Бұқар бабамыз «Жиырмадағы жасыңыз ағып жатқан бұлақтай» деп, қалай ғажап айтқан, ә. Шынында да, жиырма жас – жастықтың оты жалындап, ғашықтық сезім алаулап, көңіл алабұртып, махаббат үшін алдыңда қандай қамал тұрса да соны бұзып жарып өтуге даяр кезің. Бірақ оны сол жігіттік кезеңді басынан өткергендер ғана түсінеді. Біз айтып отырған шығарманың бас кейіпкері Жабай – әлі мектепте оқитын жеткіншек. Бірақ бала болса да «дүние пәленің» бәрін біледі. Жиырма жастағы ағасы Оразбайды қатты жақсы көргенімен, оның кейбір қылығын аса жақтырмайды. Әсіресе күн батысымен үйден кетіп қалатыны ұнамайды. Содан түннің бір уағына дейін елегізіп, жалғыз ұйықтамайды. Ал қасында ағасы жатса, жастыққа басы тиісімен «қор» ете қалады. Кейде осы үшін оған іштей ренжіп, қырсығып жүреді. Ақыры, екеуінің арасы ауылға бір үнді киносы келгеннен бастап бұзылды.
Жалпы, Тынымбай ағамыздың кез келген шығармасынан қазақтың болмысы, мінезі бадырайып көзге көрініп тұрады.Жазушының жылы әзілі де керемет. Диалогті де шебер ойнатады. Диалог демекші, мына бір үзіндіге зер салыңыз:
«– Кө-ке-е!.. Менің даусым соншалық бұзылып шықты-ау деймін. Балтасын белбеуіне қыстырып, даладан ойда-жоқта кіріп келген көкем əуелі селт ете қалды.
– Əй, Жаб-б-ы, Жабай-йжан! Саған не болды? – деп жаныма кеп отыра қалды.
– Киноға апармайды, – деп Оразбайды нұсқадым. Иегім кемсеңдеп кетті.
– Неге апармайды? Неге апармайсың, ей? – деп көкем ішкі бөлмеге кіріп бара жатқан Оразбайға алара қарады.
– Сенің сəніңді бұза ма, осы бала?
Ағам үн-түн жоқ ішке кіріп, киетін киімдерін көтеріп, қайта шықты.
– Ол көруге болмайтын кино.
– Не дейді-əй? Ол қайдан шыққан зəкүн. Жұбатардың үлкен баласы көріп, кіші баласы көрмей-ақ қойсын деген?! Үйбай-ай, мынаны-ай, ержеткеннің жөні осы деп! Осы баланы апармай көрші, менен туғаның рас болса...».
Осы диалогтегі қаламгердің шеберлігі қандай, кейіпкерлер мінезін дөп түсірген. Әсіресе соңғы сөйлемдегі әкесінің айтқан сөзін оқығанда, езуіңіз жиылмайды.
Ақыры, көкесінің зілді дауысынан кейін Оразбай інісін ертіп, киноға алып барды. Бірақ клубың жанына барғанда «күте тұр» оны деп жалғыз тастап кетеді. Осы кездегі Жабайдың көңіл-күйін, ой-қиялын ұтымды деталь, әсерлі штрихтар арқылы көркем жеткізеді. Нанбасаңыз, оқыңыз. «Мен клубтың жанына барып тұрдым. Ойым шартарап. «Бізді күт дейді-ей. Сонда кім біреуі? Босқа ақшаны құртып», – деп іштей кіжініп қоямын. Клубтың маңында теңселіп ұзақ жүрдім. Оразбайлар əлі жоқ. Тіпті ызам келді.Не істерімді білмей, сарсаң болып тұрғанымда, Оразбайлар да жетті-ау, əйтеуір. Қасындағы ұзынтұраның қыз екенін білгенімде, ішім қып ете қалды. Тани кеттім. Мектепке пионервожатый боп келген сары қыз. Ол маған жақындап келіп, күлімсірей қарап, бас изеп амандасты. Мен үндегенім жоқ. Əсіресе үстімдегі күпəйкемнен ұялып, жерге кірердей болдым». Осы бір көріністен баланың характері мен сол сәттегі жан-дүниесін қалай тамыршыдай тап баса білген. Бұл жағдай біздің де басымыздан өткен, сондықтан Жабайға іш тартып тұрасың. Үшеуі алақандай клубтың соңғы орындарына келіп жайғасты. Жабай ішке кіргелі назар салмаған ағасына жыны ұстап отыр. Ол оң жағында отырған сары қызбен әуре. Кино оны қызықтыра қойған жоқ. Бақырайып қарағаны болмаса, жөнді ештеңе ұқпады. Бір қыз бен жігіт қол ұстасып жүреді. Құшақтасады. Содан бір қалғып кетіп қайта қарағанда, әлгі қыздың жылап отырғанын көреді. Ағасына қараса, экранға кіріп кетердей төніп отыр. Оның қасындағы сары қыз қолына орамалын алып, әлсін-әлсін көзін сүртеді. Сөйтіп, отырғанда, тағы қалғып кетті.
Қазақ әдебиетінде жалпылама балаларға арналған туындылар болғанымен, әсіресе, 13-15 жастағы жасөспірімдер кезеңіне қатысты жазылған шығармалар өте сирек. Бұл кезең – баланың азамат болып қалыптасуына, өмірді, ортаны, адамдарды, жақын тануына көп әсер етері хақ. Сондықтан балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген қаламгерлер осыны ескерсе дейміз. Жазушы балаға тән аңғалдықты, адалдықты шебер суреттейді. Кинодан шыққаннан кейін алдымен ағасы қасындағы қызды үйіне шығарып салады. Жеті қараңғы түнде үйіне жалғыз баруға қорқып, олардың соңдарынан Жабай да ереді. Осы жердегі үзіндіге тағы үңілсеңіз: «Шіркін-ай, осы кезде жылы төсекте ұйықтап жатар ма еді? Мені киноға айдап келген қай қырсық. Мынау екеуі осылай-ақ таңды атырар, сірə? Мені ұмытып кетті-ау деймін өздері...Мен жөтеліп қалдым. Бірақ Оразбай міз баққан жоқ. Ол сары қызға бірдеңе сыбырлайтындай, еміне жақындады. «Сыбырласа сыбырласыншы осы. Тезірек кететін», – деп ойладым. Осы кезде тым тақалып қалған Оразбайдың бетіне сары қыз шапалағымен шарт еткізгені. Мен аңырып қалдым... «Ей, мынаусы қалай-ей, вожатый болсаң қайтейін?» – деп жанына жетіп барғым келді. Бірақ өзіміздің бұрынғы Оразбай болса, ақысын жібере қоймас деп өзімді-өзім тоқтаттым. Бір қызығы, Оразбай ашуланған жоқ. Бұрынғысынша алабұртқан күйі сары қызға телміре қарап тұра берді». Осы бір көрініс әңгіменің барлық жүгін көтеріп тұр. Әсіресе мектептегі пионервожатыйдың ағасының бетінен шапалақпен салып жібергендегі Жабайдың әсері... оқырманды еріксіз күлдіртеді. Қысқасы, бұл әңгіме жасөспірімдерге арнап жазылды дегенімізбен, оны оқығанда жаныңызға шуақ құйылып, өмірге деген құштарлығыңыз артып, бір тамаша көңіл-күйді бастан кешесіз. Ех, жиырма жас!