Менің бала кезімде Жеңіс күні таяғанда асыл әжем Бикештің дегбірі қалмаушы еді. Әкем де қатты толқып жүретін. Әжемнің қараторы жүзін айғыздаған әжімдері бірде жазылып, бірде қалыңдап кеткендей болатын. “Белгісіз кеткен Шыныбек атаңа тиетіні осы ғана!” деп жеті шелпегін пісіріп, құран бағыштайтын. Ал әкем Мәкен Шыныбекұлы Мұқағали Мақатаевтың “Әке” деген өлеңін бізге жатқа оқып беріп: “Менің бүкіл тағдырым осы алты шумақ өлеңде жатыр”, дейтін. Ол өлең: “Әке, сенің жасыңнан асып барам, Кезі-кезі келгенде тасып та алам. Кезі-кезі келгенде жасып қалам, Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң. Құр алақан емеспін қуаныштан, Қуаныштар алдымен құрақ ұшқан. Бір арыстан өмірден өткенімен, Өмір сүріп келеді тірі арыстан. Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын, Ол мәңгілік жанады көрмей тыным. Ұрпағың бар, ел менен ер намысын, Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын”, деп келеді.
Бикеш әжемнің айтқан әңгімелері әлі күнге дейін құлағымның түбінде тұр. Атам Шыныбек 1912 жылы өмірге келіпті. Әкесі Әуесбай 28 жасында өмірден озып, жетім қалыпты. Бірақ атасы Сампыр мен әжесі Дәнебала қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріпті. Есік қаласындағы педагогикалық училищені бітіртіп, бұрынғы Кеген ауданының бір қиырындағы Күрметі ауылындағы орталау мектепке алғашында мұғалім болып барып, артынан директорлық қызметті атқарыпты. Бикеш әжеммен бас қосып, шаңырақ көтеріп, енді ел қатарына қосыламыз ба дегенде сұрапыл соғыс басталып, өзі сұранып, майданға аттаныпты. Ұлы анам Дәнебала жалғыз ұлын майданға аттандырған кезде көп жерге дейін ерінің үзеңгісінен ұстап, бір құдайға тапсырдым деп ағынан тілеген екен. Сонда атам артына қарап тұрып: “Мен сіздерді, одан кейін тұғырым болар жалғыз ұлым Мәкенді Аллаға аманаттадым”, депті. Сонда артынан тесіле қарап қалған әжем Бикеш отызға да жасы толмай қалыпты. Кәрі атасы мен енесінің, қарғадай жалғыз ұлының бүкіл тауқыметі сол кісінің мойнына артылыпты. Күндіз-түні колхоздың жұмысында жүрсе, түнде енесі екеуі майдандағыларға қажет киім-кешек тігіпті. “Астық сапырып жүргенде құс ұйқым болушы еді, күректің сабына сүйеніп көз шырымын алатынмын”, дейтін.
Атасы мен енесі, Бикеш әжемнің екі көздері төрт болып, біреулері баласынан, ал жары ерінен хат күтеді екен. Амандығын білдіріп келген хат олар үшін бір мереке болыпты. Қазір қолымызда сақталған соңғы екі хатына қарап отырсам, атам от пен оқтың ортасында жүрсе де өмірден күдерін үзбепті. “Мені уайым етпеңдер. Менің уайымым сіздер, әсіресе Дәкем, атам мені ойлап “азды-ау” деп көп ойланамын”, десе, екінші бір хатында Бикеш әжеме: “Дәкемді, атамды, Мәкенімді жақсы қара. Алла бізді табыстырар күнді жақындатсын. Жау да құруға тиісті”, депті. Бұл екі хаттың бірі 1943 жылдың 21 қыркүйегінде келсе, екінші хат сол жылдың 18 қарашасында жетіпті. Бір өкініштісі, осы екінші хаттан кейін хабар үзіліп, бір жыл өткен соң қара қағаз келіпті. Бірақ өмірден озғанша әжем де, әкем де Шыныбек атамды өлді дегенге қимай, өмірде бардай, бір күні жап-жас күйінде жетіп келетіндей көріп, өздерінше әңгіме-дүкен құрып отыратын.
Соғысты көрмесе де тылдың азабын тартқан аталарым мен аналарым ақыры бейбіт күнге де жетіп, Шыныбек атамнан қалған менің әкемді қатарға қоссақ деп армандарын үкілейді. Ақыры оған да қол артады. Онды бітірген жылы әкем қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түсіп, оны жақсы бітіріп шығыпты. Көп жыл мектепте мұғалім, директор, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарды.
Әкем анасын тік тұрып сыйлайтын. Өз қолы өз аузына жеткенде барлық құрметті көрсетті. Небір айтулы демалыс орындарына жіберді. Мәскеуді де аралатып қайтты. Мен әкемнің осындай ана сыйлаудағы, әке құрметтеудегі үлгісін осы күндері өзімнің балаларыма үлгі етіп айтып отырамын. Жеңіс күнінің жемісі оңайлықпен келмегенін, оның қадір-қасиетін білу арқылы оларға жасар құрметтің ерекше екенін саналарына құямын. Өйткені, ұрпақ сабақтастығы туралы әкем әркез айтатын. “Сен алдыңдағы аталарыңды ұмытпасаң, кейінгі ұрпақ сені де ұмытпайды, бізді де есінен шығармайды”, дейтін.
Міне, биыл Жеңістің 65 жылдығы аталып өтіп жатыр. Әкем өмірден озғанша Шыныбек атам туралы деректер іздеумен болды. Мен де хабарсыз кеткен атам туралы бір жақсы сөз естіп қаламын ба деп құлағымды түріп жүремін. Бір дерегі шықса, әке аманаты деп басына баруға да әзірмін. Қолымдағы хаттарды оқимын. Осыдан 70 жыл бұрынғы қолтаңбасына қарап отырып, ол кісінің майдандағы бейнесі қалай болды екен деймін. Көз алдыма елестете алмаймын. Себебі, суреті сақталмаған. Әйтсе де әжем айтқан денелі кісі көз алдыма келеді. Шіркін, анда-санда қарап қоятын майдангер атамның бір суреті болса ғой деп ойланатын кездерім де аз емес. Егер Шыныбек Әуесбайұлы туралы бір жылы хабар, не жатқан жері туралы дерек табылып жатса, басына барып құран бағыштауға әзірмін. Бір тәубе етерлігі, жоғарыдағы Мұқағали ақынның өлеңінде айтылғандай, Шыныбек атамнан тараған ұрпақ тәуелсіз елдің іргесін бекітуге өз үлесін қосып жүр. Бұл ата аманаты, әке аманаты деп білемін.
Нұрлан ӘУЕСБАЕВ. Алматы облысы.