Қоғам • 07 Қараша, 2023

Жасанды интеллект жоғары мектебі

222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, LUPIC халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университет жобасының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, IT саласы бойынша жұмыс берушілер қатысты.

Жасанды интеллект жоғары мектебі

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш жоғары оқу орнының базасында жасанды интеллект саласындағы кадрлар даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылды. Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайтын болады. Студенттер Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (Сеултех) бірлескен бағдарламалар бойынша білім алады, бұл әлемдік IT технологияларға қол­жетімділікті қамтамасыз етеді. Жоба аясында оқу орны Кореяның заманауи зертханалық құрылғыларымен жабдық­тала­ды, ал студенттер бірнеше тілді мең­геріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады.

Жиында Саясат Нұрбек жобаның маңызына тоқталды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларының дамуы ел болашағы үшін стратегиялық маңыз­ды бағыт екенін атап өтті. Жасан­ды интеллект технологияларын қолда­нысқа енгізу ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондықтан Ғылым және жоға­ры білім министрлігі осы бағыт бойын­ша білім беру бағдарламаларын іске асы­руға кірісті. Қорқыт ата уни­верс­итетінде Сеултехтің жоғары жасан­ды интеллект мектебінің ашылуы IT технологиялар саласында адами капи­­талды қалыптастыруға, ғылы­ми зерт­теу нәтижелері және өзара тәжіри­бе алма­суға, сондай-ақ Корея мен Қазақ­стан арасындағы жоғары білім беру саласындағы екіжақты ынтымақ­тас­тықты одан әрі ілгерілетуге серпін береді. Сондай-ақ алдағы уақытта шетел­дік уни­верситеттің филиалы мен қос дип­ломды бағдарлама ашу жоспарланып отырғанын хабарлағым келеді. Соның нәтижесінде түлектер Сеултехтің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дипломын ала алады, – деді министр.

Сондай-ақ С.Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында елімізде кейінгі екі жылда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында Аризона университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Хериот-Уотт университеті (Шотландия), Есенов университетінің базасында Неміс жоғары оқу орындары­ның консорциумы және басқа да жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 8 филиалы ашылғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу білім беру саласын дамытуға және халықаралық аренада жоғары білім саласы бойынша көшбасшы атануға маңызды қадам болмақ.

LUPIC жобасының еліміздегі орта­лығының директоры, Сеул ұлттық ғылым және технологиялар универси­тетінің кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі жаһандық орталығының директоры Джесу Ким жоба аясында жоғары мектеп ашу ғана емес, Қорқыт ата университетінің базасында бизнес-инкубатор құру көзделіп отырғанын атап өтті. «Бизнес-инкубатор аясында студенттер өз таланттарын шыңдап, стартаптар әзірлеп, алған білімдерін бүкіл әлем бойынша жасанды интеллектті дамыту үшін пайдаланатынына сенімдімін», деді Джесу Ким.

Осы жылдың қыр­күйе­гінен бастап Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университетінде IT маман­­дыққа түскен және Сеултехтің бағдарла­масы бойынша оқуға іріктелген 1-курс сту­денттері үшін тілдік даярлау жұ­мыстары басталды. Қазір олар жал­пы білім беретін пәндерді оқып, жедел­детілген тілдік курстардан өтіп жатыр. Бола­шақта студенттер мен профессор-оқыту­шылар құрамы академиялық ұт­қыр­лық және бірлескен білім беру бағ­дарламалары бойынша Сеулде оқуға және ғылыми тағылымдамадан өтуге бара алады. Ал Сеулден оқыту­шылар өз тәжірибесімен бөлісу үшін Қызылордаға шақырылады.

Сеул ұлттық ғылым және технология­лар университеті – Кореяда 1910 жылы негізі қаланған ұлттық университет. Оқу орнында 23 факультет, 15 мыңға жуық студент бар. Сеултех жоғары мектебінің ашылуына Қызылордада өмір сүрген Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом До сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы ықпал етті. Қайта жерлеу рәсіміне Хон Бом Доны еске алу қоғамы белсенді қатысты.