Энергетика • 14 Қараша, 2023

Атом энергетикасының ертеңі

318 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Таяуда Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталыққа республикалық БАҚ журналистері мен жеке блогерлерге арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Семей сынақ полигоны 33 жыл бұрын жабылғанымен, ондағы атом ядросын зерттеп, зерделеу мен залалсыздандыру жұмыстары бір сәтке де іркілмегеніне көзіміз жетті. Ондағы алған әсеріміз бен танып-білгеніміз көпшілік қауымды таңғалдыратыны анық.

Атом энергетикасының ертеңі

Атомды бейбіт мақсатта пайдалану

Баспасөз турында көріп-біл­генімізді бір мақаламен ғана шектемей, алдағы уақытта рет-ретімен жарыққа шығарып отырамыз. Сондықтан әлқисса­ны Ұлттық ядролық орталықты (ҰЯО) жұртшылыққа таныстырудан бастағанды жөн көрдік. ҰЯО миссиясы – Үкіметтің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы саясатына ғылыми-техника­лық қолдау көрсету. Енді негіз­гі қыз­меті­нің стратегиялық ба­ғыт­­тарын атап айтқаны­мыз жөн. Бірінші – елдегі атом энер­­­­­гетикасын дамыту, екінші – бас­­қарыла­тын термоядролық синтез және сутегі энергетикасы технология­ларын жетілдіру, үшінші – Қазақ­стан­ның ра­диация­лық қауіп­сіздігі мен экологиясын ба­қылау, төр­тін­­ші – таратпау ре­жімін және ядро­лық сынақтарға жаппай ты­йым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) қолдау, ал бесінші – атом са­ла­сы­на ақпараттық және кадр­­лық көмек жасау.

ҰЯО құрылған сәтінен бас­тап алға қойылған міндеттерді ой­да­ғы­дай шешіп келеді. Оның ядро­лық зерттеу реакторларынан, отан­дық КТМ материалтану то­ка­ма­гынан, біре­гей зерттеу стенд­терінен, зерт­ханалық жаб­дық­тар­дан және бас­қа да ас­паптар мен қон­дыр­ғы­лар­дан тұра­тын бірегей ғылыми-тех­ни­калық және өндірістік базасы бар.

Ол өз қызметі бары­сын­да ғылыми-техникалық ба­з­асын сақтап қана қой­май, ай­тар­­лықтай кеңейтіп, бірқатар ар­­найы эксперименттік стендтер құрды. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кең ауқымды зерттеулер жүр­гі­зуге арналған заманауи ас­пап­тар мен зертханалық тал­да­­ма­лық жабдықтардың үл­кен кешенін сатып алды. Оған қа­жет мамандардың басым көп­­­шілігін өздері оқытып, да­йын­­­дады. Іс-шара барысында қа­зақ­тың ядролық физика сала­сындағы бірнеше жас ма­ман­ын көріп таныстық. За­ман тала­бына сай білім алып, ядро­лық энергетиканың білікті мамандарына айналған жастар ел болашағына үлкен сеніммен қа­рап отыр. Ондағы ғылыми жұ­­мыс­тардың бел ортасында ер­кін зерттеу жүргізіп жатқан жас­тар­дың бірқатарын сөзге де тарт­тық. Ол туралы кейінірек әңгі­ме­лейміз.

 

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту

«Қазіргі заманғы атом энерге­ти­ка­сының қауіпсіздік мәселесіне ерек­ше назар аударылады. Біздің бас­ты құзыреттеріміздің бірі – бар­лық дерлік әлемдік атом-энер­ге­тикалық технологияларды әзір­леушілермен және өнім беру­шілермен жүргізіліп жатқан келешекте және қазіргі уақытта пайдаланылатын ядролық энер­гети­калық реакторлардың қауіп­сіз­дігін арттыру жұмыстары. Атап айтқанда, ҚР ҰЯО жылу ней­трондарындағы жеңіл сулы ядро­лық реакторлардағы ауыр аварияларды басқару процедурасын жетілдіру бойынша бірегей зерттеулер кешенін ойдағыдай жүр­гіздік. Олардың үлесі бү­гін­де әлемде қолданылатын реак­тор­лар­дың барлық түрінің 80%-дан астамын құрайды. Жапондық серіктестеріміз – «Toshiba Corpo­ration» және «Marubeni Utility Services» компанияларымен бір­ле­сіп бірнеше ірі ғылыми-зерт­теу жобасы іске асырылды. Бұл зерт­теулердің нә­ти­желері Жапо­ния­ның қолданылып жүрген және жобаланып жатқан реак­тор­ла­рында нақты қолданыс тап­ты», деді «Ұлттық ядролық орта­лы­ғы» республикалық мем­ле­кет­тік кәсіп­ор­нының бас директоры, физика-математика ғылым­да­рының докторы, профессор Эрлан Батырбеков.

впр

Орталықтың зерттеулерінде сұйық металл салқындатқышы бар шапшаң нейтрондардағы перс­пективалық IV буын реактор­ла­рының қауіпсіздігі бойынша жұмыстар ерекше орын алады. Жапонияның Атом энергетикасы агенттігінің тапсырысы бойынша көпжылдық EAGLE халықаралық зерттеу бағдарламасының экс­пери­менттік бөлігі сәтті аяқ­та­лған. Алынған бірегей экс­пе­ри­менттік деректер болашақ пер­с­пективалық ядролық реак­тор­­лардың актив аймағының балқуымен болатын ауыр авария туындаған жағдайда оның салдарын азайтуға бағытталған тех­ни­калық шешімдерді негіз­деу­де пайдаланылады екен. 2019 жылы ҰЯО Францияның Атом энергетикасы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатымен (CEA) SAIGA жобасы бойын­ша келісімшартты іске асы­ру­ға кі­ріскен. Оның мақсаты – жылу тасығыш шығынымен болған ава­рия жағдайында жобаланатын шап­шаң нейтрондардағы IV буын ASTRID реакторының отын жинағының жай-күйін зерттеу.

«2021 жылы ресейлік БРЕСТ-ОД-300 шапшаң нейтрондардағы жаңа реакторының инновациялық аралас нитридтік уран-плутоний отынын реакторлық сынау бағдарламасы сәтті орындалды. Бүгінгі таңда ҰЯО Қазақ­стан­да АЭС құрылысына да­йын­дыққа ғылыми-техникалық қолдау көр­­сетуді қамтамасыз етеді. Бұл ба­ғытта біздің кәсіпорын не­гіз­гі қатысушылардың бірі болып сана­латын жұмыстар мен зерт­теу­лердің үлкен көлемі орындалды. Зерттеулерде АЭС орналастыруда басымдық берілген аудандар көрсетілген. Бұл – Ал­ма­ты облысының Жамбыл ауда­нындағы Үлкен кенті және Абай облысының Курчатов қаласы. Қазақстан жағдайында салуға ар­налған реактор қондыр­ғы­сының оңтайлы түрі де анық­тал­ды. АЭС қауіп­сіздігінің қа­жетті аспектілері қа­рал­ды, қол­да бар және қажет етілетін инфра­құ­ры­лымға, радио­ак­­тивті қал­дық­тармен және пай­да­ла­ныл­ған ядро­лық отынмен жұмыс істеуге, құ­ры­лыстың ықти­мал схемаларына, жобаны бас­қа­ру және тағы басқа көптеген мә­се­леге талдау жасал­ды», деп сөзін жалғады бас директор.

 

Саланың елеулі еңбегі

Өткен Республика күні ұлттық мере­кесінде ҰЯО-ның бірқатар ғалым­дары мен мамандарының ондаған жылдан бергі еңбектері еленіп, өзі­нің әділ бағасын алып, лайықты ма­ра­пат­тал­ғаны көп­­шілік қауымға мәлім. Ел Пре­зи­дентінің Жарлығымен Энер­гетика министрлігінің «Қазақ­стан Рес­публикасының Ұлт­тық яд­ро­­лық ор­та­лығы» рес­пуб­ли­ка­лық мем­лекет­тік кәсіп­ор­нының бас директоры, физика-ма­тематика ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Эрлан Батырбеков бастаған бір топ ғалым «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сында атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бей­та­рап­ты­ғына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеу­лер мен әзір­ле­мелер» атты жұмысы үшін ғылым мен тех­ни­ка саласындағы 2023 жылғы әл-Фараби атындағы Мем­ле­кет­тік сыйлығына ие болды.

Атап айтсақ, авторлық ұжым­ның құрамында ғылыми жұмыста орасан зор тәжірибесі бар ҰЯО РМК-ның жетекші ғалымдары кіреді. Олар «Атом энергиясы институты» филиалы директорының бірінші орын­басары Виктор Бакланов, орта­лықтың бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Витюк, орталықтың бас инженерінің орынбасары Денис Зарва, «Атом энергиясы институты» филиалы ди­рек­торының материал­тану зерт­теулері жөніндегі орынбасары Ерболат Қоянбаев, РМК бас ғылыми қызметкері Мәжін Сқақов, «Атом энер­гия­сы институты» филиалының бас ғылыми қызметкері Ирина Тәжібаева, «Атом энергиясы институты» филиа­лы­ның тер­моя­дролық зерттеулер бөлі­мінің бастығы Бауыржан Шектібаев. Осы ғалымдар мен ма­­мандар ондаған жылдар бойы жүр­гіз­ген жұмыста атом энергетикасын дамытуға және оның қауіп­сіз­дігін арттыруға, сондай-ақ бас­қа­рылатын термо­ядро­лық синтез технологияларын дамытуға бағыт­тал­ған, отан­дық ғылымның осы жоғары тех­но­логиялық сала­лар­дағы озық позиция­ларын қам­тамасыз еткен және елімізде ядролық-энер­ге­тика саласын құ­ру­ға негіз қа­лып­­тастырған зерт­теулер мен әзір­­­лемелердің нәти­же­лері ұсы­нылған.

Реакторлық және реактордан тыс қондырғыларда экспе­ри­менттік бағ­дар­ламалар іске асы­рылып, бұл актив аймақ­тың балқуымен болатын энер­ге­ти­ка­лық ядролық реактордағы ауыр аварияның дамуымен іле­се жүретін үдерістердің пара­метр­лері туралы бірегей мәлі­меттер алуға мүмкіндік берді. Эксперименттік база жаңғыр­ты­лып, зерттеулерді жоғары сапалы деңгейде орындауға мүмкіндік беретін жаңа әдіс­те­мелік тәсілдер әзірленді. ИВГ.1М ядролық зерттеу реак­то­ры жаңғыртылып, жоғары байытылған уран отынынан төмен байытылған отын­­ға ауыстырылды. Сондай-ақ реак­­тор­дың пайдалану сипаттамалары айтарлықтай жақсартылды. Бір­қа­тар сипаттамасы бойынша сәуле­лен­ген ядролық материалдармен жұ­мыс істейтін атом саласындағы ше­телдік ғы­лыми ұйымдарының мүм­кіндік­те­рінен асып түсетін бірегей материал­тану кешені құрылды. Реак­тор жа­саудың конструкциялық материалдарына зерттеулер жүр­гі­зіліп, материал­дардың бетін қа­тай­тудың жаңа технологиялары жасалды.

Әлемде баламасы жоқ қа­зақ­с­тандық КТМ термо­ядро­лық материал­тану токамагы ке­ше­ні мен имитациялық сынақ стенді құрылып, пайдалануға берілді. Токамактың плазмалық разрядының сипаттамалары бо­йынша бірегей деректер алынды. Қондырғылардың жұмы­сы­на, плазма физикасы және термоядролық материалтану бойынша зерттеулер жүргізуге жан-жақты әдіс­те­мелік қол­дау көрсетілді. Соның арқа­сында елі­міз­де жаңа сынақ база­сы, бірегей зерттеу тә­жіри­бесі және басқарылатын тер­мо­ядролық синтез бойынша жаңа ғылыми деректер пайда болды. Біздің ғалымдардың ең­­бе­гінің арқасында арнайы ғылыми білім мен жаңа білік­ті­лікке қол жеткізілді. Жұ­мыс нә­тижелері халықаралық және рес­­публикалық деңгейде кеңі­нен та­нылған.

ҰЯО-да болғанда ғалым­да­рымыз өткен 33 жылдың әр күні мен әр сәтін бос жібермеуге тырысып, ақыл-ой еңбегімен тынымсыз шұғылданғанына көзіміз жетті. Айтпағымыз, даму­дың шырқау биігіне жеткен ел­дер­дің ғалымдарымен қатар жү­ріп, атом энергиясы саласында толайым еңбек етіп жатқан ға­лым­дарымызға сенім артылса, энергетикалық қай қиындықтан да елімізді аман алып шығары кәдік. Осы күнге дейін бұл салада бірде-бір маманы немесе са­ла­ның тереңнен тартып білер ғалымы жоқ өзбек елі таяу жылдарда екі бірдей АЭС салып, өзінен артылғанын көршілеріне энергия көзін сатып, қаражат табудан үмітті. Ал алып Қытайда қазір 20 АЭС-тің құрылысы қатар жүргізіліп жатыр екен. Алдағы 2040 жылға дейін олардың санын 40-қа жеткізуді берік мақсат етіп қойыпты. Осы елдердің ортасында отырып қыруар ғалымы мен мамандары бар салада әле­уеті зор саналатын Қазақ елі көр­ші­лер көшінен қала қоймас деген сенімдеміз.

 

Астана – Курчатов – Астана