Бизнес • 20 Қараша, 2023

Заңды кәсіптің мүмкіндігі мол

81 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экономикалық саясаттағы қазіргі үрдіс – ішкі жалпы өсімде шағын және орта бизнестің үлесін арттыру. Дүниежүзілік банктің мәлімдеуінше, әлемдік бизнестің 90%-ын шағын және орта бизнес өкілдері құрайды. Қазақстанда бұл сала әлі де дамып, қалыптасу үстінде.

Заңды кәсіптің мүмкіндігі мол

Мәселен, шағын және орта кәсіпкер­лік секторы қазір біздің елдегі жалпы ішкі өнімнің 36,5 пайызын, ал көршілес Өзбекстанда 50 пайыздан астамын құрап отыр. 

Дегенмен елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыруға мүмкіндік мол. Бұл ретте кез келген қаржы инс­ти­туты үшін клиенттің таңдауы мен талғамы маңызды. Бұрын бизнесті қаржы­ландыру екінші деңгейлі банктер мен квазимемлекеттік сектордағы қаржы институттарының еншісінде болса, бүгінде олардың қатары шағын қаржы ұйымдарымен толықты.

Сарапшылар бірер жылдан бері шағын қаржы ұйымдарының мүмкін­дігіне назар аудара бастады. Себебі олар­дың бағытын ауыл бизнесіне бұр­ған ұтымды. Өйткені екінші деңгейлі банк­тер­дің аяғы жетпей жатқан жерге шағын қаржы ұйымдары қол созып жатыр.  

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Мақсат Халықтың айтуынша, қазіргі кезде біз­дің елде бизнес ашқысы келетін азамат­тарға мүмкіндік мол. Бұл үшін құзырлы орындарда тіркеліп, бизнесін заңды жүргізсе болды. Тіпті жеке кәсіпкерлікті тіркеу автоматтандырылған. Түрлі есікті қа­ғып, табалдырық тоздырып, есіл уа­қыт­­ты қор қылып жүретін кез өткеннің ен­ші­сін­де қалды. Заңды тіркеуден өтіп, заң­на­ма аясында жұмыс істеген бизнес субъектілеріне қаржы институттарының есігі  ашық. 

Осы орайда біз бұдан 5-6 жыл бұрын  KMF микроқаржы ұйымынан несие алып, бизнесін дөңгелетіп отырған Теңгегүл Оңғарбаеваны сөзге тарттық. Оның алаңы 45 шаршы метрді құрайтын бұрынғы шағын дүкені қазір 450 шаршы метрлік сауда үйіне айналыпты.

Т.Оңғарбаева бізбен әңгімесінде өз бизнесінің тарихы 1990 жылдардан басталғанын айтты. Ол кеңес одағы күйреп, нарыққа беталыс сезіле баста­ған кезде саудаға бет бұруға шешім қа­был­даған. Біраз жыл қара базарда сау­да жасады. Содан жергілікті жерде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, азық-түлік дүкенін ашуға шешім қабылдады. «Ал­ғашқы бірер жылда банктерден несие алдым, кейін құрбыларымнан КМF туралы естіп, оның өзім тұрған жер­дегі филиалына бардым. Шарттары, қызмет­керлерінің клиенттермен қарым-қатына­сы көңілден шықты. Басты шарты – он­дағы қызметкерлер тек бизнесіңді қаржы­ландырумен шектеліп қалмайды екен. Түрлі деңгейдегі бизнес-тренингтерге қатысқаннан кейін «КМF-Достар» деп аталатын топтық қаржыландыруға қол жет­кіздім. Бір кездегі 45 шаршы метрлік сау­да нүктесі қазір 450 шаршы метрлік сау­­да үйіне айналды, бірнеше бөлмені жал­­ға беремін. Мұның бәріне заңнан атта­­май, кәсібімді заңды жүргізудің нәти­же­сінде қолым жетті, заңды бизнеске, расын­да да, мүмкіндік зор екен»,   дейді Т.Оңғарбаева.

Іскер ханым бизнестің табиғаты тәуе­келді құп көретінін де айтып қалды. Ал тәуе­кел­ге шешім қабылдау үшін отбасы­лық бизнес болса да, заңды түрде тіркелу керек. 

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыру құқығын беретін ҚНРДА 26.02.2021 жылғы №02.21.0003.M лицензиясы