Үкімет • 16 Қараша, 2023

Кәсіби біліктілік жөнінде ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кәсіби біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында «Кәсіби біліктілік туралы» заңның орындалу барысы талқыланып, оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен жұмыс берушілер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіби біліктілік жөнінде ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті

Фото: primeminister

Отырысқа қатысушылардың айтуынша, колледждер мен ЖОО-лардың кейбір түлектері меңгерген мамандығы бойынша жұмысқа орналаса бермейді. Жұмыссыз қалып қоятындары да бар. Мұның бір себебі – түлектердің біліктіліктері жұмыс берушілер қойған талаптарға сай келмей жатады. Қазір еңбек нарығының сұранысына сай сапалы кадр дайындау үшін оқу орындары мен кәсіпорындар арасында тығыз байланыс орнату мақсаты тұр.

«Кәсіби біліктілік туралы» заңның аясында отандық сарапшылар кәсіби стандарттар әзірлеп жатыр, білім беру ұйымдары оқу бағдарламасын сол стандарттарға сай етіп келтіріп жатыр. Түлектердің меңгерген білімін тәуелсіз Сертификаттау орталықтары бағалап бастады. Міндеттердің осылайша бөлінуі сапалы кадр дайындауға мейлінше сеп болады. Бұл жұмыстың басы-қасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған Біліктілік жөніндегі ұлттық орган болмақ.

Бүгінде 200-ден аса стандарт заманға сай лайықталып, жаңадан 20-сы дайындалды. Айта кетсек, бұл жұмыстың барлығы цифрлық форматқа көшкен.

«Келешекте қарастырып жатқан стандарттарымыз қолданыстағы біліктілік анықтамаларын алмастыратын болады. Оның негізінде қызметкердің міндеттері мен еңбекақы көлемі анықталады», деді Тамара Дүйсенова.

Өзгеріп жатқан трендтер жоғары білім саласына да әсерін тигізіп отыр. Қазірде 2 800-ден аса білім беру бағдарламасы кәсіби стандарттарды ескере отырып әзірленген, оның 166-сы инновациялық болып саналады.

«Қазіргі және келешекте сұранысқа сай болатын кадрларды дайындау үшін аймақтық жаңа мамандықтар атластары әзірленіп жатыр. Олар өңірлердегі еңбек нарығының талаптарын қанағаттандыруға бағытталған», деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки.

«Бұл жұмысымыздың маңызы өте зор. Кәсіби стандарттарға сай білім беріп жатқан оқу орындарына бөлінетін гранттар санын көбейту жағын пысықтауымыз керек. Біздің басты мақсат – оқуын аяқтаған түлектің еш қиындықсыз жұмысқа орналасуына жол ашу. Бұдан барлығы ұтады», деп түйіндеді Т. Дүйсенова.