Абай облыстық мәслихаты осы сайлаудан кейінгі бірінші сессиясын 30 наурызда өткізген еді. Аталған сессияда Абай облыстық мәслихатының төрағасы болып Қуаныш Сүлейменов сайланды. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың бес тұрақты комиссиясы құрылып, «Абай облысы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штаттары бекітілгенін атап өткен жөн.
Абай облыстық мәслихатына бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 15 депутат, 3 саяси партиядан – 13 депутат «Amanat» партиясынан, 1 депутат «Respublica» партиясынан және 1 депутат «Қазақстан Халық партиясынан» сайланған.
Бүгінге дейін Абай облыстық мәслихаты 9 сессия отырысын өткізді, оның 2-еуі кезекті,7-еуі кезектен тыс отырыс. Таяуда бір кезектен тыс көшпелі сессиясы Жарма ауданында өтті. Облыстық мәслихат депутаттары барлығы 72 шешім қабылдаса, оның ішінде 16 шешім нормативтік-құқықтық актілер құжаты есебіне жатады. Аталған шешімдерге Абай облысының Әділет департаменті келісім беріп, электрондық түрдегі нормативтік-құқықтық актілердің Эталонды бақылау банкіне ресми жарияланған.
Сессия отырыстарында «Абай облысындағы кейбір елді мекендердің шекарасын өзгерту туралы», «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», сонымен қатар бюджетке өзгерістер енгізу, «Абай облысының қоршаған ортасына теріс әсер еткені үшін төлемақы мөлшерлемелерін бекіту және көтеру», «Абай облысында жылу маусымына дайындық және өткізу қағидаларын бекіту», «Абай облысының азаматтарына жекеменшікке тегін ұсынылуы мүмкін жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу», «Абай облысының халқын орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жерүсті және жерасты су объектілерінен су алу ережесін бекіту» секілді өзекті мәселелердің шешімдері қабылданып, жаңа облысты қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын жайлар қабылданды.
Депутат жұмысының ең маңыздысы – ел мүддесіне қатысты мәселелерді дер кезінде көріп, көтере білу. Бұл істе тұрақты комиссияның маңызы зор. Абай облыстық мәслихатының 5 тұрақты комиссиясы бекітілген. Олар: экономикалық және қаржылық, кәсіпкерлік қызметті дамыту саласындағы тұрақты комиссиясы; агроөнеркәсiптiк кешен және экологияны дамыту саласындағы тұрақты комиссиясы; халықты әлеуметтік қорғауды, білім және ғылым, денсаулық сақтауды, мәдениет және спортты дамыту саласындағы тұрақты комиссиясы; өнеркәсіпті және жер қойнауын пайдалану дамыту саласындағы тұрақты комиссиясы; депутаттық өкілеттілік, этика және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы. Есепті кезеңде тұрақты комиссия отырыстарында барлық мәселе қаралып, сессияға жолданды. Атап айтқанда, халықты әлеуметтік қорғау, облыстық бюджетті қалыптастыру, нақтылау және орындау, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, автокөлік жолдарының жағдайы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Депутаттық корпус өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жоспарлау мен бюджетті қалыптастырудың тиімділігін бақылауға, оның мақсатты және тиімді пайдаланылуына, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың өз деңгейінде іске асуына баса назар аударады. Рас, мәселелер аз емес. Облыстық мәслихат бұл мәселелерді шешу үшін ең әуелі бюджеттің жұмсалуы мен үкіметтік жобалардың жұмысын талапқа сай ұйымдастыруға жіті назар аударады.
«Абай облысы мәслихатында депутаттардың азаматтарды қабылдау кестесі бар. Кестеге сәйкес облыс тұрғындары депутаттарға сауалдары немесе өтініштерін тікелей қабылдауда айта алады. Бұл депутаттардың ашықтығы мен халыққа жақын екенін көрсетеді. Дәл осындай жұмыс барлық аудандық мәслихат төрағасына ұсынылған, барлық шалғай жатқан өңірлерде жалғасын табады деп сенеміз. Аймағымызға келетін болсақ, облыс бойынша түйткілді мәселелерді шешетін жұмыстарға облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары жауапты. Халық қалаулылары жұмыстардың басы-қасынан табылып, орындалуын қадағалайды. Бұл ретте Абай облыстық мәслихат депутаттары 11 депутаттық сауал жолдап, 21 сұраныс хат жіберді», дейді облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Серқазыұлы.
Облыс тұрғындарының жағдайымен және өңірлерге мәселелермен танысу мақсатында Абай облыстық мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов қала және аудандарға жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Бүгінгі күнге дейін Жарма ауданында – 4, Бородулиха ауданына – 2, Аягөз ауданына – 1, Үржар ауданына – 1, Бесқарағай ауданына – 1, Ақсуат ауданына – 1, Көкпекті ауданына – 1, Курчатов қаласына – 1, Семей қаласының Приречный ауылдық округіне – 1, Гранитный ауылына 1 рет барды.
Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасының жеке қабылдауында 629 адам болып, жеке және заңды тұлғалардан 254 өтініш түсіп, құзырлы мекемелерге 348 сұрау хат жіберілген. Оның ішінде көбінесе тұрғын үй мәселелері, Семей қаласындағы тазалық мәселелері, қоғамдық көлік пен жолға қатысты және спорттық алаңдар мен балалар ойын алаңдарын салу секілді халық көкейіндегі жайларды шешуге баса мән беріледі. Қазіргі күнде сұраухаттарға орай тиісті жауаптар түсіп, көбі оң шешімін тауып келеді.
Жаңадан құрылған Абай облысында облыс әкімдігінің және облыс мәслихатының қолдауымен мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру, облыстың әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруда жастардың пікірі мен сөз еркіндігін ескеру мақсатында Абай облысының Жастар мәслихатын құру қолға алынды. Басты мақсат – жастар мәслихатын құру арқылы жастар арасындағы өзекті мәселелер мен олардың ұсыныстарын талқылап, оның шешу тетіктерін табу, депутаттық сауал арқылы жастардың мәселелерін тиісті мекемелерге жеткізу. Сайланған жастардың арасынан шыққан үздіктерді болашақ кадр ретінде тәрбиелеу. Абай облысының Жастар мәслихатында «Жастар саясаты», «Парасат», «Шабыт» тұрақты комиссиялары жұмыс істейді.
Абай облысы