Форум • 09 Қараша, 2023

Маңызды форум өтеді

191 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы брифинг өткізді. Онда 16 қарашада Астана қаласында «Қазақстандық қамту 2.0» тақырыбында халықаралық форум өткізілетіні айтылды.

Маңызды форум өтеді

Шараға қатысқан «Атамекен» КП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин, ҰКП Өңдеу өнеркәсібі ко­митетінің төрағасы Тахмина Нағы­манова, «Тау-кен металлургиялық кәсіп­орындарының республикалық қауым­дастығы» ТМКҚ Атқарушы дирек­то­рының бірінші орынбасары Максим Кононов халықаралық форумның мән-жайы мен мақсаты туралы айтып, тіл­шілер тарапынан қойылған бірқатар сұраққа жауап берді.

«Ағымдағы айдың 16-сы күні Өнер­кә­сіп және құрылыс министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумын өткізеді. Форум «Expo» Конгресс орталығында болатынын хабарлаймыз. Онда Тау-кен металлургия (ТМК) саласының өкілдері, отандық тауар өндірушілер (ОТӨ), мемлекеттік органдар, инвесторлар мен халықаралық сарапшылар бір алаңда жиналады. Осы саладағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту, елішілік құндылықты еселеу, сондай-ақ халықаралық компаниялардың озық тәжірибелерін талқылаймыз. Аталған мәсе­лелер Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қа­зақ­станның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-шаралар жос­парында көрсетілген. Бұл реттелетін сатып алулардағы ішкі құндылықты дамыту тапсырмасының жоғары саяси маңыздылығын растайды», деді М.Амрин.

Тау-кен металлургия өнеркәсібі эко­но­микадағы жүйе құраушы сала­лар­дың бірі болып табылатынын және елдегі ІЖӨ-дегі үлесі 2022 жылдың аяғында 9,5%-ды құрағанын айтты. Тау-кен металлургия кешені экономиканың басқа сала­ларына үлкен мультипликативті әсер етеді. Мәселен, сарапшылардың ба­ға­лауына қарағанда, тау-кен металлур­гия секторындағы 1 жұмыс орнына экономиканың басқа салаларында 2,6 жұмыс орны, сондай-ақ бұл сектордағы 1 теңге салық үшін эконо­ми­каның басқа салаларында 1,8 теңге қосымша салық қалыптасады екен.

«Саладағы өңдеу өнеркәсібі туралы айтатын болсақ, 2022 жылы оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі – 13,2 пайыз. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім мөлшері 21,2 трлн теңгені немесе өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің 43 пайызын құрады. Бүгінде өңдеу өнеркәсібіндегі белсенді заңды тұлғалардың саны 20 мыңнан асады», деді басқарма төрағасының орынбасары.

Тілшілерді тау-кен және тау-кен метал­лургия кәсіпорындары қауым­дас­тығының жұмысымен таныстырған М.Кононов бірқатар түйінді мәселені алға тартты. «Тау-кен металлургия са­ла­­сының кәсіпорындары Мемлекет бас­­шы­сының сатып алынатын тауар­лар­дағы қазақстандық қамту үлесін ұл­ғайту қажеттілігі туралы тапсырмаларына барынша жауапкершілікпен қарайтынын атап өткім келеді. Десем де, бұл міндетті шешу жолында бізге жүйелі жаңа тәсілдер қажет. Әуелі ТМК-ны отандық тауар өндірушілермен жұмыс іс­теу­дің жаңа қағидаттарына қайта бағ­дар­лау қажет.

Ең алдымен, жаңа қағидаттар де­геніміз – офтейк-келісімшарттар мен ұзақмерзімді келісімшарттар құралдары арқылы ұзақмерзімді серіктестіктерге көшуді көздейміз. Қазір мемлекеттік реттеу жүйесі көбінесе бір реттік сатып алуларда ОТӨ-ны қолдауға көбірек бағытталған. Бұл тәсілді толығымен тиімді деп атауға болмайды. Біздің ойы­мызша, Президент Жолдауында өңдеу өнеркәсібі тауарларын ұзақмерзімді кепілдендірілген сатып алуды көздейтін оффтейк-келісімшарттарға баса назар аударуды айтты», деді қауымдастықтың Атқарушы директорының бірінші орынбасары.

Қазіргі уақытта осы бағытта жұ­мыс­­тар белсенді жүргізіліп жатыр. Енді аталған форум аясында ТМК мен ОТӨ арасында бірқатар жаңа оффтейк-ке­лісім­шарттарға қол қою жоспарланып отыр­ған көрінеді. Сондай-ақ ТМК мен ОТӨ арасындағы ынтымақтастық сатып алумен шектелмейтінін атап өткен жөн. Мысалы, бүгінде металдарды (алюминий, мыс, қорғасын) ішкі нарыққа қайта өңдеушілердің қажеттіліктері үшін жеткізуді көздейтін жеңілдетілген жағдайда шарттар жасасу тәжірибесі табысты іске асырылды. Сондықтан, орта мерзімді перспективада ТМК мен ОТӨ-ның елішілік құндылықты дамыту мәселелеріндегі ынтымақтастық міндеті әлдеқайда кең деп айтуға болады. Сайып келгенде, ТМК ірі қала құраушы кәсіпорындарының айналасында ШОБ белдеулерін құруға келуіміз керек. Бұл, өз кезегінде, ТМК қажеттіліктері үшін тауарларды жеткізу тізбегіндегі іркі­ліс тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік бере­ді және белгілі бір дәрежеде валюта баға­мы­ның өзгеру факторын теңес­тіре отырып, сатып алу бағасының бол­жам­ды­лығын арттырады.

«Қазақстандық қамту 2.0» форумы ТМК тарапынан негізгі тұтынушыларды және отандық тауар өндірушілер қатары­нан әлеуетті өнім берушілерді бір үстел басы­на жинап, барлық өзекті мәселелерді талқылау және одан әрі бірлескен жұ­мыс жолдарын белгілеу үшін тамаша алаң болатынына сенімдіміз», деді М.Кононов.

Қазіргі кезде біздің ел үшін өзін өзі экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеуші өнеркәсіп пен ішкі құндылықты жедел дамыту міндеттері ерекше маңызды болып табылады. Ең алдымен, бүгінде өз өндірісіне инвестиция салған, жұмыс орындарын құрған, салық төлейтін елдегі қолда бар өндірістік кәсіпорындардың кызметін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасау қажет. Оны Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап айтты.

«Отандық өндірісті дамытудың ма­ңызды шарттарының бірі – тау-кен метал­­лургия өнеркәсібінің кәсіпорын­да­рына өз өнімдерін жеткізу мүмкіндігі.

Өкінішке қарай, бүгінде өзара ынты­мақ­­тастығымыздың нәтижесі жақсы болмай тұр. Бұған тау-кен металлургия өнеркәсібі мен өңдеуші өнеркәсіптің баяу өсу қарқыны анық дәлел. ASPiR деректері мен Dasco Consulting Group есеп­теулеріне сенсек, 30 жыл ішінде тау-кен өнеркәсібі 3 есеге жуық өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс, өкінішке қарай ел тәуел­сіздігінің басындағы деңгейге қай­та оралды», деді Т.Нағыманова.

2023 жылдың 9 айындағы өнеркә­сіптік өндіріс көлемі туралы соңғы ста­тис­тикалық мәліметтерге көз салып көре­йік. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 33,97 трлн теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі тау-кен өндіру секторының үлесі елеулі – 15,925 трлн теңгеге шикі мұнай өндіріледі, табиғи газ – 74,5%, өндірістік металл рудалары – 17,1%. Өнеркәсіп өн­дірі­сінің екінші жартысы өңдеу өнер­кә­сібінен келеді. Бұл факт қуануға тұ­рар­лық сияқ­ты. Әйткенмен маманның егжей-тегжей қарастырған сараптауына назар аударып көрейікші.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі ең үлкен үлес­ті металлургия құрайды – 38%. Шын­­дығында, бұл да өндірілген шикізат, ша­ма­лы байытылған, кейіннен экспортқа шығарылатын төменгі өнім болып табылады. Қайта өңдеудегі елеулі үлесті тамақ өнімдері мен сусындар өндірісі алады – 19,1%. Ал машина жасаудың үлесі біршама аз – 18,7%. Бұл ретте химия өнеркәсібі өңдеу өнеркәсібі өнімі көлемінің 4,5%-ын ғана құрайды. Құрылыс материалдарын өндірушілердің арқасында басқа да металл емес минералды өнімдерді өндіру – 5,7%. Кокс және мұнай өнімдерін өндіру – 5,4%. Бұлармен бірге жеңіл өнеркәсіп – 1,8%, жиһаз өндірісі – 0,4%, қағаз және қағаз өнімдері  0,6% ғана», деді комитет төрағасы.

Сонымен, жалпы металлургиялық өндіріс пен металл кендерін өндіруді алатын болсақ, мұнай және газ өнеркәсібін есеп­те­мегенде тау-кен металлургия өнер­­кәсібінің үлесі елдегі барлық өнер­кәсіп өндірісінің 26%-ын құрайды екен. Сондықтан елімізде түпкілікті қайта өңдеу өнеркәсіптерін қолға алатын кез келген сияқты. Демек осы айдың 16-сы күні Астанада жоспарланған «Қазақстандық қамту 2.0» атты форумнан зор үміт күтеміз.