Фото: ашық дереккөз
Ведомство ұсынған дерек бойынша Қазақстанда 439 327 мың ересек және 5132 бала қант диабетімен ауырады. Оларда үнемі қатты шөлдеу, жиі несеп шығару, дегидратация, қатты аштық сезімі, шаршау, көру қабілетінің бұзылуы, бұлшықет әлсіздігі, терінің қышуы және тітіркенуі сияқты белгілер болады.
Қант диабетінің дамуы организмдегі көмірсулар алмасуының бұзылуымен байланысты. Қант диабеті организм қандағы қант (глюкоза) деңгейін түсіре алмаған кезде пайда болады. Қан қоюланып, уақыт өте келе инфарктке, инсультке, соқырлыққа, бүйрек жеткіліксіздігіне және аяқтың гангренасына әкелуі мүмкін. Қант диабетімен ауыратындардың көбі өздерінің ауруын білмейді. Көп жағдайда олар ауруы әбден асқынғанда ғана біліп жатады.
Қант диабетінің үш негізгі түрі бар: 1-типті, 2-типті және гестациялық қант диабеті. 1-типті қант диабетінің себебі белгісіз және мұндай қант диабетімен ауыратын адамдарға өмір сүру үшін күнделікті инсулин салу қажет. Әлемдегі қант диабетімен ауыратындардың көпшілігінде 2-типті қант диабеті бар, бұл көбінесе артық салмақ пен физикалық белсенділіктің болмауынан болады. Бұрын 2-типті қант диабеті ересектерде ғана байқалған, бірақ бүгінде бұл балалар мен жас ересектерде жиі кездеседі.
Гестациялық қант диабеті жүктіліктің уақытша бұзылуы кезінде болады. Ол 2-типті қант диабетінің ұзақ мерзімді қаупін тудырады. Қант диабетінің барлық түрі ағзалардың асқынуына әкеледі. Ол өз кезегінде мезгілсіз өлім қаупін арттырады.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары аурудың алдын алу үшін келесі ұсынымдарды орындауға кеңес береді:
Ұйқы безін (инсулин бөлетін) шамадан тыс жүктемеу үшін көмірсулар мен калория мөлшерін азайтыңыз. Қант диабетінің алдын алу үшін мәзірден қант пен құрамында қант бар кез-келген өнімдерді алып тастау керек. Макарон және ұн өнімдерін, қышқыл, ащы және ысталған тағамдарды тұтынуды шектеу қажет. Қуырылған тағамды қайнатылған, пісірілген немесе бұқтырылған тағаммен ауыстыру керек.
Егер сіз күн сайын дене шынықтыру сабақтарына кем дегенде жарты сағат бөлсеңіз, қант диабетінің алдын алу тиімді болады. Дене белсенділігі метаболикалық процестерге пайдалы әсер етеді, соның арқасында майлардың ыдырауы күшейеді, қанның май құрамы жақсарады, дене салмағы айтарлықтай төмендейді. Қант диабетінің алдын алу үшін жаяу жүру, велосипед тебу, билеу, жүзу, футбол және басқа да спорт түрлерімен айналысу керек.
Психикалық тепе-теңдікті сақтаңыз. Тұрақты стресс аурудың даму себептерінің бірі болғандықтан, қант диабетінің алдын алу үшін эмоционалдық жағдайды бақылауда ұстаңыз. Медициналық тексерістен уақтылы өтіңіз.