Өндіріс • 20 Қараша, 2023

Өрісі кең өңдеу өнеркәсібі

202 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, өңдеу саласы жақсы дамыған Қостанай об­лысы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып отырған өңірдің бірі. Облыс республика көлемінде ұн өндірісі бойынша бірінші, сүт және қою кілегей, йогурт өндірісі бойынша екінші, макарон, жарма өндіру саласында үшінші орында тұр.

Өрісі кең өңдеу өнеркәсібі

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қатты ірімшік өндірісі іске қосылады

Азық-түлік өндірісін экспорттау жөнінен 17,4 пайыз үлеспен екінші орында болса, егін және мал шаруашылығы салаларын дамыту бойынша былтыр ең алдыңғы қатардан көрінген. Тәулігіне 130-150 тонна сүт өңдеп, одан 150-ге жуық өнім түрін шығарып отырған тағы бір іргелі кәсіпорын – «Милх» жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігі. Өз өнімдерінің 30 пайызын Ресейдің іргелес жатқан аймақтарына экспорттай­ды. 710 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр­ған серіктестік өндіріске қажет шикізатты негізінен сүтті сиыр бағатын жеке шаруа қожалықтарынан сатып алады.

Бүгінде кәсіпорынның «Новый день» брендімен шығатын пастерленген сүт, қаймақ, ірімшік, балмұздақ, сүзбе сияқты сапасы жоғары өнімдері тек облыс жұрт­шы­лығына ғана емес, еліміздің бірқатар өңіріне жақсы таныс. 

ва

Зауыт алдағы уақытта Батыс Еуропадағы серіктесі «Deutsches Milchkontor Gmbh» компаниясымен бірлесіп, қатты ірімшік өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Аталған жобаның құ­ны шамамен 7,2 млрд теңге бол­ады. Жоба сәтті іске асса, кәсіп­орын тәулігіне 250 тонна сүт өңдеуге қол жеткізеді. Еу­ро­одақ  нарығына бағытталған жаңа өндірістің бірінші желісі осы жылы іске қосылады. Алайда жаңа желі ойдағыдай жұмыс істеп тұру үшін шикізат тапшылығы мәселелерін шешу қажет. Қазіргі уақытта  кәсіп­орын өңірдегі 12 мың жеке қо­салқы шаруашылықтан сүт сатып алып отыр. Жаңа өндіріс іске қосылса, 12 мың ұсақ ша­руа­­­ның кәсіпорынға қажет  ши­кізат сұранысын өтеуге шамасы келмейді. Алайда өңірде азық-түлік тауарларының им­порт­­­қа тәуелділігін төмен­де­­ту­г­е бағытталған ірі жобалар жү­з­еге асырыла бастады. Мә­се­лен, Қарасу ауданын­да 400 бас­қа, Меңдіқара ауда­нындағы Степанов елді меке­нінде құны 6 млрд теңге бола­тын 1200 бас сауын сиырға ар­нал­ған тауарлы сүт фермасы са­лы­нып жатыр. Степановтағы ірі ферма құ­рылысының 4,8 млрд теңгесі «Тобыл» ӘКК» АҚ арқылы мемлекет есебінен қар­жы­ландырылса, 1,2 млрд теңгесі – сол ферманы салып жат­қан «Қарқы агрофирмасы» серіктес­тігінің өз ақшасы.

Аталған екі ферма жұмыс істей бастаса, «Милх» серіктес­тігінің де ісі ілгерілейді. Мұны аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та айтып отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге барынша көңіл бөлінеді. Қайта өңдеу бағытында 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Оларға 80 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарлануда. Солардың бірі – Deutsches Milchkontor GmbH технологиясын тарта отырып, ассортименті бай барлық түрдегі ірімшік өндіретін жаңа кешен салу. Бұл міндетті «Милх» ЖШС атқарып жатыр. Аталған жоба ірімшік өндірісінің қуатын арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкін­дік береді. Жоба іске қосылған соң, кәсіп­орын жылына 2 мың тонна өнім өндіреді, – дейді әкім.

«Милх» серіктестігіндегі бір­лес­кен өндіріс шамамен 35 адамды жұмыспен қамтымақ.

 

Аграрлық кластер құрылады

Өңірдің ауыл шаруашылығы соңғы бірнеше жыл қатарынан қайталанған аптап құрғақшылық пен  биыл күзде бір ай бойы тоқтаусыз жауған жауын-шашыннан ең көп зардап шеккен аймақтар қатарына енді. Соған қарамастан өндіріс ауқымын кеңейте алып отырған бірқатар ірі шаруашылықтың аяқ алысы қуантады. Мысалы, Бейімбет Майлин ауданына қарасты Бай­шуақ ауылындағы «Green Terra» ЖШС биыл аграрлық кластер құру жобасын іске асыруды жос­парлап отыр. Кәсіпорын 2003 жылдан бері күнбағыс, бидай, картоп өсірумен айналысып келе­ді. Былтыр 6 мың тонна көк­өніс сиятын сақтау қоймасын салып алды. Ауа температурасы автоматты түрде реттеліп оты­ратын қоймаға картоп тазарта­тын және сұрыптайтын заманауи техника құрылғылары орна­тылған. Кәсіпорын енді егістікке арналған суармалы жерлерді кеңей­ту, сондай-ақ тауарлы сүт фер­масын және ет комбинатын салу­ды көздеп отыр.

«Біз 2 257 га алқапқа суару жүйесін орнатуды, 12 мың тонна көкөніс қоймасын және 1 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлап отырмыз. Ауқымды жобаны 2020 жылы қолға алдық. Бүгінгі таңда оған 2 млрд теңгеге жуық қаржы салынды. 2026 жылға дейін тағы 10 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. 2020 жылы – 225 га, 2022 жылы 631 гектар жерге суару жүйесі іске қосылып, ірі көкөніс сақтау қоймасы салынды. 2026 жылға дейін 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлап отырмыз», дейді кәсіпорын басшысы Ердос Тапаев.

ук

Таяуда аталған серіктестікке Тобыл өңіріне жұмыс сапарымен келген вице-премьер Серік Жұманғарин келіп, кә­сіпорынның жұмысымен та­нысқан.  Кәсіпкер орайы келгенде өзі тұрғызып жатқан та­уарлы сүт фермасына салынған инвестицияның өтеу нормасын 25 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайтуды, сондай-ақ көкөніс сақтау қой­ма­сына ке­летін жол салуға және суару жобасына электр жүр­гізуге көмектесуін сұраған. Оған Үкімет басшысының орынбасарымен бірге келген Ауыл ша­руа­шылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек көкөніс сақтау қоймаларын салу бо­йынша бизнесті ынталандыру үшін министрлік қолданыстағы сақтау технологиясына байланысты шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40-50%-ға дейін ұлғайту бойынша инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгеріс­тер енгізу жұмыстары жүріп жатқа­нын айтты. Кәсіпкер сұраған ком­­муникациялық мәселелер әкім­діктің көмегімен шешілмек.

 

Қостанай облысы