Үкімет • 16 Қараша, 2023

Әскери резерв қызметі құрылады

254 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен Пала­та­ның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар маңыз­ды заң жобасы қабылданды. Атап айт­қанда, әскери саладағы резерв­тік қызмет, балалар құқықтары туралы конвецияны ратификация­лайтын құжаттар талқыланды.

Әскери резерв қызметі құрылады

Келісімшарт үш жылға жасалады

«Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне резервтегі қыз­мет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов баяндама жасады. Мәжіліс жалпы отырыста тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осылайша, Қазақстанда 2025 жылдан бастап әскери қызметтің жаңа түрі – резервтегі қызмет пайда болады. Жоба кәмелетке толған азаматтарға қатыс­ты. Қызметке қабылдау ерікті түрде жүргізіледі.

«Резервтегі қызмет туралы заң жобасын әзірлеуге жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру негіз болды. Бұл нормалар әскери бөлімді адами ресурс­пен кепілді қамтамасыз етуге резервте болатын жауынгерлік дайын күшті құруға мүмкіндік береді. Заң жобасын іске асыру үшін екі кодекске, төрт заңға өзгеріс енгізіледі. Қылмыстық кодекске резервтегі жауынгерді әскери құқық бұзу субъектісіне жатқызу бо­йынша өзгеріс жасау көзделген. Еңбек кодексіне жұмыс беруші мен резервтегі әскери арасындағы еңбек қатынасын реттеу бойынша түзету қарастырылған», деді Р.Жақсылықов.

Қорғаныс министрінің айтуын­ша, «Әскери қызмет және әскери қыз­­мет­шілердің мәртебесі туралы» заңға да өзгеріс енгізілмек. Атап айтқанда, резерв­тегі әскери адам мәртебесі, оның құқы­ғы мен міндетін белгілеу, резервтегі әскери­дің міндетін орындау кезеңін айқындау, резервте қызмет ө­т­керу жөнін­де түзетулер жасау көз­делген. Бұдан бөлек, «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мем­лекет­тік қызметі туралы» заңдарға өз­геріс­тер енгізіледі.

«Заң жобасын іске асыру азаматтар­ға резервте әскери қызмет етуге мүмкіндік береді. Ол үшін келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Жауынгер­лік жиындар 30 күнде іске асырылады. Резервтегілерге арналған сабақтар ай сайын екі-үш күн болады. Бұған бөлінетін қаражат республикалық бюджеттен қаралады. Біріншіден, тиісті сабақтар кезінде ай сайын ең төменгі жалақы төлеу ескерілген. Екіншіден, жауынгерлік жиындар кезінде орташа жалақы төлеу жоспарланған.

Әскери резервтегі адам қызмет еткен кезде жұмыс орны сақталады. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік тұрғыдан тиімді. Резервке қызметке кірген азамат­тың кірісі артады. Мемлекет тарапына көмекке жүгіну төмендейді. Халық­тың мемлекетке, қарулы күштерге сенімі артады. Әскери резервтегі адам патриотизм рухын­да тәрбие алады. Бұл қызметті енгізу бейбіт уақытта әскер санын арттырмай, қойған міндетті орындауға дайын азаматтар санын даярлауға мүмкіндік береді», деді Р.Жақсылықов.

Айта кетерлігі, Қорғаныс министрлігі іріктеу кезеңдерінен өткен азаматтармен 3 жылға келісімшарт жасасады. Соның негізінде олар ай сайын бөлім­дерде қысқамерзімді оқудан және ведомствоның бұйрығы бойынша 30 күн­дік жиындардан өтеді.

Резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады және жас шектеулері белгіленеді. Офицерлер үшін – 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін 18-ден 50 жасқа дейінгі аралық қарастырылған. Резервшілерге қару-жарақ пен жауынгерлік техника бекітіледі. Олар тек өз облысының аумағында қызмет етеді.

Депутат Ермұрат Бапидің сөзіне сүйенсек, заманауи қарулы қақтығыстар әскери сипаттағы қауіп-қатерді дайын­далған жұмылдыру ресурстары бар, жаңартылған армияның күшімен ғана шешілетінін айғақтап отыр.

«Заң жобасы елімізде әскери қыз­мет­тің жаңа түрін – еріктілік пен аумақ­­тық қағидаттарына негізделген ре­зерв­тегі қызметті енгізуді көздейді. Бұл қыз­метті енгізу қажетті әскери-есептік маман­­дықтар бойынша резервтік күш­терді даярлауға мүмкіндік береді. Мәсе­лен, резервтегі әскери қызмет­ті өт­керу туралы келісімшарт жасас­қан адам­дар аталған қызметті заңда белгі­лен­ген тәртіппен бейбіт уақытта бар әскери-есептік мамандықтар бойынша өткереді.

Құжат резервтегі әскери адамның тікелей әскери бөлімге келуі есебінен әске­ри бөлімдердің дайындық мерзім­дерін қысқартуға да септігін тигізеді. Яғни мемлекетке қауіп төнген жағдайда, армиямызда әскери немесе төтенше жағдай енгізілгенге дейін де, әскери қызметшілердің штат санына қосымша, дайындықтан өткен бірнеше мың жа­уынгер болады», деді Е.Бапи.

Депутаттың айтуынша, құрылатын бөлім­шелердің жауынгерлік дайынды­ғын арт­тыру көзделген. Яғни резервтегі әскери адамдарға әскери техника мен қару-жарақ бекітіліп беріледі. Осылай­ша, әскери бөлімдерді барынша қысқа­мер­зімде жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне жеткізуге жол ашылады.

 

Балалар құқығын қорғайтын құжат

Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары «Бала құқықтары туралы конвен­цияға хабарлар рәсіміне қатысты факуль­тативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Құжат­тың мақсаты – бала құқықтарын халық­аралық деңгейде қорғау. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құжаттың ерекшеліктеріне тоқталды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкі­мет­ке «Бала құқықтары туралы конвен­цияның» хабарламалар рәсіміне қатысты факультативтік хаттамаға қосылу туралы шара қабылдауды тапсырған еді. Осы мақсатта биыл 7 ақпанда БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның тұрақты өкілі хаттамаға қол қойды.

«Үшінші факультативтік хаттама ратификацияланған жағдайда еліміз «Бала құқықтары туралы конвенция­ның» барлық факультативті хаттамаларына толығымен қосылуды аяқтайды. Ал қазақстандық әр бала өз құқықтарын халықа­ралық деңгейде қорғау мүмкін­дігіне ие болады. Факультативті хатта­маға сәйкес, балалар мен олардың заңды өкілдері БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетіне ел аумағындағы барлық ішкі құқық қорғау құралдары арқылы, соның ішінде барлық деңгейдегі соттарда қара­лып, шыққан шешіммен келіспеген жағ­дайлар бойынша ғана жүгінуге құқылы», деді Ғ.Бейсембаев.

Факультативтік хаттама аясында түскен хабарламаларды БҰҰ Бала құқық­тары жөніндегі комитеті құпия және жабық тәртіппен қарап, ұсынымдарын қажетті шараларды қабылдау үшін қатысушы мемлекетке жолдайды.

«Мемлекетіміз 1994 жылы Бала құқықтары туралы конвенцияны, 2001 жылы оның «Балалардың қарулы жан­жалдарға қатысуына байланысты» және «Балаларды саудалауға, бала­лар зинақорлығына және балалар порнографиясына» қатысты екі хаттамасын ратификациялады. Бүгінде үшінші факультативтік хаттаманы ратификациялау арқылы біз балалар құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында тағы бір маңызды қадам жасаймыз», деді Ғ.Бейсембаев.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов хаттамада адам мен азаматтың Қазақстан Конституциясы мен заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын шектейтін нормалар қамтылмағанын атап өтті.

«Заң жобасын қабылдау Бала құқықтары жөніндегі комитетке балалардан және олардың өкілдерінен құқықтарының болжамды бұзылуы туралы хабарламаларды қарауға мүмкіндік береді. Хаттамада Конвенцияда бекітіл­ген құқықтар бұзылған жағдайда жеке шағымдарды қарау тетіктері көзделген. Бұл өз кезегінде балаларға өз мүдделерін халықаралық тұрғыда қорғау құқығын қамтамасыз етеді. Қазақстанның бұл хат­тамаға қосылуы балаларды қорғаудың құқықтық деңгейін арттырады», деді Р.Зайытов.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары ұлт­тық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік орган­дардағы қызмет мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабыл­дады. Заңның мақсаты – ұлттық қауіп­сіздік саласындағы заңна­маны одан әрі жетілдіру.

Терроризмге қарсы орталықтың және жер­гілікті атқарушы органдардың экст­ремизмнің алдын алуды үйлестіру және ұйымдастыру жөніндегі құзырет­тері кеңейтіледі. Мемлекеттiк құпия­лар­ды қорғау шараларын күшейту мақ­сатымен мемлекеттiк қызметшiлер мен мемлекеттiк қызметте жоқ адамдар үшін мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудің бiрыңғай талаптары белгiленген.

Сондай-ақ заң мемлекеттік қызмет­керлердің арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет атқару кезіндегі әлеуметтік кепілдіктерін күшейтеді. Атап айтқанда, түзетулер арқылы атақтар беру, аттес­таттаудан өту және жоғары оқу орындарында оқу тәртібі жетілдіріледі.

Жиырма бес жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге өз қалауы бо­йынша жұмыстан босату құқығы қарас­тырылған. Мемлекет басшысының тап­сырмаларын іске асыру мақсатында қызметкерлерді ұлттық қауіпсіздік органдарынан босатудың неғұрлым икемді шарттары ұсынылды.

 

Салық кодексіне енгізілген өзгеріс

Бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. Құжат халықара­лық стандарттарға сәйкес азаматтардың бірлестік құру бостандығын қамтама­сыз етуге бағытталған. Онда үш құрыл­тайшымен қоғамдық бірлестік құруға мүмкіндік беру, республикалық маңызы бар қалалардағы қоғамдық бірлестіктер мәр­тебесін айқындау, қоғамдық бірлес­тік­тер құруды құқықтық реттеу секілді нормалар ұсынылады.

Сонымен қатар әлеуметтік кодекске еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу жөніндегі нормалар да енгізілді. Бұл төлем қызметкер 55 жасқа толған, кемінде 7 жыл міндетті кәсіп­тік зейнетақы жарналары төленген болса, азамат зиянды жұмыстардағы қызме­тін тоқтатқан кезде төленеді. Еңбек жағ­дай­лары зиянды жұмыстармен байланысты азамат арнайы әлеуметтік төлем алып, зиянды жұмыстан кету немесе қалу мәселесін өзі шешеді. Сондай-ақ өнді­рісте зардап шеккен адамдардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша нормалар ұсынылды.

Жалпы отырыста салық заңнама­сының кейбір нормаларын жетілдіру мен нақтылауға бағытталған Салық кодексіне және оны іске асыру туралы заңға енгізілетін түзетулер екін­­ші оқылымда қабылданды. Жеке тұлға­лардың коллекторлық агент­тіктер мен микроқаржы ұйымдары бере­шек­терін кешір­ген кезіндегі жеке тұлғаның кіріс­­тері, тауарларды, жұмыстарды, көрсе­ті­летін қызметтерді бұрын жүзеге асы­рыл­ған сатып алулар немесе алынған жұ­мыс­тар, көрсетілген қызметтер үшін есеп­тел­ген сома есебінен сатып алу кезін­де олардың құнын үнемдеуден түс­кен материалдық пайда, Ұлттық қор­­­дан бөлінетін балаларға арналған нысан­­а­лы жинақтар кіріс ретінде қарас­тырылмайды.

Активтер мен міндеттемелер, кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру мерзімдері мен жасау ерекшеліктері нақтыланды. Салық төлеушінің ауыспалы есептерді, қолма-қол ақшаны есепке алу кітаптары мен тауар чектерін, сондай-ақ деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасын қолданған кезде басқа да чектерді басып шығарылған немесе толығымен толтырылған күнінен бастап, бес жыл бойы сақтау міндеттемесі алынып тас­талды. Азаматтардың Конституциялық Сотқа арыз берген кезде мемлекеттік баж нөлдік мөлшерлемемен белгі­ленді. Арнайы экономикалық және индус­триялық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компанияларына санаттар бойынша белгілі бір мерзімге салық жеңілдіктері беріледі. Заң 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгі­зіледі деп жоспарланған.

Сонымен қатар жалпы отырыста Мәжіліс 2 заң жобасын жұмысқа алды. Олар: Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісім, Спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау мен өсімін молайту мәселелері туралы құжат. Жиын со­ңын­да депутаттар тиісті мемлекеттік меке­мелердің басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.