Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жұқпалы ауруға шалдыққандардың күрт көбеюіне байланысты өңірлік штаб құрылыпты. Сонымен қатар бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес 6 қарашадан бастап 6-11 ай аралығындағы балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай екпе егу жоспарланып отыр. Тұрақты тіркелмеген, қызылшаға қарсы егілу дерегі жоқ азаматтар келісім бойынша бір рет иммундалады. Бұрын бұл ауруға қарсы егілмеген 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері де екпе алып, халық арасында ақпараттық түсіндірме жүргізіледі.
– Облыста вакцинадан бас тартқан тұрғындардың үлесі көбейіп отыр. Жоспарлы екпені алмай жүргендер де аз емес. Қазір Қызылорда облысы ауру көрсеткішінен республика бойынша алтыншы орында тұр. Алдын алу шараларын күшейтпесек, жағдай біз ойлағаннан да қиындай түсуі мүмкін, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Мамандардың айтуынша, жұқпалы аурулар көрсеткішінің 4-5 жыл аралатып көтеріліп тұратыны бар. Қызылшаға шалдыққандардың артуы 2019 жылы да байқалған. Ең қауіптісі – қызылшаның пневмония, бронхит, энцефалит секілді ауруларды асқындырып жіберетіні. Сондықтан ең дұрысы – екпе алу.
– Ауру жұқтырғандар арасында екі жарым айлық сәбилер де бар. Негізі бала жасқа дейін иммунитетті ана сүтінен алып, қызылшамен ауырмауы керек. Сұрастыра келсек, бұл нәрестелердің аналары кезінде осы жұқпалы ауруға қарсы егілмегені анықталып отыр. Осы күні облыс бойынша 330 төсектік орын әзірленді. Оның ішінде 20 төсектік жансақтау бөлімі бар. Аудандағылардың жағдайы ауырлай қалса, санавиация арқылы көмек көрсетіледі, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова.
Биылғы 5 желтоқсаннан бастап қосымша иммундаудың екінші толқыны басталады деген қауіп бар. Бұл ретте 2-4 жастағы балалар қамтылмақ. Өйткені дәрігерлердің айтуынша, індет жұқтырғандардың қатарын осы жастағылар көбейтіп отыр.
Коронавирус пандемиясы кезінде қызылша мен қызамыққа қарсы екпеге де сенбестік танытып, салдырмағандар көп болған еді. Соның зардабын енді тартып отырмыз.
Қызылорда