анық», деді вице-министр.

Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысушы 122 адам оқуды аяқтап, электронды сертификат алды. Қалғаны оқуды жалғастырып жатыр. 10 аймақтан 50 әйел веб-сайт немесе қосымша сияқты өздерінің IT өнімдерін жасап, финалдық кезеңнен өтіп, сертификат табыс ету рәсіміне қатысуға мүмкіндік алды.

– Біз бұл жобаны қолға алған кезде оның ауқымы мен нәтижесі осыншалықты болады деп ойламадық. Сіздер бүгінгі күннің на­ғыз батырысыздар. Сіздер шынымен көп адам­ның қолынан келмейтін нәрсені істе­ді­ңіздер. Мүлдем жаңа салаға аяқ бас­ты­ңыз­дар. Күрделі әрі бәсекеге қабілетті салаға кіру­ден қорықпадыңыздар. Меніңше, бұл бағ­дарла­ма жыл сайын өтетін болса, сіздер өз үлгі­ле­ріңізбен, еңбектеріңізбен талай әйелге жол аштыңыздар. Бәлкім, бұл сіздердің жетістік­ке, әлемге танымал болатын өнім жа­сауға, үлкен табысқа қарай жасаған алғашқы үлкен қадамдарыңыз шығар, – деді «Astana Hub» басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.

Осы аптада бес әйел қатысушылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және елдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға айтулы үлес қосатын жобаларын таныстырды. Мысалы, ақтөбелік Даяна Ахметбаева Welcome иммигранттарды әлеуметтік интеграциялау қыз­метін ұсынды. Диана Сәулебаева ішкі туризмді дамытуға үлес қоса алатын сайт жасады. Самал Қасенова балалы отбасыларға арналған өзара көмек қызметі – «MomSharing» жобасын таныстырды. Ал атыраулық Көркем Қасенова авиациялық оқу орталығының сайтын жасады. Әлия Оразымбетова балалардың қаржылық, цифрлық және компьютерлік сауаттылығы бойынша бизнес-жоба дайындап, интерактивті оқыту орталығын ашуды жоспарлап отыр.

«IT-Aiel» бағдарламасына No Code School, Freelance School және компьютерлік сауаттылық негіздері сияқты курстарды оқу ниеті бар 18 жастан асқан 2 675 жұмыссыз әйел өтініш білдірді. Бағдарламада вебинарлар, шеберлік сабақтары, тікелей эфирлер, сұрақ-жауап сессиялары болды. Өтініштердің көбі Астана қаласы мен Ақмола облысынан (847), Алматы қаласы мен Алматы облысынан (468), Батыс Қазақстан облысынан (275), Атырау облысынан (179) және Ақтөбе облысынан (120) түскен. Қатысушылардың орташа жасы – 32 жас.